Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жойқын жарылыстан қираған, бүлінген үйлерді билік екі ай ішінде қалпына келтіріп бермек. Ал жарылыстан ең қатты зардап шеккен Қайнар аулының тұрғындары баспанасы қалпына келтірілгенше, жергілікті билік құрып берген палатка мен туған-туыстараның үйінде тұрады. Бұл жөнінде 29 тамызда оқиға орнында жүрген журналистердің сұрағына жауап берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. 

Жедел штаб кеңсесіне барған The Qazaq Times тілшісі әкімге "Қайнар ауылындағы үйі бүлінген отбасылардың балалары оқу жылын қалай жалғастырады? Үй құрылысы аяқталғанша уақытша интернатта жата ма?" деп сұрады.

– Олар осы уақытқа дейін қалай оқып келді, солай оқуын жалғастырады. Мен жаңа айттым ғой, олардың үйлерінің алдынан палатка құрамыз, сол жерде тұрады. Оған қосымша өздерінің ағайын-туыстарының үйінде тұратын болады,– деді Сапарбаев.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Оның айтуына қарағанда, жарылыс салдарынан барлығы 118 нысан бүлінген. Оның ішінде 106-сы тұрғын үй, қалған 12-сі коммерциялық нысан.

"106 тұрғын үйдің ішінде 35-ін күрделі жөндеуден өткізу керек. Қалған 71-і қатты бүлінбеген. Бүгіннен бастап қалпына келтіру жұмыстары басталады. Екі ай ішінде жұмысты толық бітіреміз. Үкімет құрған коммисия қалпына келтіру жұмыстарына қанша қаржы керек екенін анықтап жатыр" деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбатында.

Сапарбаев сөзінше, жарылыс салдарынан үш мектеп пен бір медициналық пункт зақымдалған.

"Жібек жолы ауылындағы мектеп қатты бүлінген. Ол 1956 жылы салынған ескі мектеп. 118 бала оқиды. Орнына жаңа мектеп салу жөнінде шешім қабылданды. Ал Үшбұлақ пен Базарбайдағы мектептер қатты бүлінбеген. Екі мектепті жергілікті демеушілердің көмегімен қалпына келтіріп жатырмыз. 1 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтаймыз. Сонымен қатар бір медициналық пункт бүлінген. Оны да бір аптаның ішінде қалпына келтіреміз" деді Сапарбаев.

Жамбыл облысында жүрген редакция тілшісі жойқын жарылыс болған әскери бөлімнен жарты шықырым жердегі Қайнар ауылына барып, тұрғындармен тілдеспекші болған. Бірақ ауылға кірер жолды әскер күзетіп тұр, БАҚ өкілдерін Қайнарға қарай жібермейді.

Қайнар ауылына апаратын жолды күзетіп тұрған әскерилер. 2021 жылдың 29 тамызы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Алматы-Тараз трассасынан Қайнар ауылына қарай бұрылатын жол. 2021 жылдың 29 тамызы.Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Қайнар ауылына қарай кетіп бара жатқан әскери көлік. 2021 жылдың 29 тамызы. Фото: QT / Күлтегін Аспанұлы

Тілшінің айтуынша, жарылыс қаупі сейілді ме деген сұраққа жауап беретін Қорғаныс министрлігінің өкілдерімен тілдесу мүмкін емес. Сондықтан журналистер бұл сұрақты облыс әкімі Сапарбаевқа қойған.

"Қауіп толық сейілді деп айтуға болады. Бірақ енді "болады" я "болмайды" деп айтуға тағы да болмайды. Себебі жұмыстар әлі жалғасып жатыр. Барлығы 185 гектар жер. Оны толығымен тексеріп бітіруі керек. Сол кезде толық сейілді деп айтуға болады. Бірақ қазір ол жерде өрт жоқ, тек аздаған түтін бар. Жарылыс жоқ, тоқтатылды деп айтуға болады" деді Сапарбаев.

Облыс әкімі қайтыс болған азаматтардың отбасына заңға сәйкес өтемақы төленетін айтты. Бірақ нақты қандай мөлшерде өтемақы берілетіні әлі белгісіз.

26 тамыз кешкісін Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы №28349 әскери бөлімі аумағында орналасқан оқ-дәрі сақталатын қоймада жарылыс болды. Соңғы ресми дерекке сай, төтенше оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, 98 адам зардап шеккен. Оқиға болған кезде хабар-ошарсыз кеткен үш адамды әлі іздеп жатыр.

Ондаған адамның өмірін жалмаған жойқын жарылысқа не себеп болғаны әлі белгісіз. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың топшылауынша, жарылысқа қоймада қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, я химиялық реакциямен өздігінен тууы немесе диверсия себеп болуы мүмкін.

The Qazaq Times