Күні кеше, қазанның 11-і Түркістан облысында Арысқа жақын маңда (қаладан 60 шақырымдай жерде) орналасқан полигонда әскери қызметкер қаза тапты.
ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ақпараттық хабарламасында» көрсетілгендей, «оқ-дәрілердің жиналған фрагменттерін жою бойынша жоспарлы жұмыс барысында оқ-дәрі фрагменті» жарылып, топ жетекшісі, әскери бөлімнің инженерлік қызметінің бастығы, майор А.С.Ақышев «ауыр жарақат алып», көз жұмған.
Ведомство оқиғаның жай-жапсары анықталып жатқанын, полигонда тергеу тобы жұмыс істеп жатқанын хабарлады. Олардың сөзінше, «полигонға жақын орналасқан қала тұрғындарына қауіп төндірмейді», алаңдауға негіз жоқ.
Хабарламада Қорғаныс министрлігі қаза болған әскери қызметшінің туыстары мен достарына көңіл айтып, әрі оларға үкімет жағынан барлық қажетті көмек көрсететіні айтылған.
Естеріңізде болса, маусымның 24-і Арыс қаласында әскери қойма жарылып, салдарынан төрт адам қаза тапқан. Ресми дерек бойынша, ондағы оқ-дәрінің 70 пайыздан астамы жарылып кеткен. Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігі бүлінген.
Арыс қаласында әскери қойма аумағында 5 шілдеде қаладағы «қалып қалған 1-2 снаряд жарылып, артынша өрт шыққан, ал 13 қыркүйек оқ-дәрі бөлшектері жарылып, төрт әскери жараланса, 21 қыркүйек он сапер жараланып, үш әскери қызметкердің ауыр халде ауруханаға жеткізілген болатын. 2009 жылдан бері Арыста төрт рет жарылыс орын алып, салдарынан өткен жұмадағы майор Ақышевті қоса есептегенде 12 адам көз жұмған: 2009 жылдың наурызы – төрт кісі, 2014 жылдың маусымы – 2 адам, 2015 жылдың қарашасы – бір кісі, 2019 жылдың маусымы – 4 адам.
Биыл 24 маусымдағы 45 мың тұрғыны бар Арыс жұртының жүрегін шайлықтырған алапат жарылыстан кейін қорғаныс министрлігі әскери оқ-дәрінің қалған 30 пайызы түпкілікті түрде түгел көшірілетінін мәлімдеген еді. Көшіру жұмыстары алдағы жылдың мамыр айында аяқталуы тиіс.