Бүгін қазақ поэзиясының өмірден ерте озған жарық жұлдыздарының бірі Жұматай Жақыпбаевтың өмірден озған күні. Сондай-ақ, биыл классик ақынның өмірге келгеніне 75 жыл толып отыр. Жұматай ақын өзінің жан тербетер жырларымен, сырлы лирикаларымен, өлеңдегі әсем де терең бояуымен оқырманын көп тапқан ақынның бірі. Ол сондай-ақ, қазақ поэзиясында кейінгі буын қаламгерлер аузынан тастамай айтып жүретін кейіпкер жасап кеткен қаламгер. Ақынның «Ләйласы» бір дәуірдегі ақын мен «Музаны» бейнесе, жас буын ақындар «Жұматайдың Ләйласы» деп жырларына  тиек ететі. 

Ж. Жақыпбаев өмірден ерте озғанымен бай лирикалы, терңе сырлы жырлары қалың оқырманымен бірге жасап келеді.  

 

 

ҚАСОҚ ҒАЗАЛДАРЫ

 

***

 «Я помню чудное...»

А.Пушкин

 

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем?

Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?

 

Байлық менің тие алмайды жыныма,

Құдайсызға керегі не пітірдің?

Мені егер де көзге ілмесе құбыла,

Онда мен де құбылаға түкірдім.

 

Менің жаным мейірімге құмар тым,

Достарым көп шалқар көңіл, сайын үн.

Жез шығатын жерден шыққан бір алтын

Жымиысын жиямын деп байыдым.

 

Биік әнді сүйе алмайды өзге ерін,

Мұндай бақты тұра алады кім ұстап?

Мен бір гүлдің гауһар мінез сөздерін,

Жүрегіме құйып жүрмін уыстап.

 

Соны көрем өңімде һәм түсімде,

Әлемге үлгі көрсетеді ол әлі.

Ол өкімет орнатқан бақ ішінде,

Әкімдіктен ақындық шен жоғары.

 

Бір күлермін ғарыш жаққа кетерде,

Көп кещеге қай бетіммен кектенем?

Бізге өлімнің қолы, сірә, жетер ме,

Мұқағали, Төлегенге жетпеген?!

 

 

ҚАЗАНҒАПТЫҢ ҚҰРДАСЫ АЙТЫПТЫ

ДЕГЕН СӨЗ

 

Сабасы қылды наланың замана мұны,

Шаппайбер шықты шанақта жараған мұңы.

Арқауы ауыр тұмандай туады бір күй,

Әйелі ерге, ер жерге қараған күні.

 

Ми қосар сазды сақтайтын, әрине, халық,

Әрине, халық күйге елтіп, нар игені анық.

Кемпірқосақтай көңілінің бір тіні –баран,

Көрінбей тұрса, үн тыңда қара үйден барып.

 

Жесірін тартып алғандай құдайдың ер ұл,

Жабырқап өсті жас ғұмыр шырайлы небір.

Жер кене қырттар жабылса жетесіз, ессіз,

Атылған құстай аспаннан құлайды көңіл.

 

Жарықсыз өтер жақсыны көрместің күні,

Хан тағына да көңілін берместің мұңы –

Қазанғап күйі сананың қайрағы емес пе?

Қайраққа қылыш өтпейді –өлместің бірі!

 

Көкейді тескен тірліктің білгенге мәні,

Көп емес пе еді? Көк мидың бір демде бәрі:

«Өрісте малы, өкімі, билігі жоқтың,

Сүйегіндегі жүйріктік кімдерге дәрі?

 

«Қазанғап кімге шікірә?» –дегенге шықты,

Арнадан асты, намысым кемерден шықты.

Қақ тұрмас жерге қасарып жалғыз өспесе,

Әулие деп неге байлаймыз еменге шытты?

 

Қайраным аз ба?

Бар менің мұныңа таңым,

Біріңе мінез жетпейді, біріңе тәлім.

Құл менен күңше күңкілдеп күн кешпес үшін,

Әулие ағаш секілді ұлыңа табын.

 

Тоқымы кеппес ұры әлде ұрдажық па еді?

Аққа құн кессе, бағыда би жазықты еді.

Күйеудей кішік күйшіңнің көргені түрткі,

Атаңның көрін ақжүрек күй қазып па еді?

 

Әспеттеп күйін жүрдің бе, құрметтеп әнін,

Бір бетке жасың жиылып, бір бетке кәрің?

Ебіңнің бәрін еңсесін езуге жұмсап,

Қоңторғай аттай су жал қып мінбек пе ең бәрің?

 

Бас қосар сазды сақтайтын, әрине, халық,

Әрине, халық күйге елтіп, нар игені анық.

Кемпірқосақтай көңілінің бір тіні –баран,

Көрінбей тұрса, үн тыңда қара үйден барып.

 

Несі адамдар–не қылар келгенде қырын,

Жер таба алмас күйлерін көмгенге мұның.

...Ауруға басын көтерткен, аруға – қасын,

Домбыра көрге түспейді сендерден бұрын!

 

 

БОЗЖІГІТТІҢ ЖЕҢЕШЕСІНЕ

АЙТҚАНЫ

 

Тартылса көкке тарқатар жүрегі шерін,

Қайырған құстай қайта ұшсам түлегіш едім...

Қара Ертіске қаншама самолет келді,

Ішінде мен жоқ боламын үнемі соның.

 

Кем құрбыма да кей кезде ел теңесе дедім,

Теңдік жоқ жерде келмейді егесе бергім.

Қара да кетті Ертіске, сары да кетті,

«Бозжігіт» қайның жоқ онда, жеңешем менің.

 

Жылқышы жинап Жидебай бауырына гүлін,

Сайды да бүгін той алар, тауды да бүгін.

Барғызбасым бар екен, барғызбай қалды,

Бармаған едім Ақынның ауылына бұрын.

 

Бекерден бекер бола ма адам өкпелі,

Алқалы топпен жөн еді ел ала кеткені...

Мінім мен мұңым көп еді, ат, айғыр емес,

Көтере алмас болған ғой самолет мені.

 

Торығу күтер той-жиын сағынған ерді,

Жеңеше, менше ешкімге жалынба енді.

Не күтпек, қайдам, қайтарып сапының жүзін,

Бұйда пышақ беліне тағынған елді?!

 

Өкпе-наз өлең ауылында кездесе берер,

Өлтірмек мұндай сынына төзбесең Өнер.

...Жеңеше, Абай қажыға жетер-ақ еді,

Мекені Меке боларын сезбесе егер.

 

АРЫСҚА БАРҒАНДА

(Зуфарға)

 

Бір ғажап сурет көрдім деп ертең мақтанам,

Бөгеннің жері бөлектеп маған сақтаған.

Ер Қыпшақ Еділ Европадан да көрмеген,

Жалайыр Мұқылай таңғұттардан да таппаған.

 

Аптабы тандыр лебінен артық өңір бұл,

Арысқа келіп аңырып қалған жерім бір.

Инелік көрдім шұғынық гүлдей қып-қызыл,

Инелік көрдім тоты құстардай көгілдір.

 

Алысқа емес, Арысқа келіп жетіп ем,

Адамы түгіл, жәндігі ғажап шетінен.

Көгілдір, қызыл бояуша олар ұшады,

Лимонад түстес саржасыл судың бетімен.

 

«Түлендей жылтыр балықшы достар жанықты,

Көрдім мен сонда қап-қара лақа балықты.

Ақынның көзі түспеген білем бұған да,

Лақадан қазір кез келген бақа даңқты».

 

Арысым –әкем, әкемдей бағып-күтті енді,

Арқалап қайттым Бөгеннен нәзік жүктерді.

Атаңнан қалған алты Арыс жері болмаса,

...Көрерсің қайдан көгілдір инеліктерді?!

 

ҒҰНДАРДЫҢ ЖҮРЕГІ

                         «Замолкни и вслушайся в топот табунный,

                          По стертым дорогам, по травам сырым,

                          В разорванных шкурах бездомные гунны,

                          Степной саранчой пролетают на Рим...»

                                                                             Павел Васильев

 

Вокзалға қарай бұл елді кім бөріктірді?

Көрікті елдің құшағын гүл көміп тұрды.

Бақтияр, Еділ киетін сусар бөрікпен,

Күржістанға керік қас ғұн келіп кірді.

 

Арналды ғұнға күржінің әуені, үні,

Артынан сөзі жетті Оған, әуелі гүлі.

Мың ауызбенен атағын аспанға атты,

Құрсағын қанжар сәндеген тау елі мұны.

 

Өткендей болды біржола мұңды әннің шағы,

Кіргендей болды мәулен бас шыңдардың сәні.

Орыстық ұлы Ордадан осында келген,

Шәйірді қайран қалдырды ғұндардың шалы.

 

Көкжанар ақын көрмеген жыр, әні кеміп,

Тоқсанға келген, жаны жас бұланы көріп,

Бұланың бұлттай мұңданып дірілдегенін,

Қасында жүріп көрді де, жылады келіп...

 

Суалтты бір дерт жыр, әні суалмас ұртын,

Мәжнүнді мұндай ешқандай туа алмас ұлтың.

Айкүмістерді алты орап алатын сұлу –

Күржінің қызы-ай, ондай жан туар ма, шіркін!

 

Дірілдер бір сәт туды кеп бұл ерінге де,

Өлген жоқ, тірі. Үзеді күдерін неге?

Қыза келгенде: «Қызыңды... Сталин...» –деген,

Бөркімен кірген еді-ау ол Кремльге де.

 

Басталды қайта біржола мұңды әннің шағы,

Шулардың мәні қалмады, шыңдардың сәні.

Ғашық боп қалды, аруды алғысы келді,

Тоқсанға келген екейлік ғұндардың шалы.

 

...Ару, ақ таңым. Мен бүгін жаралы ғұның,

Қобыз кеуденің зарлатқан саналы қылын.

«Әкемдей жансыз...бір түрлі...сүйемін» дейсіз...

Сол сөзің мені өлтіріп барады, Күнім.

 

Өлмедім, қалдым өзіңді көргенде мана,

Көктен де қара көзіме, жерден де қара.

«Сүйемін» дейді отымен, нұрымен барлық...

Ғұн, қалқам, ғашық болмайды өлгенде ғана.

 

 

АҒА

(О.Сүлейменовке)

«Қалай, –деп, –ағам?» –қарадым аспанға кілең,

Бағасын жұлдыз көрсетті бас бармағымен.

Қасоққа*әкеп береді балық пен суын,

Іле өзені Қытайдан басталғанымен.

 

Ағам да сондай. Алысты жақынға балап,

Қақтырған біздің намыс пен ақылға қанат.

Дешті – Қыпшақтан кеп, Игорьге орысша сөйлеген

Тұрғандай болам сауытсыз батырға қарап.

 

Әр елдің өзін өзіне білгізер ері,

Бағыда туса, қуанып мұңды жыр елі,

Байбақты Сырым батыр да батасын беріп,

Кенеағаң күрең арғымақ мінгізер еді.

 

Сонымен биік, өр сұлу, фәниге қара,

Ол барда тілсіз болмайды, әрине, дала.

Көше көп жаңа, тек биік қасоқтың атын,

Бергендей емшек береді ел сәбиге ғана.

 

Арттыра берсін білгеннің қадірін өлең,

Марғұлан айтса ақылы, сабыры кенен,

Богдыхан қызын беретін Үйсіндер кеше

Елге таң, ірі ұланын Тәңірі деген.

 

Ер, көне тайпа дәстүрі оралса кері,

Қасоқтың және қасоққа жоғалса-ау кегі.

...Тәңірің сенің көбейсін, тәкаппар елім,

Алдымен сені жарылқар, сонан соң мені.

 

                                               *Қасоқ –қазақ сөзінің түп-төркіні (автор).

 

ҚАСОҚ ҒАЗАЛДАРЫ

1

Қиырдан шыққан қырғынға үлгіре білген,

Аламан қолы атына дүрліге мінген

Жалайыр Бала нояндай Мәлік хан менен

Жалаләддинді қуам деп Үндіге кірген.

 

Шаңдатқан ішін сан қала, қалашықтардың,

Көз жазып жаудан, жаурынмен бал ашып та әр күн,

Жаутаңдап қалған нояндай Сені ойлап жүріп,

Бар мақсат, арман-мүддемнен адасып қалдым.

 

Көзіме келіп тигендей жасынның ұшы,

Ашылды сырым, қайсардың басылды мысы.

Қыңсылап үрген, ұлыған үндерге толды,

Ию да қию иткерке –басымның іші...

 

Ғашықтық тәмәм, болды ма еркелік тәмәм?

Қарардай әлем Сен құсап жеркеніп маған.

Намыс пен мұңнан Мысырға халифа болған,

Ұбақ Қыпшақтай ызадан өртеніп барам.

 

Тағдырға мынау. Таусылды ақылым, демім,

Ақырым қорлық болды ма, ақырым өлім?

Тәуіптей емдеп, тәңірдей жарылқа мені,

Ару ақ Күнім, – жұлдыздай жақыным менің.

 

2

Жаз өтті бастан, қыс қалды дедім,

жерідің менен мүлде Сен.

Ғұмырым бірден қысқарды менің,

не үшін, не деп күн кешем?

 

Кеудемде мейірім, ар-намыс барын

көрермін-дағы сорымнан.

Сұр өмір сараң алданыштарын

сыпырып алды қолымнан.

 

Көкірегіме шер толып, Тектім,

айта алмай аузым мұңды әнді,

Өкініштен Мен өртеніп кеттім,

ішімде сұп-сұр күл қалды.

 

Ішімді сұп-сұр өртеңдей, міне,

жайлады өңі өзге мұң.

Ыс иісіменен жиіркендірмей ме

күлде өскен гүлдей сөздерім?

 

3

Көріп, тыңдап қанығам,

Көңіліме гүл қаптап.

Сенің мәнің-мағынаң,

Сәуле сынды мүлде аппақ.

 

Табылмас ем, дауа да,

Бұл сезімге мұңды, отты.

Жер не, сені ауа да,

Көтеруге міндетті.

 

Шипалы бал – өң, үнің,

Гүлдікіндей беделің.

Сәл жымисаң, көңілім,

Көктеп шыға келеді.

 

Адам түгіл, тасқа ауыр,

Азабыңнан езілгем.

Жаны мөлдір жас тәңір,

Жарылқай гөр көзіңмен.

 

Сүт иісің бұрқырап,

Жүлгеше ерке жүр кейін.

Жүрегімді жыртып ап,

Кебісіңді сүртейін.

 

Кешіре гөр, жыры үлгі,

Күйші ғұнның арманы,

Міндерімді бұрынғы,

Және сосын алдағы!

 

4

Сезімдерге бөленгенде ең керім,

Жүзімізге, көзімізге нұр ұйып,

Гүл мен мұнар, кемпірқосақ еңбегін,

Бағалаймыз махаббаттан жымиып.

 

Біраз бақыт сыйлап еді жомарт күн,

Жаным, тәнім жабырқаудан тағы азды.

Ең ғажайып қазынамды жоғалттым –

Сенің күлкің бейнеленген қағазды.

 

Жаман ырым екен деп ем біртүрлі,

Ұрлады ма білмейтін жан обалды?

Мені көрсе, жарқ ететін күлкіңнің,

Ізі де жоқ, ол да кейін жоғалды.

 

Қара бақыр пұты, бұты өзгенің,

Қайқы десем, тайқы ма еді маңдайым?

Мені көрсе күрсінеді көздерің,

«Мосфильмнен» мезі болған жандайын.

 

Көк сеңгірдей көркем, сұлу ойларым,

Ұсақталды, шашылды әрі тарыдай.

Күлкіңе де қанбадым, не тоймадым,

Кетем білем қуанышқа жарымай.

 

Сезімдерге бөленгенде ең керім,

Жүзімізге, көзімізге нұр ұйып,

Мұнар мен гүл, кемпірқосақ еңбегін,

Бағалаймыз жылай жаздап жымиып.

 

5

Бір бақыттан хабар берген есті үнмен,

Тәңірімнің дауысы ма естілген?

Маңдайына тиген қолдан ес жиған,

Жаралының жаңа халін кештім мен.

 

Жүрексініп айтып тұрмын мұны мен,

Мылқаулардың мида сөйлер тілімен.

Тәңірім деп табынып ем, Тәңірім,

Оң көзіңмен қарайсың ба шынымен?!

 

Есіркей ме, соқпай ма енді көк мені?

Қанша заман іштей бір зар төккелі.

«Ақ тәніңе ауа тисе, сол ауа,

Сорлы ерінім жетпегенге жеткені.

 

Үмітсіздік ішкенімді у қылды,

Қуалайтын күн бар ма екен қу мұңды?

Боз биенің сүтіндей бет, ерінім,

Бола алмай ма хлоры бар су құрлы?!

 

 

ГҮЛ. ҚАСИДА

 

1

Бір музыка жетелейді күнде өрге,

Өрде бардай мен қойылар бір көрме.

Рахмет, жанарымнан тамған дән,

Сол бір дәнмен ділі туыс гүлдерге...

 

2

Шықтай жаннан шықпайды бір кекесін,

Шықты – бітті, шыңырауға кетесің.

Аламандай атқа мінер тап қазір,

Байлап-таңып жүреді ол шекесін.

 

Ер сайыны бола алсаңыз мына сіз,

Мен айтпай-ақ, бір көргеннен ұғасыз.

Ол бір шыны сүтке салған суреттей,

Ол бір құшақ музыкадай күнәсіз.

 

Топты ұйытып: «Тоқиық, деп, қардан бөз»,

Киімсізге жаны ашымас жаннан без.

Күн көзіндей жыланды да жылытқан,

Тап осындай мөлдір бейіл, аңғал көз.

 

Адамнан тек шығады әсем диуана,

Диуанаға жетпейтін мал – күй ғана.

Жынды дейтін ондай жанды Арқада,

Шәйір дейтін ондай жанды Хиуада.

 

Той болса деп жүрген жері, тұрағы,

Ойлағанмен, оқсатпадым бір әлі.

...Байлық жоқта балаларға шашатын,

Қобыз тартқым келеді де тұрады.

 

 

***

Өмір де бір өткен-кеткен ойындай,

Шегінбейтін шешендердің тойындай,

Шаттық арты қасіретке соғады,

Мені арбасаң көздеріңмен мойылдай,

 

Бәрі қызық, бәрі өзгеше болады.

Көйлектерің – шешпеген бір жұмбағым,

Ал, өзіңе арылмаған мұңдарым.

Ақылды боп шығуға енді талпынам.

Қылығыңмен қырық қақпан құрғаным,

Мәрем сен ең – жеткенімше алқынам.

 

 

***

Кілт басталып, сап тыйылар күлкің де,

Қырық түске арқау болды бір түнде.

Ақырында өлер болдым құмартып.

Мойныңдағы түгі майлы түлкің де,

 

Мен сияқты аш бөріден мың артық.

Даусыңды естіп, соқыр сені ұнатар,

Мылқау көріп, естімей-ақ гүл атар.

Сені көрсе, жер де, көк те түрленген.

 

Қабырғалы, қара көзді құба тал,

Майыстырып құшар ма екем бір қолмен?!

Бақ жанданар сен күлімдеп шыққанда,

Сенің сөзің даналық қой ұққанға.

 

Үнемі естіп жүрер ме екем үніңді!

Жанар жұмып жұтынғанда, жұтқанда,

Қоса жұтып қояр ма екем тілімді?!

Мен жоқ болсам, атымды айтып күбірле,

 

Мен өлмесем, жақсылықтан түңілме,

Ардақтайын жер бетінен өткенше.

Мені көрсең, шақырымнан күлімде,

Қуаныштан жер баспайын жеткенше!

 

 

***

1

Басында тәж, алтын қамқа кигені,

Қаны қара қатал еді не деген! –

Азияны Ақсақ Темір биледі,

Тірісінде ешкім ақсақ демеген.

 

Сары шөлде, далада өтіп сан күні,

Ғазал жазған, жаны сірі не деген! –

Азияда Сағди шәйір қаңғыды,

Тірісінде ешкім ұлы демеген.

 

Жұмыр жерге кімдер келіп, қайтпаған,

Сөзі жетпей қалған жоқ қой теңесе.

Шындықты жұрт қорыққаннан айтпаған,

Мүлде тіпті білмеген соң немесе.

 

2

Қалың қаудай ақ шалғымен шабылған,

Өліп бітті ақырында әскері.

Неше ғасыр бізден бұрын салынған,

Сол күйінде Гүр-Әмірдің нәштері.

 

Түк қалмады әмір мен бек, қазыңнан,

Бірге кетті қазынаға жиғаны.

Неше ғасыр бізден бұрын жазылған,

Сол күйінде Әлішердің жинағы.

 

Содан бері ізденістер көп, тегі,

Бас қатырды талай жылдар жас-кәрі.

Жаңа бояу ежелгіге жетпеді,

Жаңа жырлар ежелгіден аспады.

 

Қуаныш пен қайғы дәмін татарсың,

Шебер, сенің жанарыңда жанады от.

Жаңа дүниең ежелгі боп аталсын,

Тұрсын бірақ мәңгі-бақи жаңа боп.

“The Qazaq Times”