Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы әскери қоймада болған жойқын жарылыстан ең қатты зардап шеккен – Қайнар ауылы. The Qazaq Times тілшісі әскери бөлімнен жарты шақырым жерде орналасқан шағын ауылға арнайы барып, алапат жарылыстан кейінгі ахуалды біліп қайтты.
Жұртты үрейге салған жойқын жарылыстан кейін де небәрі 20 шақты түтіні бар ауыл көшірілмейтін болды. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 30 тамыз күні редакция тілшісіне берген жауабында айтты.
Журналист тілдескен ауыл тұрғындары «қираған үйді қалпына келтіріп береміз» деген билік әрекеті «қисынсыз» деп есептейді. Олар шаңырағы ортасына түсіп, қабырғалары жарылған үй «жөндеуге жарамайды, бізге жаңа баспана салып берсін» деген мәселе көтеріп отыр. Қайнарлықтардың кейбірі ауылда қалуға құлықсыз. Өйткені ірілі-ұсақ толқындарды бірге есептегенде, кемінде 20 мәрте жарылған алапат апаттан жүрегі шайлығып қалған.
Қайнар – Байзақ ауданы Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты шағын елдімекен. Тұрғыны жүзге жетпейді, ауылда 19 түтін бар. Темір жол жағасында орналасқан шағын ауылға жойқын жарылыс болған №28349 әскери бөлім тиіп тұр. Тұрғындары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Бұдан бөлек, қайнарлықтар арасында әскери бөлімдегі жұмыс істейтіндер де бар.
ЖАРЫЛЫС КҮНІ
45 жастағы Дәурен Ділімбетов әскери бөлімде азаматтық қызметші болып жұмыс істейді. Бес баласы бар. Айтуынша, ол жарылыс болған сәтте жұмыстан келіп, үйінде жатқан.
– Жұмыстан келіп, бала-шағаммен үйде жатқанмын. Сағат кешкі 18:30-ға қарай әскери бөлім жақтан алғашқы түтінді байқадық. Қап-қара түтін. Басында оқу-жаттығу шығар деп ойладық. Ай сайын сынақ болып тұратын. Сондай сынақтардың бірі шығар деп, аса мән бермей, үйге кіріп жаттым. Бір кезде қатты дүмпу естіліп, терезе шағылып түсті. Тұра сап далаға қаштық. Шықсам айнала шаң, түк көрінбейді. Айқайлап жатып бала-шағаны тауып, Таразға қарай қаша жөнелдік. Құжатымызды да алып үлгермедік. Жаяу қаштық, – дейді Дәурен Ділімбетов.
Оның сөзінше, алғашқы жарылыс шамамен кешкі жетіден аса болған. Қайнарлықтар сол алғашқы дүмпуден кейін-ақ ауылды тастап, Таразға қарай қашып кеткен. Айтуларына қарағанда, оларды ешкім эвакуацияламаған. Әркім өз бетінше бассауғалаған.
ЖАРЫЛЫС ЗАРДАБЫ
Ай мен күннің аманында жойқын жарылысты бастан өткерген ауылдағы балар мен аналардың қорқынышы әлі басылмаған. Жергілікті билік «қауіп сейлді» дегенмен, қайнарлықтар әскери бөлімнен алыста тұрғысы келеді. Сол үшін ауыл тұрғындары әкімдік өкілдеріне «бізге басқа жақтан баспана салып берсеңіздер немесе үй алуға жететін қаржы бөлсеңіздер» деген тілек айтыпты. Ауылдағы 19 түтіннің 15-і көшуге ықылас танытқан. Алайда әкімдік тұрғындардың бұл бастамасын қолдамай отыр.
Қайнарлықтардың айтуынша, билік әуелде «қираған үйлерді сүріп, жаңадан соғамыз» деген. Бірақ кейін «күрделі жөндеуден өткізіп береміз» дегенге көшкен.
–Қираған үйлердің төбесін ауыстырып, жөндеп береміз деп отыр. Оған келіспеген едік негізі. Бірақ әкімдік өз айтқанын істетпекші. Бізбен сөйлесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі келген жоқ. Құрылыс саласы бойынша кеңесшісін жіберіпті. Ол бізге "шешім қабылдадық, үйлердің қабырғасын қалдырамыз, төбесін ашып, қайта жауып береміз" дейді. Бірақ қабырғаның өзі жарылып кеткен. Іргетасы да сау емес, – дейді Қайнар ауылының тұрғыны Қосбек Серкебаев.
Төбесі опырылып, қабырғасы жарлып тұрған үйлер «жөндеуге жарайды» дегенге сенбейтіндердің бірі – Сүйіндік Әбдіғаппар. Ол екінші топтағы мүгедек, екі басты ескі үйдің бір басында әйелі екеуі тұрады. Жойқын жарылыстан үй қирап қалған.
–Мына үйді қалай жөндеп беретінін түсінбеймін. Қирап қалған ғой түгел. Жөндегенімен көп ұзамай қайта бүлінуі мүмкін. Сол кезде әкімдіктің бірде-бір өкілі кінәні мойнына алмайды. Сондықтан жаңадан үй соғып берсе екен, – дейді Сүйіндік Әбдіғаппар.
Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев 29 тамызда тілшілерге берген сұхбатында жарылыс салдарынан 106 тұрғын үй, 12 кәсіпкерлік нысан бүлінгенін айтқан. Оның сөзінше, олардың 35-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әкімдік пен Үкімет коммиссиясы жөндеу жұмыстарына қанша қаржы қажет екенін анықтап жатыр. Қаржы бөлінген соң жөндеу басталмақ. Сапарбаев «екі ай ішінде бүлінген, қираған барлық үй қалпына келтіріледі» деп уәде берді.
БАСПАНАСЫЗ ҚАЛУ ҚОРҚЫНЫШЫ
Қайнар ауылының Марат Тұяқбаев есімді тұрғыны редакцияға «қираған үйлерді қалпына келтіруге келген белгісіз мердігердің доқ көрсеткенін» айтып берді. Оның сөзінше, тұрғындармен дөрекі сөйлескен мердігер «біздің талбымызға келіспесеңіздер, үйлеріңіз осы қалпында қалады. Жаңа үй сұрап отырғанда, қираған баспаналарыңызды да жөндеп бермей қоямыз» деп айтқан.
Сол сөзден үрейленген қайнарлықтардың кейбірі «жаңадан салынуы қажет» үйін жөндетуге лажсыз келіскен. Қазір төбесі опырылып қалған үй иелері билік құрып берген «палатканы» паналап жатыр. Тұрғындар екі жыл өтсе де әлі үйін жөндете алмай жүрген кейбір арыстықтардың күнін кешіп қаламыз ба деп қорқады.
Қайнар тұрғындарының мәселесін тыңдап болған соң, редакция тілшісі құрамына осы ауыл қарайтын Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Асқар Қондыбайұлына кезікті. Әкімнен қайнарлықтардың көшу туралы бастамасының қолдау таппау себебі сұралды. Ол бұл мәселені төтенше жағдайға байланысты құрылған штаб қарастырғанын жеткізді. Ауылдық округ әкімі тілшінің «Төбесі опырылып, қабырғасы жарылған үйлер неге жаңадан соғылмайды?» деген сұрағына да мардымды жауап бере қойған жоқ. Оның сөзінше, бұл мәселені құрылыс жөніндегі сарапшылар шешкен.
26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Соңғы ресми дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 15 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен бір адамды әлі іздеп жатыр.
Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.