АҚШ Конгресінің өкілдер палатасы құны 1,9 трлн доллар болатын «Американы құтқару жоспарын» мақұлдады. Құжат елде әртүрлі реакция тудырды және республикашылдардың қарсылығына қарамастан мақұлданды. Демократтар Байден ұсынған жоспар індеттің экономикаға кері әсерін жояды десе, республикашылдар қомақты қаражат құю қалпына келе бастаған экономиканы регреске әкеледі дейді.
Американың ұлттық экономикаға көмек жоспары әлемде коронавирустың өршуі «пандемия» деп танылғаннан бір жыл өткен соң қабылдап отыр. Құжатқа президент Джо Байден бүгін қол қойды. Осылайша АҚШ үкіметінің кейінгі жылда экономиканы ынталандыруға бөлген қаражаты 6 триллион долларға жуықтайды. Жобаны сынаушылар мен республикашылдардың басым бөлігі Байден ұсынған жоспардың ауқымы тым кең және ақшаның бір бөлігі коронавирусқа қатысы жоқ мәселелерді шешуге жұмсалуы мүмкін деп қауіптенеді.
Қаражат коронавирусқа қарсы вакцина егуге, шағын бизнесті қолдауға, жұмыссыздар мен баласы барларға төленетін жәрдемақыға жұмсалмақ. Америка ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл көмек отбасылардың шамамен 90%-ын қамтиды. Яғни қаражаттың жартысынан көбі – шамамен 1 трлн-ы жылдық кірісі 80 мың доллардан аспайтын азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ел тұрғындарының 85%-ына 1,4 мың доллар қарастырылған.
Қыркүйекке дейін қосымша азық-түлік көмегі бағдарламасына бөлінетін қаржы 15%-қа өседі. Кәмелетке толмағандардың ата-аналары үшін тағы бір жыл салық шегерімдері ұлғайтылды: алты жасқа дейінгі әр балаға 3,6 мың доллардан, алты жастан 17 жасқа дейін 3 мың доллардан.
Жергілікті билік органдарына 350 миллиард доллар, бастауыш және орта мектептерге 120 миллиард доллар, кафелер мен мейрамханаларға шамамен 30 миллиард доллар субсидия бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша қаражат тұрғын үй мен жұмыс орындарын жалға беруді субсидиялауға және ипотекалық төлемдерге бөлінеді.
Коронавирусқа қарсы вакциналарды өндіру және тарату шығындары $20 млрд-қа, тестілеуге бөлінетін қаржы $50 млрд-қа артады. Кәсіпорындар үшін қызметкерлерге салық төлеу шарттары жеңілдетіледі.
АҚШ елдің мемлекеттік қарызы 28 трлн долларға жетсе де, қарыз нарығында жоспарды жүзеге асыру үшін қаражат алуды жоспарлап отыр. Республикашылдар Байденнің бұл жоспары инфляцияның өсуіне және ақшаның құнсыздануына әкеледі деп санайды. Ал бұл бірінші кезекте орта тапқа қауіп төндіруі мүмкін.
Бұған дейін экс-президент Дональд Трамп құны $0,8-ден 1,8 трлн-ға дейін жететін «Make America great again!» экономиканы қалпына келтіру жоспарын ұсындған болатын. Ол пандемияға байланысты шектеулерді біртіндеп алып тастау идеясына негізделген.
Трамп экономиканы қалпына келтіру бойынша $1,4 трлн және $0,9 трлн-дық екі заңға қол қойды. Үш айлық партияаралық талқылаулардан кейін қабылданған екінші құжат ережелерінің қолданылуы биыл 14 наурызда аяқталады. Трамп ұсынған жоспар нәтижесінде жылдық кірісі 75 мың доллардан төмен әр азаматқа 600 доллардан беріліп, мемлекет қордан 166 миллиард доллар жұмсады. Сонымен қатар, компаниялар несие мен салық жеңілдіктерін төлеуге субсидия алды.