Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасы жарылғалы бір жарым жыл өтті. Алайда министр уәде еткен оқ-дәріден тазарту операциясы әлі аяқталмаған.
Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев 22 желтоқсанда Орталық коммуникация қызметінде өткен брифингте редакция тілшісінің оқ-дәріні көшіру туралы сұрағына:
«Біз оқ-дәрілердің негізгі бөлігін Арыстан алып кеттік. Бірақ басқа қоймалардың жағдайы жеткілікті болмағандықтан, жұмыс уақытша тоқтады. Ең қуатты, қауіпті қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді өзге қоймаларға тараттық. Қазір Арыс қаласындағы қоймаларда тек инженерлік оқ-дәрілер қалды. Бұлардан төнетін қауіп жоқ. Басқа қоймалар дайын болған соң жұмыс жалғасады», – деп жауап берді.
Он жылда бір емес, төрт мәрте жарылып, оннан астам адамның өліміне себеп болған қоймадағы оқ-дәрінің көлемі жайлы мәлметті министр «құпия» дегенімен, кешкісін жазбаша жауап берді. Мәселенің мән-жайынан бейхабар болғандықтан «құпия» дей салды ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 5 шілдеде оқ-дәріні көшіру жұмысы басталған. Сол кезде министр Ермекбаев он айда толық көшіруге уәде берген:
«Жалпы, бүгінде нақты кесте бар. Оған сәйкес, 28 мың тонна оқ-дәрі шығаруымыз қажет. Ол, шамамен, 817 вагон. Жоспар бойынша барлық жұмыс 2020 жылдың мамырына дейін толығымен аяқталады»
Осы сөзін еске салғанда «Бәрін алдын ала білу, өкінішке қарай, қиын. Біз осындай жоспар жасаған кезде басқа қоймалардың техникалық мүмкіндігін есепке алдық» деді ол. Министр оқ-дәріні тасымалдау барысында қауіпсіздік мәселесіне мән бергенін айтып, ағынан жарылды. Министрдің оқ-дәрі көлемі мен аяқтау мерзімі де өзгеріп сала берді. Бастапқы жоспардағыдай 28 мың тонна емес, 32 053 тоннаға ұлғайған (817 вагон емес, 962 вагон) қару-жарақты белгіленген он айдың орнына екі жылға ұзағанын көруге болады.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің QT редакциясына берген ресми жауабында 19,7 мың тонна қару-жарақ пен оқ-дәрі тасымалданғаны айтылады. Десе де қалған қордың толықтай қашан көшірілетіні нақты емес. Минситрлік дедлайн мерзімін кейіннен хабарлауға сөз берді.
Қауіпті саналатын зымыранды-артиллериялық қару-жараққа арналған 4095,14 тонна оқ-дәрі түгел 53 вагонмен шығарылған. Бірақ 845 вагонға жүк болатын 26,1 мың тонна инженерлік оқ-дәрінің жартысынан сәл астамы, яғни 14,4 мыңдай тоннасы (421 вагон) және құрылғы жинақтары мен оқу-жаттығу дәрілеріне жататын 1858 тоннаның 1260 тоннасы көшірілген. Барлығы 32 мың тонна қарудың 19,7 мыңы ғана тасымалданған, қазір 12 308,26 тоннасы (инженерлік оқ-дәрілер – 11 710,26 тн./424 вагон, құрылғы жинақтары мен оқу-жаттығу оқ-дәрілері – 598 тн./32 вагон) Арыста қалып отыр. Бұдан өзге оқиға кезінде қанша снаряд, оқ-дәрі және қару-жарақ атылғаны белгісіз.
«Қарулы күштерде қару-жарақтар мен оқ-дәрілердің сақталуына ерекше назар аударылады. Арыстағы оқиғадан кейін ҚР ҚК қару-жарақтар пен оқ-дәрілерді сақтау объектілерін жетілдіру бойынша кешенді жоспар әзірленген болатын. Осы жоспарға сәйкес барлық қоймалар елді мекендерден жетіклікті қашықтықтықта орналасатын болады. Олардың саны мен нақты орналасқан жері таратуға болмайтын мәлімет санатына жатады», – делінген ресми жауапта.
Былтыр, 2019 жылғы 24 маусымда 45 мың тұрғыны бар Арыстағы әскери оқ-дәрі қоймасында алапат жарылыс болған. Салдарынан төрт адам (екеуі – әскери, біреуі – бейбіт тұрғын, бір бала эвакуациялау кезінде жол апатынан мерт болды) қазаға ұшырады. Сонымен қоса, онмыңдаған адам үй-жайын тастап көшуге мәжбүр болып, 7527 үй мен 103 көпқабатты тұрғын үй зақымданған еді.