Бүгін, 2 желтоқсан ОКҚ алаңында өткен онлайн-брифингте The Qazaq Times редакциясының тілшісі қойған сауалына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сертіне беріктігін «қадап» айтты.

«Біріншіден, Алаш мұражайы жөнінде мен ешкімге уәде берген жоқпын. Одан кейін мен уәде берсем орындаймын!»  – деген «дағдарыс менеджері» өктем сөйледі.

Бірақ Сапарбаев ақпандағы уәдесін ұмытқан тәрізді.

Биыл 19 ақпанда әкім халыққа есеп берген жиында «...былтыр Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған нысандардың құрылысы да жалғасады, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің екінші кезеңі аяқталады. Қазақ хандығы ескертішінің аумағына мұражай салынады. Сондай-ақ Алаштану орталығының құрылысы басталады», – деп сүйіншілеп уәде берген.

Бұл туралы жергілікті және республикалық БАҚ беттерінде жарияланды.

Міз бақпады ма, әлде ұмытып айтты ма, әйтеуір «тәжірибелі мемлекет қызметшісі» өзіне сенімді сөйледі.

Қордай оқиғасынан үш күннен, тағайындалғанынан тоғыз күн өткеннен кейін Бердібек Сапарбаев халыққа есеп бергені есімізде. Сонда Алаш  мұражайын салуға, мәдени өмірді жандандыруға сөз берген ол жобаны іске асырмақ түгілі есіне түсіре алмады. Соған қарағанда өзінен бұрынғы әкім Асқар Мырзахметтің дайын баяндамасы негізінде оқыған тәрізді деп топшылаймыз. Қазақ-дүнген қақтығысынан кейін «өрт сөндіруге» дереу келген әкімнің бұл жайтты жан-ділімен сезілмегені байқалады.

Бұл жоба әкімнің есінде болмағанымен, облыс әкімдігінің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының сол кездегі басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың айтуынша, Алаш мұражайы туралы экс-әкім Мырзахметтің тұсында ұсынылып, қолдау тапқан. Тіпті Алашорданың 100 жылдығы мерейтойы кезінде жинақталған тарихи-мәдени мұралар мен экспонаттар музейге қою мақсатында жыл басында басқарма бастығының құнттауымен қайта толықтырылған. Қысқасы, мұражайдың жаймасөрелері мен витриналарына қойылатын жәдігерлер әзірленіп қойылған.

Тамыз айында зейнет жасына байланысты қызметінен босаған Бықыбаев «Әу баста Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіштерінің артынан екі-үш нысан ашу жоспарда болған. Кейін 15 наурыздағы президент Тоқаев пен Үкіметтің шешімімен «Қаржыны үнемдеу керек» деп айтылғаннан кейін біраз жобалар тоқтады. Соның ішінде мұражайдың құрылысы да кіреді. Бірақ мұражайдың барлық макеттері мен сызбаларын даярлап қойдық. Біз тек зерттеу материалдарын, тарихи құжаттарды әзірледік. Жалпы біздің міндет ішкі жабдықтарын реттестіріп қою болатын. «Руханият» орталығы архив, музей арқылы тарихи материалдарды әлі де жинақталды. Жобалық смета даярланған жоқ», – деді.  

Сонымен қоса, бұрынғы басқарма басшысы өңір әкімі Сапарбаевтың мұражай салуға уәде бергенін растады. Қай жылға ысырылғаны туралы сұрағанымызда ол сөзін «облыс басшыларының патша көңілі біледі» деп түйіндеді.

Осы күзде Бердібек Сапарбаев екі бірдей қымбат монументтің лентасын қиған. Ашық дереккөздердегі мәліметке сенсек, Қазақстанның экс-президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен құны 158 млн теңге болатын  «Қазақ халқына мың алғыс» монументі мен пандемияны еңсермей жатып көлемі жағынан алғашқысынан әлдеқайда үлкен «Biz Birgemiz» кешені бой көтерген. Билік саясаты бойынша бірден бой көтерген қос есткеркіштің  бюджеті мен қайдан қаржыландырылғаны белгісіз.

Пандемия кезінде тур ұйымдастыруға (соңы дерт жұққан науқастың өліміне жеткен), құны жүздеген миллион тұратын  екі бірдей алып монументке қаржы үнемдеуді ойламаған облыс әкімдігі неліктен Алаш мұражайының құрылысын «артық шығынға» балағаны түсініксіз.

Көптеген тарихшылар мен көпшілік шенеунік- зиялылардың Лениншіл Коммунистік Жастар Одағының 100 жылдық  мерейтойын атойлатып, ал Алашорданың 100 жылдығын  жетім қыздың тойындай елеусіз өткізгенін көп сынаған.

"The Qazaq Times"