Қазақстан денсаулық сақтау саласындағы жүйесіздіктерді сол салада істеп жатқан мамандар емес, қайта тұтынушы ретіндегі қарапайым халық көптеп айтып, сенімсіздік танытып келе жатқанына аз уақыт болған жоқ. Себебі белгілі. Денсаулық сақтау саласында істеп жүрген мамандардың денсаулық сақтау саласын іштен сынауы, асқынған жараның іріңін шығаруы өзі отырған бұтақты өзі кескенмен бірдей. Өзі айтқан еркін пікірі үшін қуғынға ұшырауына, жұмыстан кетуі де мүмкін.

Алайда, жүйесіздікті қанша жерден жасырғанмен зардабын шегіп отырған халықтың денсаулық сақтау саласына өкпесі қара қазандай. Әсіресе әлемді дүрілдеткен коронавирусқа қарсы күрестегі министірліктің маска тағу-тақпау, қандай маска қорғайды, қай жерде тағу жайлы мың құбылған пікірлер, сенімсіз уәждер, вакцинаны міндеттеу және халықтың вакцинаға деген сенімсіздігі, вакцинадан кейін мүгедек болған жүздеген балалар, аса тездікпен салынған ауруханалардың инженерлік жүйесі, жабдықталуы, халықаралық стандарттарға сай болу-болмауы, жыл сайын миллиардтаған ақшаға алынған медициналық жабдықтармен құралдардың стандартқа сай сервистік күтімде болмауы, толық функцияналды қолданылмай жатуы....

Осы аталған жүздеген проблемалардың бір ғана түйіні бар, ол болса – Қазақстан денсаулық сақтау саласында клиникалық инженерияның дамымағандығы немесе мүлдем жоқтығы.

Клиникалық инженерия - бұл HTM (Healthcare Technology Management) негізінен медициналық көмек көрсетуді оңтайландыру үшін медициналық технологияны қолдануға және енгізуге жауапты мамандық.

Клиникалық инженерлер денсаулық сақтау саласындағы функциясы мынадай: ауруханада медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуды жоспарлау; тиімді ұсыныстар, қазіргі заманғы медициналық аппарат Өндірісіндегі прогреспен ақпараттандыру; сатып алынған медициналық құрал-жабдықтарды тиімді, қауіпсіз, толық функцияналды қолдану үшін оқыту; жабдықтардың техникалық күйін бағалау-қадағалау; мемлекеттің реттеп-басқаруына, стандарт талаптарға сай жұмыс істету және аурухананың басқа қызметкерлеріне, IT, өнеркәсіптік-жүйелік инженерлер жұмыстарымен сәйкестендіру; адам факторларына, экономикалық шығындарды талдауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беру қатарлылар.

Қарапайым сөзбен айтқанда дамыған елдерде Клиникалық инженерлерсіз заманауи аурханалардың алға бір қадам дамуы мүмкін емес. Қазақстан денсаулық сақтау саласы ертеме-кешпе әлемдік озық елдердің стандарттарына сай жұмыстар жүргізу керек. Бұл халықтың және уақыттың талабы. Қазақстан тәуелсіздік алған 30 жылда денсаулық сақтау саласына да аз реформалар жасалған жоқ. Алайда денсаулық сақтау мекемелерінің қан тамыры секілді әр тармағына таралып жатқан жұмыстармен талаптарды заманауи халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, медициналық емдеу мекемелеріндегі кейбір жетерсіздіктерді инженерлік шешімдер арқылы жүйеге келтіруге деген талпыныс жоқ. Оған дәлел Қазақстанда қазірге дейін Клиникалық инженер деген атаудың денсаулық сақтау министірлігінде мүлде аталмайтыны, ол жайлы бірде-бір заңды құжаттар қабылдамағаны.

Олай болса біз неден ұтылып отырмыз?

Бірінші, ҚР Білім және ғылым министірлігі жоғары оқу орындарында озық елдерде әлде қашан тарихқа айналған жүздеген түрлі Кеңес дәуірінен келе жатқан мамандықтарға мемлекет қаржысын шығындап отырғанына қарамаста, дамыған елдердің денсаулық сақтау саласында маңызды секторды иелеп отырған клиникалық инженер мамандығына мән берген емес. Аталған мамандықты ЖОО-да оқыту, елімізде Клиникалық инженер деген мамандықтың пайда болуын, дамуын, қалыптасуын қолға алмай отыр.

Екіншіден, Клиникалық инженерлердің алдын-ала жобалау, қажетті жабдықтарды есептеу, аурухананың қызмет көрсету қуатына қарай медициналық мекемені экономикалық тиімділікпен жабдықтау болмағандықтан жаңадан салынған ауруханаларда қажетсіз шығын шаш етектен. Ауруханаларды мемлекет тапсырысымен іске асыруға құрылыс компаниялары аурухананың медициналық газ жүйесін, байланыс жүйесін, суыту-жылту жүйесін Клиникалық инженерияның стандарттарына сәйкес жүргізбеуінен аурухана алғаш іске қосылғаннан бастап қосымша шығындарға батқанымен қоймай, толық функцияналды жұмыс істеуі, халықтың сапалы медициналық көмек алуы арман күйінде қалып келеді.

Үшіншіден, Клиникалық инженерлердің жоқтығынан жүздеген миллиард ақшаға алынған озық медициналық аппараттар мен жабдықтар сапалы сервистік күтімсіз, толық функцияналды қолданусыз, халықтың игілігіне жарамай облыс-облыстарда музейдің экспонаттары сияқты комиссияларға, журналистерге көрсетуге ғана жарап тұр. Бұл қолында iPhone 11 телефоны бар адамның ұялы телефонын тек nokia 3310 секілді сөйлесу мен CMC хат алмасуға ғана пайдаланғанымен бірдей. Денсаулық сақтау министірлігі сервистік қызметтердің құқықтарының бәрін жекелік ірі монополистердің қолына беруге бұйрық шығарғанымен, олардың жұмыстарының сапасын тексеретін, диагностика-ремонт жұмыстарының жалған-шын екенін бағалай алатын клиникалық инженерлері болмағандықтан жыл сайын тағы да миллиардтаған теңге желге ұшып жатыр.

Төртіншіден, халықтың қорқынышына айналған вакциналардың тасымал және сақталу барысындағы клиникалық инженериялық стандарттардың сақталмауынан жыл сайын жүздеген сәбилер мүгедек болуда. Алайда оның нақты қандай себептері бар екеніне Денсаулық сақтау министірлігі назар аударып, халыққа дұрыс ақпараттар берге дәрменсіз болып отыр. Вакцина, дәрі-дәрмектердің тасымалдану және дұрыс сақталу жолдарын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, сақталып отырған кемшіліктерді инженерлік шешімдермен болдырмауға жұмыс істейтін клиникалық инженерлер қосынын жасақтау былай тұрсын, бұл туралы түсінік те жоқ болып отыр.

Бесіншіден,  қазір әлемде ең үлкен қауіпсіздік мәселесі – биологиялық қауіпсіздік. Әлем экономикасын тұралатып, жүз миллиондаған адамды жұмыссыз қалдырған, халықты көшеге алып шығып, әртүрлі бүлікке апарған құдіретті күш – коронавирус пендемиясы соған анық дәлел болды. Олай болса, біз ғана емес, әлемнің де ендігі бағыты – биологиялық қауіпсіздік. Аурухананың желдету жүйесінен бастап, күнделікті қолданылатын құрал-жабдықтары, көп рет қолданылатын материалдардың вирустық-инфекциялық залалсыздануы осының бәрі медициналық техника мен технологиядан қол үзе алмайды. Осы саладағы қауіпсіздіктің адамдық факторды жойып, жүйеге келтіріп, инженерлік шешімдер жасау – клиникалық инженерлердің ең үлкен міндеті. Онсыз ауруханалармен медициналық мекемелерде биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүмкін емес.

Қазір, Қазақстан денсаулық сақтау мекемелерінің барлық саласында күре тамырдай тарап, жан бітіретін клиникалық инженерлердің заты тұрмақ аты да жоқ. Бұндай жағдайда бізде қандай қауіпсіз және сапалы жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетілуі мүмкін?!

Serik Muratkhan

Клиникалық жабдықтар мен жүйелердің бас инженері

“The Qazaq Times”