(жалғасы, басы өткен шығарылымда)
Бұлай болудың мән-мағынасы – отарланған халықтарды ұзақ уақыт қолдан шығармай шiдерлеп ұстаудың кiлтi қара күште емес, олардың санасын жаулап табындыру арқылы рухани құлдықта ұстау үшiн, олардың азаматтық сезiмi мен ұлттық санасының оянуына жол бермейтiн сенiмдi кедергi қоюдың жолы олардың сан ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи халықтық санасын жоюды көздеуiнде жатыр. Осы себептi ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғастық таба берер халықтың тарихи жадын үзудiң, оны қайта оралмастай келмеске кетiрудiң шешушi буыны, адастырмас кiлтi – сол халықтың ғасырлар бойы пайдаланып келген ұлттық жазу таңбаларын жойып жiберуден басталады екен.
Араб басқыншылары Тұран өлкесiн отарлап алысымен-ақ өз мәдениетi мен дүниетанымының өзегi болған ислам дiнiн, араб тiлi мен жазуын күштеп ендiруге барған. Ұрпақ пен ұрпақты рухани танымы жағынан тiкелей ұштастырудың шешушi құралы болған ойма жазуын араб жазу таңбасымен алмастыруда алысты көздеген саяси-идеологиялық мақсаты жатыр. Яғни жергiлiктi халықтың ғасырлар бойы пайдаланып келген сiңiстi әрi дәстүрлi жазу таңбаларын сыртқа теуiп, оны араб жазуымен алмастыру арқылы сол халықтың жаңа буын жас ұрпағын екi-үш ұрпағы алмасқан соң өткен тарихи жадынан айыруды, осы арқылы жергiлiктi халықты өткенiн ұмыттырып мәңгүрттендiрудi көздеген.
Жаңа буын жас толқынның өз ата мұрасы болған ойма жазуды оқи алмауы, келе-келе ойма жазумен жазылған ата мұрасын оқи алмауы, рухани қазына көздерiнен мүлде қол үзуi, ұмытуы олардың өткенiне салғырт қарап, өз тарихына селқос қарауына алып келедi. Мұндай қатыгез алдамшы саясат оларды өткен тарихы мен ана тiлiне, дiлiне қалай болса солай бейтарап қарайтын мәңгүрттiк қалыпқа түсiрмей қоймайды. Қандай түрде болса да отаршылдық саясат атаулының көздейтiнi осы түпкi мақсаттан еш уақытта да алыс кетiп көрген емес. Бұны Ресей империясының отаршылдық саясатының қанды қол тарихы да айна қатесіз көз алдыңа елестетiп отырады.
Уақыт өте келе Тұран өлкесiндегi араб империясының ыдырауына байланысты өз алдына тәуелсiз мемлекеттерге айналса да, ата мұрасы түрiктiк дүниетанымынан айырылып, исламият идеологиясының шеңберiнде, мұсылмандық дүниетаным жолында қала бердi. Ал араб жазуы мың жылға жуық уақыт бойы өмiр сүрiп, бiздiң елiмiзде 1930 жылға дейiн жеттi. Түрiк халықтары өз ата мұрасы болған ойма жазумен жасалған ата мұрасын оқи алмай, тiптi одан мүлде бейхабар қалып, таза мұсылмандық қалыпқа түсiп кеттi. Алғаш рет маригиналды санаға отырықшы тұрмыстағы түрiк халықтары молырақ шалынса, бұл дертке көшпелi дала халықтары да шалынса да, олар, тiптi ХIХ ғасыр соңына дейiн қос дiндi қалпын сақтап келдi.
Араб жазуының шеңберiне тартылған халықтардың бәрi де өткен тарихы мен өзiндiк рухани қайталанбас қазына көздерiнен бейхабар күйде қала бердi. ҮІІІ ғасыр мен Х ғасыр арасында араб тiлiнен кейiн парсы тiлi Орталық Азияда ғылым мен әдебиет тiлiне айналып, жергiлiктi түрiк халықтарының тiлi тағы да тұрмыс тiлiне, үй iшiлiк тiлге ығыстырылды. Ана тiлiнде көркем шығарма жазу дәстүрден шығып, ол тiлде шығарма жазушыларға менсiнбей қарау пиғылы орнықты.
Жазу таңбаларының өзгеруi, араб жазу таңбалары жергiлiктi халық тiлiнiң iшкi заңдылығына, табиғи дыбыстық ерекшелiгiне сай келмеуi зиялы қауымды талай ойландырып, тiптi жаңа жазу таңбаларын жасау әрекетiне де алып келдi. Мысалы, Бабыр түрiк тiлiнiң өз жазу таңбасын қайта жасап ұсынса да, рухани дiнбасылары ол әрекеттi сыртқа тептi. Араб, парсы тiлiнiң түрiк халықтары әдебиетiне үстемдiк етiп, жергiлiктi тiлдi менсiнбей қарауына ғылым, өнер қайраткерлерi қарсылық жасап, келiсiмсiз күреске шықты. Мысалы, түрiк тiлiнiң құқын қорғау жолына түскен ақын Ж.Баласағұни, сопылық поэзияның классигi Иасауи, және Бабыр, Әлiшер Науаи, Әбiлғазылардан қалған зор рухани қазыналардың дүниеге келуi – түрiк тiлiнiң абыройын аспанға көтердi. Мысалы, Ж.Баласағұни өзiнiң ұлы туындысы «Құтадғу бiлiк» дастанын ана тiлiнде жазуды мақсат тұтқанын:
Түрiк сөзiн тау киiгiндей көрдiм,
Оқыста ұстап, өзiме оны үйреттiм, ‒
деп, классикалық поэзиялық туындысын түрiк тiлiнде жырлауды алдымен қолға алғанын зор мақтаныш сезiммен хабарлайды. Иасауи де осы тiл туралы күрестi жалғастыруымен ерекшеленедi.
Ә.Науаи өз заманында араб пен парсы тiлiнiң қыспағында қалған түрiк тiлiн әдебиет пен ғылымның, мемлекеттiң тiлi дәрежесiне көтеру үшiн, ымырасыз күрес жолына ашық түстi. Осы мақсатқа байланысты «Мухаккамат ал луһатайын» («Тiлдердiң таласы») деп аталатын еңбегiн жазды. Поэзия саласында да осы мақсатты мұрат тұтқанын.
Түрiк ұлымын деген халық басына,
Түрiк тiлiнде жырлар төктiм шашыла.
Түтеп жандым, қанша соққы қарсы алдым,
Түрiк тiлiмен мен барымша жар салдым, ‒
деп, ана тiлi үшiн күрес жолына араб, парсы тiлiндегiлердiң ықпалы мен ығына жығылған замандастарының қарсылығы мен түртпегiне, мазағына түскен күрескер ақынның «қанша соққы қарсы алдым» деп қайсарлануында бiз бiле бермейтiн не сырлар жатпады дейсiң?
Науаи түрiк тiлiнiң даму жолында басынан кешкен үш кезеңдi атап көрсетiп, ондағы ерекшелiктердi бас-басына атап саралайтыны бар. Ә.Науаиша, бiрiншiден, араб халифатының Тұран өлкесiне басып кiрiп, ислам дiнi мен араб тiлiн ендiруi – ғылым мен әдебиетте, мәдениетте, қоғамдық қызметте түрiк тiлiн ығыстырып, жергiлiктi тiлдерге үстемдiк жасаған заман болғанын айтады.
Екiншiден, Иранда саманилер әулетiнiң билiкке келуi, көп елдi өзiне қаратуы, ендi Орталық Азияда парсы тiлiн үстемдiкке жеткiзуi себептi, түрiк тiлi екiжақты, яғни араб пен парсы тiлiнiң қыспағында қалды. Ол араб тiлiнiң орнына парсы тiлiнiң үстемдiгi жүрген кезде әдебиет пен ғылымда, мәдениетте парсы тiлi тiзгiн ұстаған заман туғанын атап көрсетедi.
Үшiншiден, түрiк халқынан шыққан ұлы ақындарының өз жерiнде түрiк тiлiнiң теңдiгi үшiн күресiп, шешушi қадам жасай бастаған заманның кезегi келгендiгiн ескертiп өтедi.
Өзбек халқының айтулы ғалымы Фитрат 1918 жылдың өзiнде-ақ түрiк тiлi дүниедегi ең бай тiлдердiң бiрi, бiрақ ең бақытсыз тiл де сол тiл, өйткенi ол тiлдiң табиғаты араб, парсы тiлiмен шұбарланып кеткендiктен, қайталанбас табиғи сөйлеу ерекшелiгiн бұзып алды деп қараған. Осы тұрғыдан қарағанда шағатай тiлiмен жазылған классикалық көркем әдебиет туындылары араб, парсы тiлдiк қорымен алабажақтанса, ал жергiлiктi халық өз арасында атадан мұра болып қалған халықтық тiлде сөйлеп жатты. Өлең құрылысында да осы ерекшелiк анық байқалып тұратын. Бiрақ алып даладағы қазақ тiлi ғасырлар бойы үстемдiк еткен араб, парсы тiлдерiнiң әсерiне ұшырағанымен, бастапқы табиғи сөйлеу қалпын сақтап қалды. Шағатай тiлiнiң әсерi, әсiресе, бiздiң тарихымызда кiтаби ақындар деп аталатын ақындар туындыларында басымырақ болған заман да басымыздан өттi.
Тұран өлкесiн жайлаған халықтарға ислам дiнi ендiрiлiп, араб жазуын да ерiксiз мойындатты. Бұл үшiн олар жоғарыда айтып өткенiмiздей жергiлiктi халықтың жазба деректерi мен ұстанып келген дiнiн жойып, жазу таңбаларының iзiн қалдырмай, тiптi қабырстандағы, сынтастардағы жазу белгiлерiне дейiн қырдырып iзiн қалдырмай жойып отырған. Бұл, әсiресе, ислам дiнi терең сiңiскен жерлерде қызу әрекетпен жүргiзiлдi де, ол онша сiңiспеген, не мүлде таралмаған, яғни араб отаршыларының аяғы жетпеген жерлерде ғана ойма жазу ескерткiштерi сол қалпында сақталып қалды. Елдiң ата-бабадан мұра болып қалған әдет-ғұрып, салт-сана, өзiндiк дүниетанымы да ғасырлар бойы қудаланып, исламият рухына бiртiндеп өте бердi. Яғни ислам дiнi мен араб тiлiнiң, жазу таңбасының мәңгiлiкке орнығуына кедергi келтiретiн нәрсе атаулының бәрi де түгелдей терiстелiп жатты. Халықтың дәстүрлi тарихи жады мүлде шайылып, өзiндiк дүниетанымының да тоз-тозы шықты. Өзiнiң өткендегi тарихы мен рухани қазына көздерiнен, дүниетанымының өзектi қан тамырларынан мүлде қол үзiп, жел айдаған қаңбақтай шарасыз хәлге түскенiн келер ұрпақ сезбей де қалды.
Тұран жерiндегi түрiк тiлдi туысқан халықтар араб отаршылдарының миссионерлiк саясатының жүзеге асуымен ислам дiнi, араб жазуы таңбасын қолдануы 1930 жылға дейiн жеттi.
Ал ХVІІІ ғасырда Ресей империясы күшейiп, Еуразия жерiнде қанат жая бастады. Ұлы дала төсiн жайлаған қазақ елi мен Түркiстан өлкесiндегi түрiк тiлдi туыс халықтарды отарға айналдыру мен оларды мәңгiлiк рухани құлдықта ұстау үшiн, бiртiндеп ыңғайына қарай шоқындырып орыстандыру арқылы ұсақ ұлттарды бүтiндей бiр саяси организмге айналдырып жiберу мақсаты қызу қолға алынып, жедел түрде жолға қойыла бастады. Яғни түрiк халықтары тарихтың алапат үшiншi иiрiмiне тартылды. Еуропа мен Еуразияның алапат тарихи иiрiмiне тартылу күшi бүгiн де зар қалпында тұр.
Қазақ жерiн тұтас отарлау мақсатын жүзеге асыру үшiн қытай империясы мен батыстағы орыс империясы екеуi де осы өлкеге көптен берi көз тiгiп, ерекше назар аударып, әрқилы ғылыми, әскери барлаулар арқылы дала тынысын бақылап, арнайы дерек-мағлұматтар жинастырумен айналысып жатты. Бұл өлкенi жайлаған халықтардың саяси-әлеуметтiк жағдайын, өткен тарихы мен рухани болмысын, өзара қарым-қатынастарын бақылауды күн өткен сайын күшейттi. Екi азулы империя да Тұран өлкесiнiң сыңсыған малы мен шалқыған байлығын, құнарлы жерiн көп күш жұмсамай-ақ өздерiне бағындырудың оңай да олжалы жолдарын iздестiрумен келдi. Осы мақсат үшiн бүкiл әлемдiк отаршылдық айла-амалдың көп қырлы әрi ғасырлар бойы сыннан өткен айлалы тәсiлдерiн екшеп, жетiлдiрiп жағдайға қарай отырып пайдалану мақсатын ұстанды. Адамшылыққа жатпайтын айла тәсiлдердi қолдану, керек болса түрiк халықтарын жер бетiнен сыпырып тастау мақсатынан екеуi де тартынбады…
Отарлаудың көп қырлы тәсiлдерiнiң iшiндегi ең өзектi де жемiстi буыны – «жабайыларды жабайылардың» қолымен қырып, тұншықтырып отыру, бiрiн бiрiне айдап салып, бөлшектеп бүрлiктiру, сырттан айнала қоршалған әскери бекiнiстер салып, келiмсектердi қоныстандыруды көздейтiн қытайдың «жапырақ әдiсi» де назардан тыс қалмады. Отарланған елдiң сатымсақ басшыларын шен-шекпенге, билiкке жығу, тiптi олардың iшкi ағайын-туыс арасында туындаған қайшылықтарына дейiн пайдалану жағы да қолданыс тауып жатты. Әрi бұл әрекеттердiң бәрiн культрогерлiк сылтаумен бүркемелеп отыруды да ұмыт қалдырмады. Бұлар әсiресе Ресейдiң отаршылдық саясатында ашық байқалды.
Бұл өлкенi ғасырлар бойы сыртынан аңдып, аңдысын бағып келген екi империяның өзара дипломатиялық жолмен жүргiзiп келген саясатының тәсiлдерi мен нәтижесiн салыстыра қарап, талдай бiлетiн кiсiге айқын сезiлiп тұрады. Қос империя да екi аралықта жатқан Ұлы даланы жайлаған түрiк халықтарының жауынгерлiк рухынан, ұрандап тiзе қосып кетсе, селдей қаптап, таптап кетер жауынгерлiк дәстүрiнен сескендi. Бұлардан құтылудың бiрден-бiр төте жолы – ол елдердiң арасында бiрде күшейiп, бiрде әлсiреп отыратын өзара iшкi қайшылығын пайдаланып, араларына от жағып шағыстырып, тасада тұрып таластырып, бiреудiң қолымен от көсеу саясаты қызу түрде қолға алынып, жүзеге аса бастады.
Екi империяның да көктен iздегенi жерден табылды. Сол тұста Орталық Азияны дүрлiктiрiп тұрған саяси-әлеуметтiк әрi қарулы күш – қалмақтар мен қазақтардың арасындағы өрiске таластың өршiп тұрған, ұшқын атса лап етiп өртенуге даяр тұрған шағы едi. Олар бұл халықтардың екi арадағы жер таласын пайдалану арқылы-ақ бiрiн бiрiне қырғызып, бұдан аман қалғандарын әскери қарулы күш шақырмай-ақ өз қолдарымен тұншықтырып ұстау саясатының жолдарын iздестiрiп жатты. Әрине, бұл сұмдық қандықол саясаттың ызғарлы табын екi империяның өзара дипломатиялық жолмен де, тiптi көрер көзге де жасаған қимыл-әрекетiмен жүргiзiп отырған отаршылдық саясатының түпкi мақсатын, халқының бозторғайы болып шырылдаған ақын-жыраулары да, саяси тiзгiн ұстаған билерi де бiлдi, ерте сезiндi. Мұны ақтабан шұбырынды заманын өз басынан өткiзген Қожаберген жыраудың «Елiм-ай» дастанын оқыған әрбiр саналы адам танып бiле алады.
Қазақтан көмек сұрап естек, татар,
Шошынып дәу мылтықтан қатты састы…
Алтын, күмiс, мал берiп аямай-ақ
Көршiлес екi елден бiлгiр жалдап,
Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,
Әскерiн үйреттiрдi он жыл қамдап.
Болмаса қалмаққа өнер қайдан келсiн,
Тетiгiн дәу мылтықтың қайдан бiлсiн…
Қырғызып қазақтарды ойраттарға
Сол жұрттар бекiнiстерiн салып жатты…
Мылтығын көршi елдер сатпаған соң,
Қатынас арадағы тоқтаған соң,
Сенделдi хандар, билер ақыл таппай
Кенеттен дұшпан жұрты таптаған соң[1].
ХVІІІ ғасыр iшiнде қазақ, қалмақ арасындағы ұзақ жылдарға созылған қанды шайқастардың кезiнде қазақ халқының үштен екiсi қырғын тапса, қалмақтар мүлде жер бетiнен жойылып, тәуелсiз мемлекетiнен айырылып қалды. Жоңғар қалмақтарын қазақтар өз жерiнен қуып шыққан соң, кеше қалмақтарға болысып, қару-жарағын бөлiсiп берiп көмектескен қытай империясы ендi келiп, өзi жеңiлiс тапқан қалмақты еңбектеген баласынан еңкейген қартына шейiн жусатып салу – нағыз саналы түрде жоспармен жүргiзген геноцидттiк саясаттың өзi болып шықты. Мұндағы басты саяси мақсат жердi қалмақтардан тазартып, жер үшiн отанын тастап келген отаршыл келiмсектердi орналастыру ‒ екi империяның да көздеген өзектi мүддесiнен туындап жатты.
Ресей империясы өзiнiң отаршылдық мақсатын жүзеге асыруда Едiл ‒ Жайық бойындағы Аюке хан бастаған қалмақтар тобын Қырым, Азов, Астрахан, Ноғай хандығы мен башқұрт пен қазаққа айдап салып, тiптi керек болса, Дон казактарын да жуасытып алуға пайдаланудан тартынбады. Ендi қалмақтардың қажетi азая бастаған соң, оларды шоқындырып орыстандыру арқылы ассимиляцияға түсiрiп, өзара ру таласын қоздырып, тұншықтыру тәсiлiмен тұтас бiр халықтың түбiне жеткенiне тарих куә. Жалпы Ресей империясының ұсақ ұлттарды отарлау тарихына назар аударсақ, бiрде-бiр халықтың жақсылық көрмегенi, керiсiнше көбi ассимиляцияға ұшырап жұтылып кеткенi талассыз шындық болатын. Қалмақтың кiнәсы ‒ өз тәуелсiздiгi мен азаттыққа ұмтылуында жатты.
Қазақ пен қалмақты бiр-бiрiне айдап салу саясатын ұстанған екi империя екi халықты да әлсiретiп, оларды саяси күш ретiнде тарих сахнасынан шығарудан басқа мақсаты жоқ болатын. Екi халық бiр-бiрiмен екi империяның айдап салу саясатымен бiрiн-бiрi надандықпен аяусыз қырып әбден әлсiреген соң, екеуi екi жақтан ақырын жылжып қазақ жерiне сұғына кiру арқылы соғыс отарынан жер отарына ауыса бастады.
Екi империя жер отарлаудың қызығымен бiр-бiрiмен бетпе-бет кездескенде, өзара келiсiмшартқа отырып, екi арадағы шекараны анықтап, ресми түрде картаға түсiрiп, тиiстi үлесiн алып тарасты. Ендi отаршыл екi империя да өз мүдделерiне орай жаңадан отарланған жерлерде өз саясаттарын жүзеге асыруға аспай-саспай жоспарын құрып, жер отарына асықпай кiрiсе бастады. Саяси мақсат тұрғысынан қарағанда да екi отаршыл империяның ел билеу жүйесiндегi айла-тәсiлдерi бiрыңғай, бiр-бiрiне егiздiң сыңарындай ұқсас келiп, бiрiн бiрi толықтырып, бiр-бiрiнен отарлаудың саяси сабақтарынан тәжiрибе алып, айла-тәсiлдерiн үйренiп, тәжiрибе алмасып, онысын жүзеге асырып жатты.
Ал Ресей империясы қазақ жерiн бiр жарым ғасыр iшiнде әрең отарлап алған соң, асау тұлпардай бұла өскен еркiн халықтың арқасынан сипалай отырып, бiртiндеп қазақтардың ел билеу жүйесiне реформалар жүргiзiп, ендi оларды экономикалық әрi идеологиялық жағынан меңгеру жолына шындап кiрiстi.
1862 жылы шiлденiң бесiнде Александр патша қол қойған раскриптiнде екi мәселеге айрықша мән берiлдi. Ол қазақ арасында ел билеу жүйесiнiң отаршылдық пиғылдағы жаңа жүйедегi реформасын жасауға кiрiсу мен келешекте қазақтарды шоқындырып орыстандырудың ұрымтал төте жолдарын қарастырумен айналысты. Бұл кезде қазақ жерiн үш өлкеге жара бөлiп, олардың әрқайсысына бiр-бiрiнен бөлектеу ел билеу жүйесiндегi түрлерi ендiрiлдi. Мысалы, Кiшi жүзге сұлтан правитiлдiк жүйе, Орта жүзге аға сұлтандық жүйе ендiрiлдi. Бұл тұста Ұлы жүз жерi Қоқан хандығының билiгiнде болуы себептi рулық жүйедегi датқалық ел билеу түрi ендiрiлдi. Ал Орталық Азия халықтары Ресей отарына тұтас айналған соң, жоғарыдағы ел билеу жүйесiндегi ерекшелiктер түгел өзгерiп, ендi Ресейдiң ел билеу жүйесiндегi стандартқа бейiмделдi. Ендiгi билiк қазақ арасында болыстық шеңберден аспайтын әрi территориялық принциптi ұстанған болыстық сатылы сайлау жүйесiне негiзделдi. Мұндағы басты саяси мақсат – қазақ елiнiң рулыққа негiзделген ел билеу жүйесiн талқандап, iшкi-сыртқы билiк атаулыны отаршыл үкiметтiң қолына жинақтау саясаты көзделдi. Қазақ халқының тұрмыстық өзегiне (ядросына) айналған бiр атаның баласынан тұратын ауылдық жүйенi әрi ол ауылды рухани жағынан уысында ұстап, айрандай ұйытып отырған ауыл ақсақалының ықпалын жоюды мақсат тұтты. Бұл қазақы тұрмыстық өзектiң негiзiн жоймайынша, қазақты идеологиялық жағынан меңгеру мүмкiн еместiгiне көз жеткiздi. Қазақ халқын рухани идеологиялық жағынан бағындырып, айтқанына көндiру үшiн патша үкiметi де, Кеңес үкiметi де осы қазақ аулының тұрмыстық өзегiн (ядросын) жоюға шешушi мән бере қарады.
1719 жылы сенаттың Едiл бойын жайлаған бұратана халықтарды христиандыру мәселесi талқыланып, 1728 жылы сенаттың Едiл бойы халықтарын шоқындырып орыстандыруға бағытталған арнайы жарлығы шығады. Келешекте Ресей империясының отары болып енетiн халықтардың, соның iшiнде қазақтардың рухани тағдырын осы жарлықтың кейпi күтiп тұрғанын айқын аңғаруға болатын.
Қазақ халқының рухани болмысын идеологиялық жағынан меңгерудiң саяси тетiгi ‒ қазақтарды шоқындырып орыстандыру жолы ұсталуы себептi, алдымен, ол халықтарды рухани жағынан бiрiктiрiп отырған, ортақ бiр емлеге негiзделген араб жазуының орнына ол халықтарды рухани жағынан бiр-бiрiнен алыстатып iрiтетiн әдiс ретiнде орыс жазуының әрiп таңбасын ендiру мәселесi алысты көздеген миссионерлiк саяси мақсат ретiнде алға қойылды. Бұл мәселемен Едiл бойындағы ұсақ ұлттарды шоқындырып орыстандыруды көздеген ұйым «Новокрешенская контора» құрылып нақтылы түрде әрекет ете бастады.
Түркiстан түрiктерi мен қазақтарды шоқындыру арқылы орыстандыру iсiмен жаңадан құрылған «Обрусительная палата» iске кiрiстi. Бұл жалпы мемлекеттiк миссионерлiк саясатты жүзеге асыру iсi «Святой синодқа» тапсырылса да, оны ғылыми-практикалық жағынан жүзеге асырудың тiзгiнiн орыстың миссионер-ғалымдары қолына алды. Миссионер ғалымдар (Ильминский, Алекторов, Остроумов т.б.) қазақтарды орыстандырудың шешушi кiлтi – аралас орыс түзем мектептердi молырақ ашып, өмiрге ендiруде жатыр деген бағыт-бағдарды ұстанды.
Бүгiндерi Қазақстандағы өмiр сүрiп келе жатқан мектептердiң төрттен бiрi аралас мектептер болуының идеологиялық астарлы тамыры да осы миссионерлiк кертартпа ұстанымда жатыр. Қазақстанның оқу-ағарту жүйесiндегi мәңгүрттенген қызметкерлердiң бұл мәселенiң тарихи тамырын терең түсiнiп, батыл қадам жасауға жүректерi дауаламайды. Өйткенi олардың ой-санасында кеңестiк тоталитарлық идеологиясы сiңдiрген қорқыныш сезiмiнiң белгiсi әлi де басым түсiп жатыр.
Ресей империясының миссионерлiк бағытта ұстанып келген мемлекеттiк саясатын профессор Құдайберген Жұбанов мейлiнше кертартпа құбылыс ретiнде танып бағалаған едi. Өйткенi ағылшындар Үндiстан халықтарын отарлағанда олардың ұлттық санасы төмен артта қалған мәдениетiнiң қалпын аяусыз қиратса да, ол әрекет үндi халқының ұлттық санасын оятып жiберуi себептi, ол құбылысты прогрессивтi құбылыс болғанын атап өтедi. Ал өзiндiк қалыптасқан бiр бүтiн ұлттық монолиттi мәдениетi бар әрi ұлттық санасы жоғары бiртұтас қазақ халқын отарлаған Ресей империясының мақсаты осы биiк ұлттық сананы жою арқылы қазақ халқын мәңгүрттендiру жолын ұстануы себептi, бұл әрекет мейлiнше кертартпа құбылысқа айналғанын атап көрсеткенi үшiн профессор Қ.Жұбанов жазықсыз жазаланған едi.
Арғы-бергi отаршыл империялардың бәрi де қол астындағы отарланған елдердiң өткенi мен бүгiнгi тұрмыс қалпын жете зерттеуге жете мән берген. Ол халықтардың өзара ерекшелiгiн зерттей келе олардың ислам дiнiне қарым-қатынасының ерекшелiгiне зер сала қараған. Оларды жете танып бiлу арқылы ол ерекшелiктi саяси мүддеге пайдалану жолын да қарастырған болатын. Мәсәлән, өз қарамағындағы отарланған бұратаналардың саны жағынан ең көбi және келешекте озық даму жолына бейiмдi қазақ халқын шоқындырып, орыстандыруды мақсат тұтты. Бұлай бағыт алудың да өзiндiк себептерi бар едi. Миссионер ғалымдардың зерттеп анықтауы бойынша, қазақ елiнiң дүниетанымындағы қосдiндiлiктiң iзi мен олардың iшкi iстерi шариғат заңымен жүргiзiлмейтiн. Олар өздерiнiң өткендегi ата-бабалары ұстанған дәстүр ерекшелiгi негiзге алынатын. Екiншi жағынан қарағанда, өздерi мұсылман бола тұрып, оларда дiни фанатизмнiң жоқтығы толеранттық сананың басым түсiп жатуымен ерекшеленетiн. Осы ерекшелiгiне байланысты империяның саяси мақсаты үшiн қазақтарды көршiлес дiндар татарлар мен Орта Азиялық исламдық қалпы берiк қалыптасқан көршiлерiнен тезiрек оқшаулау қажет деп табылды. Өйткенi заман жағдайына байланысты тез арада екi арасын ажыратып бөлек ұстау үшiн, алдымен қазақтарды орыс жазу таңбасына көшiру аса қажет шара деп танылды. Осы жазуды қабылдаған соң екi-үш ұрпақ алмасса, олар көршiлерiнiң дiни, мәдени әсерiнен қол үзiп, өзiндiк рухани болмысынан тезiрек арылып, орыстануға бағыт алады деген мықты сенiмде болды.
Бұл мақсатты көздеуге орай қазақ арасында орыс-түзем яғни бүгiнгi таным бойынша, аралас мектептердi ашу мен қыздарын орысша оқытуды, алдымен қолға алды. Аралас мектептерде оқу процесi қазақ тiлiнде жүргiзiлсе де, мiндеттi түрде орыс жазу таңбасымен оқытуға ерекше мән берiлдi. Қазақ мектептерi үшiн қолданылатын орыс жазу таңбалары, алдымен орыс миссионерлерi тарапынан миссионер ғалымдар қолымен жасалынды. Ы.Алтынсаринге дейiн-ақ бұл саладағы iзденiстер бел алып, алғашқы нұсқалары жасалынып та қойған едi. Мәселе осыны тезiрек жүзеге асыруда жатты.
[1] Қожаберген жырау. Елiм-ай. Мәдениет және тұрмыс, 1989, №6, 7-бет
(жалғасы бар)