Дау жоқ, Қазақстан журналистикасының өз тарихы, даму жолы, асқан асуы, алған белесі бар. Ешкімге ұқсатпай салған ізімен бірге, әлі де «әттеген-ай» дейтін кемшін тұстарының бары да рас. Әсіресе, ғалам тарының қауызына сиып кетердей тарыла түскен қазіргі кезде, бәсекеге қабілеттілік дейтін бір өлшем кез-келген елдің кез-келген саласына басты сыни өлшемге айналды. Тұтас әлемге ортақ бола түскен бұл сын еліміздің журналистика саласына да салмақты сынақтар жүктегендей.

Қазір әлем күрделі гео-саяси жағдайларды бастан өткізуде. Тіл мен мәдениеттердің, саяси ұстанымдардың, діни сенімдердің айырмашылықтарына қарамастан әлем елдерінің тағдыры бір-біріне соншалықты тығыз байланыса түскенін аңғарғандаймыз. Ел шекарасынан неше мыңдаған шақырым қашықтықтағы қандай да бір әлеуметтік, саяси жағдайлардың толқыны көзді ашып жұмғанша біздің қоғамның да бас қатырар проблемасына айналып кетіп жатыр. Анау Таяу-Шығыстағы жанжалдар, бізбен мүлде қатысы жоқтай көрінген сенімдер арасындағы жеңіс-жеңіліссіз қақтығыстардың бізге қалай әсер еткенін Сүрия (Сирия) жағдайынан кейін анық білдік. Немесе Жердің арғы бетіндегі бір ғана нүкте Уолл-Стритте болған сәл ғана өзгеріс көп өтпей біздің қалтамызға қалай қол салғанын білетіндейміз. Тіпті, гео-саясаттың шахмад шеберлері кейбір өңірлерде мүлтіксіз ойын ережелерін өздері дайындап отыратынын да аңғардық.

Шын мәнісінде, бұның бәрі сұрапыл соғыс майданына ұқсайды – қарусыз майдан, ақпарат соғыстары. Қарапайым ел азаматтарына түсініксіз болған Уолл-Стриттегі сан-цифрлардың өзгерісі олардың қалтасын қалай жұқартатынын, Азияның сонау батыс жиегіндегі немесе Парсы шығанағы, я болмаса Оңтүстік қытай теңізіндегі мүдделік қайшылықтардың, шахмад ойындарының, ондағы «ат жүрістерінің» бізге қалай, қайтып әсер етіп отырғанын қоғам санасына салып отыру міндеті ең әуелі журналистикамыздың, соның ішінде халықаралық журналистиканың басты міндеті.

Біз бұл ретте журналистикамызға сын айтудан аулақпыз, тек журналистикадағы дамыта түсуге тиісті болған халықаралық журналистика саласының маңыздылығы туралы сөз етпекпіз. Аталған саланың дамуы тек ақпараттарды жеткізу ғана емес оны қалай жеткізу, аудиторияны ақпаратпен қамтамасыз етудің өнімділігін қалай арттыру тәжірибелеріне де қатысты. Сол турасында осы салада қызмет етіп келе жатқан әріптестеріміздің пікірлеріне құлақ түрген едік. «Азаттық» радиосының Чехиядағы журналисті Руслан Меделбек аталған саланың маңыздылығын былай деп көрсетеді:

Руслан Меделбек. Фото: Автордың ФБ парақшасынан.

«Қазір журналистика жанрлары түбегейлі трансформациядан өтіп, жаңа жанрлар пайда болды. Автобиография, очерк, эссе, заметка сынды жанрлардың орнына Feature Story, Profile, Long news, Explainer, Breaking news, Live blogging сынды жанрлар келді. Бұл жаңа жанрлар толыққанды Халықаралық журналистика мамандығында оқытылуы тиіс. Бұл – бір. Екіншіден, BBC, CNN, Al-Jazeera, Euronews, New York Times сынды медиа алпауыттарының әрқайсындағы мақала жазу, видео жасау стандарттарын толық Халықаралық журналистика мамандығында меңгеруге болады. Әрине, ол үшін осы басылымдарды жіті қадағалап, ондағы әр материалдың іші-сыртын білетін маман қажет».
Бұған қоса Русланның пікірінше, қазіргі кезде журналистикадағы көп ғылыми зерттеулер халықаралық тәжірибелермен тығыз байланысты. Сондықтан магистратурада кез келген ғылыми тақырып, диплом жазу үшін магистрантқа я студентке толыққанда халықаралық журналистика стандарттармен жұмыс істеу керек болады. Ол және қазақстандық телеарналар, сайттардың көбі әлемдік трендтерге ілесуге тырысатынын, айталық, студия жасақтаудан тартып, сюжет текстіне дейін бәрі қазір халықаралық стандарттарға бет алғанына көбірек назар аударатынын айтады. «Оқырманған я көрерменге ақпаратты барынша ықшам әрі жып жинақы беруде қазір BBC, CNN, Al-Jazeera алда. Осы алпауыттардың тәжірибесін студент халықаралық журналистика мамандығында меңгермек. Яғни, әлемдік трендтерді қадағалап отыратын продюсер, редактор, шеф редакторлардың көбі Халықаралық журналистика мамандығын игеруі тиіс», – деп санайды Русылан Меделбек.

Журналистикамыздағы бұл саланы дамыту үшін ең әуелі білікті мамандар керек және сол маманды дайындайтын мамандықтың қажеттілігі де айқын көріне түседі. Халықаралық журналистика мамандығының қажеттілігі туралы «Алматы» арнасы қазақ бөлімінің жауаптысы Үмбетәлі Меймеш мынадай пікірімен бөлісті:

Үмбетәлі Меймешұлы. Фото: ФБ парақшасынан.

«Мен өзім журналист ретінде, халықаралық журналистика мамандығы Қазақстан журналистикасы үшін ауадай қажет дер едім. Себебі, шетел тәжірибесі бар, журналистикасы дамыған Батыс тәжірибесі бар. Бізге халықаралық тақырыпта жазатын, халықаралық сараптама да жазатын журналистердің қажет екенін күн өткен сайын анық бола түсті. Қазір, газет болсын, телеарна немесе сайттар болсын ақпаратты өңдеп, түбегейлі түп тарихын зерттеп, дерек көздердің шындығына көз жеткізетін бір емес бірнеше тілді меңгерген әмбебап журналист мамандарын қажет етіп отыр. Бұл да болса аталған мамандықтың маңыздылығын көрсетсе керек».

Халықаралық журналистикамыздың деңгейі халықаралық аренада жалпы Қазақстан журналистикасының деңгейін көрсететін жайттер де болады. Бұл туралы әріптесіміз Руслан Меделбек пікірінің соңында былай деген еді:
«Мысалға Халықаралық олимпиада комитеті олимпиада ойындарына Қазақстан журналистеріне тек 11 аккредитация береді. Яғни, олимпиадаға Қазақстаннан хабар таратуға тек 11 журналист бара алады. Одан артық журналиске рұқсат берілмейді. Салыстыру үшін айтайын, Грузияға 50, Украинада 70 журналистік аккредитация беріледі. Грузияның жазғы олимпиададағы жетістігі Қазақстаннан төмен. Украина мен Қазақстанның спорттағы жетістігі тең. Бірақ олимпиадаға баратын журналистер саны Қазақстанда төмен. Неге? Себебі Қазақстан журналистикасының деңгейі сол 11 аккредитацияға тең. Елде журналистикасының, соның ішінде халықаралық аренадағы деңгейі әлі өспеген. Бұл аккредитация санын өсіру үшін ағылшын тілін жетік меңгерген, халықаралық стандарттарды білетін журналист дайындау керек. Бұл тек бір ғана мысал».

Ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан да халықаралық журналистика мамандығының қажеттілігі, қажет болып қана қоймай жоғары сапаға ие, білікті мамандармен жасақталған жауынгерлік топтың керек екені бұған дейін де айтылып келген. Тәуелсіз ел үшін ел азаматтарының ішкі және сыртқы ситуацияларға дербес көзқарас пен танымының болуы тікелей ұлттық қауіпсіздікке саятын мәселе. Көршілес, ақпараттық соғыста тісқақты әрі бұл жағында басым күшке ие елдердің ақпараттық шабуылдары немесе пропагандарларға қарсы аталған саланы дамыту мүлде кезек күттірмейді. Олай дейтініміз, соңғы кездері арт-артынан болып жатқан осы тектес оқиғалар еліміздің ақпарат кеңістігі ақпараттық шабуылдар үшін дәрменсіз екенін көрсетіп қойғандай. Айталық, жаңа коронавирус эпидемиясына қатысты АҚШ-Қытай арасындағы дау-дамайға біздің қалай барып бас сұғып алғанымыз, сондай-ақ, әлем ақпарат кеңістігінде тараған мәліметтерді талғамсыз қалай пайдаланып, қалай шоқ басып алған жағдайларымыз мысал бола алады. Тіпті, бұндай қателіктерді отандық ірі ақпарат құралдарының жіберіп алуы да ойландыратын мәселе. Соған қоса, соңғы кездегі Қытайдағы бейресми сайттарда жария болған ақпараттарға байланысты еліміздің ресми және бейресми реакциялары да біздің еларалық ақпараттық қақтығыстардағы тәжірибесіздігімізді таныта түсті.

Демек, әлемнің күн сайын құбылып, ақпараттық соғыстың қарқыны үдей түскені ел ішінде көп рет айтылып жатқанымен, соған қарсы халықаралық журналистиканың маңыздылығына әлі де болса толық сезініп жатқамыз жоқ. Ақпараттық соғыс пен жаһанданудың қарқынына қарап отырсақ, тіпті бұл саланы, аталған мамандықты дамыту кезек күттірмейді деуге болады. Қажетіне қарай халықаралық журналистика ЖОО-ында басты назарға алынып, мамандарды жетістірудің тәжірибелерін іздестіруі тиіс. Ал отандық БАҚ та бұл сала мамандарын жетілдіруді, олардың біліктілігін арттыруды қолға алса журналистикамыздың ғана емес, еліміздің де бір кетігі жамалар еді.

"The Qazaq Times"