Сарапшылар 2000 жылдар басындағы азаматтық қоғамның өзгеріске талпынысынан кейін ұзақ уақытқа (адам өмірімен айтқанда) саябырсып қалған саяси сең биыл біршама қозғалғанын айтады. Көпшіліктің пікірінше, бұл экс-президент Назарбаевтың де-юре тұрғысында орнынан кетуімен байланысты.

Астаналық отбасының бес бірдей баласы опат болған күні ертеңінде 5 ақпан сайлау туралы қауесетке қатысты «жұртты дүрліктірудің қажеті жоқ, ондай жағдай бола қоймас» деген Назарбаев арада қырық күн өткен бойда өкілеттігін тоқтатынын мәлімдеген  еді. Ал сәуірдің 23-і биліктік «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезінде экс-президент бұған «үш жылдан астам дайындалғанын», «серіктестеріне, өзі тәрбиелеген кадрларға мұқият зер салғанын» айтып ағынан жарылды. Осылайша орнына Тоқаев тағайындалды. Кітапханадағы Қауіпсіздік кеңесі төрағасы мен Ақорда иесі президент рөліне қатысты ел арасында қосбиліктік туралы талас туды. Ескі кадрлардан тұратын жаңа биліктің әлеуметтік-саяси талабы күшейген наразы қоғаммен қарым-қатынасы және биылғы маңызды оқиғалар жөнінде орта-үлкен буын сарапшыларының ой-пікірін біліп едік. Ескіше қаракиік жылы дейтін 2019 жылдың қорытындысы туралы белсенді жастардың көзқарасымен алдыңғы шығарылымнан танысуға болады.

Сауалдар:

  1. Биылғы ресми түрде басталған "билік транзиті" және Тоқаев пен Ақорда маңындағылар жиі айтатын "либералдану" барысында қандай оқиғалар күтпеген жағдайда немесе дәл жоспар бойынша жүзеге асты деп ойлайсыз?
  2. Биылғы «жастар жылындағы» жастардың мемлекет ісіне, әсіресе саяси-қоғамдық өміріне белсене араласуын қалай бағалайсыз? Жастарға жыл не берді, не алды? Өзіңіз куә болған замана көшінде бұрнағы буын мен бүгінгі өскіннің арасында қандай айырмашылық, не ерекшелік байқадыңыз?
  3. Тоқаевтың президент қызметіне тағайындалғанына 9 ай өтті. Қандайда бір байлам жасауға ерте болар. Десе де мемлекет басшысының №184 жарлықтан кейінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?
  4. Ендігі жылы, жаңа онжылдықтың басында Тоқаевтан не күтесіз? Қалың бұқара тілеп, азаматтық қоғам талап етіп отырғандай ол демократиялық саяси реформалар жүргізуге батылы бара қоя ма?
  5. Қазақстанда адам құқықтары қай уақытта шынайы кепілдендірілген, қолданбалы құндылыққа айналады? Бұл тек жоғарыдан төмен қарай жүретін үдеріс пе? Әлде...
  6. Жаңадан құрылып жатқан саяси құрылымдар, партиялар мен қозғалыс-ұйымдар, алдағы уақытта қандай дүниеге сақ болып, нені қаперге тұтқаны дұрыс? Маман ретінде кеңес берсеңіз.
  7. Елдің бүйірінен қысқан қымбатшылық, баспана тапшылығы, ғылымды көпшілікке бейімдеу, ілімді әлеуметтік лифт әрі культке айналдыру, жұмыссыздық, аймақтағы инфроқұрылымды дамыту мәселелері келер жылы қалай жалғасуы мүмкін?
  8. Ұлттың үлкені болмайды. Бірақ жас мемлекет ретінде Қазақстан халқы санасының заманауи өркениетті құндылықтарға ілесуі сіздің көз алдыңызда кеше, бүгін және ертең қандай қарқынмен жүрмек?
  9. Шынайы мемлекетшілдігімен өз азаматтарының алдында алғысқа бөленіп, абырой арқалауы үшін билік, нақтырақ айтқанда, ширекғасырлық жүйе, сіздің жеке көзқарасыңыз бойынша, қандай 5 кемшілігін қай 5 қасиетке алмастыруы керек?
  10. Әуесқой сәуегейлік сұрақ. Сіздіңше, 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні жаңа жылдық тілекті кім айтады? Экс не бүгінгі президент, қайсысы?

Жасарал Қуанышалин, оппозициялық саясаткер

  1. Иә, көптен бері сөз болып келе жатқан «билік транзиті» биыл формалды түрде жүзеге асқан сияқты болып көрінгенімен, дәлірек айтса, Назарбаев режимі солай етіп көрсеткісі келгенімен, іс жүзінде ешқандай да «транзит» болмағанын тек саясатшылар, саясаттанушылар, ресми сарапшылар ғана емес, қарапайым халықтың да басым көпшілігі көріп-біліп отырғанына ешқандай күмән жоқ. Қараорда ұялмай-қызармай біздің еліміздің және әлем жұртшылығының көз алдында Нұрсұлтанның «президент қызметінен кетуі» түрінде бастап, оның байырғы қолбаласы Қасым-Жомарттың «президенттікке сайлануы» түрінде жалғастырып, содан бері «Транзит» атауымен ақымақтар үшін жүргізіп жатыр. Осы бір ұзақ-сонар масқара спектакль барысында, әрине, бұрынғы қалпында билеп-төстеп отырған «көкесінің» рұқсатынысыз ештеңе істемейтін, істей алмайтын Қасым-Жомарттың атынан әлдебір «өзгерістер» жасағандай түр көрсеткені болмаса, шын мәнінде ешқандай өзгеріс болған жоқ. Және «кітапхана», басқаша айтқанда – диктатор Назарбаев билік тізгініне тас кенедей жабысып отырған кезде ел, халық күткен өзгерістер болуы да мүмкін емес!
  2. Бұрынғы және қазіргі жастар арасындағы басты айырмашылық – егер КСРО кезінде Қазақстан жастары жаппай Кремльдің партиялық-кеңестік идеологиясы құрсауында оқытылып-тәрбиеленсе, қазір балабақшалардан бастап, жоғары оқу орындарына дейін жаппай режимнің құлақкесті қарашұнақ құлдарына айналған сорлы мұғалімдер мен оқытушылар арқылы Назарбаевтың жеке басына табындыру идеологиясының құрсауында оқып-тәрбиленуінде. Мұның «жарқын» көріністерінің бірі – студенттердің түрлі жиындарда хормен «Нұрсұлтан-Қазақстан!» деп бір жерлерін жырта қышқыруы! Нәтижесінде соңғы идеология кеңес заманындағыдан, тіпті, Сталиннің жеке басына табыну кезіндегіден де асып түсіп, мүлде шектен шыққан жиіркенішті, құбыжық сипатқа ие болды. Салыстыру үшін: «мұртты көсемнің» жеке басына табыну қаншалықты кең қанат жайса да, мәселен, оның есімі қатардағы қалаға немесе көшелерге берілгенімен, ел астанасы, әуежай, жекеменшік университет және басқа объектілерге берілмеп еді.

Бірақ мені осындай күйінішті жағдайдың өзінде адамгершілік, азаматтық қасиеттерін сақтап қалған қазақ жастарының қарасы уақыт өткен сайын көбейіп келе жатқаны қуантады. Мұның айқын дәлелі – соңғы жылдары, ең алдымен – билік Есіл аудандық сотының заңсыз шешімімен «экстремистік ұйым» деп, тыйым салған, ал расында таза оппозициялық ҚДТ қозғалысының (жетекшісі – М.Әбіләзов) тікелей ықпалымен жиі өтіп жатқан наразылық акцияларына қатысушылар қатарында жастардың барған сайын көбейіп, негізгі күшке айналуы. Сондықтан, Мұстафа Шоқай бабамыздың сөзімен айтқанда, мен жастарға сенемін.

Ал аты ғана «президент», заты сол баяғы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Назарбаев таптаурын болған кеңестік дәстүрге сай жариялаған «Жастар жылы» сияқты ұрандатқан науқандардың өскелең ұрпаққа берері шамалы, әрине.

  1. Тоқаевтың өткен уақыт ішіндегі аяқ алысы, қайталап айтам, оның тек Назарбаев тағайындаған, демек – халық сайламаған жалған президент екенін толық дәлелдеді. Мұның нақты мысалының бірі ретінде, әңгімені көбейтпей, менің өз басыма тікелей байланысы бір фактіні келтірейін. Биыл 7-ші сәуірде мен 70-ке толдым. Сол мерейтойыма өзім жасаған сыйым ретінде тұңғыш кітабымды шығармақ болып, оны Алматыдағы баспаханаға берген жерімнен оған ҰҚК «батырлары» басып кіріп, терілген, басуға дайын тұрған кітапты тәркілеп алып кетті. Содан соң, амал жоқ, Бішкектегі бір баспаханаға бастыратын болып келістім. Алайда менің өзімнің әр басқан қадамым аңдуда болғандықтан, осы іспен айналысқан менің досымды «үш әріп» шекарада ұстап, оны шетелге шыға алмайтындардың «қара тізіміне» кіргізіп қойды және күні бүгінге дейін ол кітапты елге жеткізу жолын кесіп отыр.

Содан, биыл қарашаның 15-і фейсбук желісінде «Господин Токаев, избавьте меня от политической слежки и преследований конторы Масимова!» атты ашық хат жарияладым. Алайда Қасым-Жомарттан еш хабар болмаған соң, 12 желтоқсан «Токаев хранит гробовое молчание в ответ на мое открытое письмо» атты жазба жариялап, сонда оның «В слышащем государстве каждый гражданин должен чувствовать себя в безопасности и защищённым от любых проявлений самодурства и некомпетентности со стороны чиновников. От таких чиновников мы будем решительно отказываться, избавляться» деген сөздерінің халықтан және шетелден арзан саяси ұпай жинау үшін ғана айтылған бос сөз, жалаң популизм екенін атап көрсеттім.

Сондай-ақ жүгенсіз (самодур) полицияның бір белгілі блогер, күрескер жасты еш негізсіз тұтқындауына байланысты осы айдың18-і «Господин Токаев, освободите Азамата Байкенова и накажите чиновников-самодуров» атты пост жариялап едім, тек сөз жүзінде ғана «қаһарлы» Қасым-Жомарт тағы да үнсіз қалды.

Міне, «Қазақстанның екінші президенті» деген дардай атағы бар Тоқаевтың шынайы бет-бейнесі.

  1. Жоқ, әрине. Жоғарыда айтылған фактілер мұндай оптимизмге ешқандай орын қалдырмайды. Сондықтан 1992 жылдың қыркүйек айында «Азат» газетінің №12-ші санында жарияланған «Қазақстан үш құбыжық шеңгелінде. Президент Назарбаевтың саясаты туралы ашық әңгіме» атты көлемді мақаламның түйіні ретінде: «Назарбаевқа мен сенбеймін, сондықтан оған ешқандай үміт артпаймын», – дегенімді мен бүгін Тоқаевқа да қатысты қайталаймын.
  2. Мына режим кезінде, яғни «жоғарғы жақтан» бұл мүмкін емес. Бұған біз тек өзіміз тәрізді кеше КСРО «шапанынан» шыққан Грузия, Украина, Қырғызстан, Молдова, Армения үлгісімен Назарбаев режимін төменнен, көшеге шыққан халықтың жаппай бейбіт наразылық акциялары арқылы биліктен кетірген кезде ғана қолымыз жетеді.
  3. Бүгінгі таңда жаңбырдан кейін қаптап шыққан саңырауқұлақ сияқты бірінен соң бірі құрылып жатқан Мамай, Иманбай, Жүкеев, Дувановтардың ҚДП-сы, Тұрғымбаев, Мұқтайлардың «Еркін халқы» және басқа партиялардың барлығы – Қараорданың жобалары. Бұған ешқандай күмән жоқ.

Өйткені Қазақстанда барлық шынайы оппозициялық партияларды – Козловтың «Алға»-сын, Әбділдин-Алдамжаровтың Компартиясын «экстремистік ұйымдар» ретінде жойып жіберіп, саяси кеңістікті олардан тып-типыл етіп тазартқан диктаторлық билік, әлбетте, халықты адастырып-шатастырып, Әбіләзовтың ҚДТ-сынан басқа жаққа бұрып әкету мақсатымен өзі «батасын» берген әлгіндей партиялар болмаса, басқа ешқандай партия құруға жол бермейтіні айдай анық ақиқат. ҚДТ-ның жарияланымдарына «лайк» басқаны үшін ғана көп балалы аналарды соттап жатқан озбыр режим, «Біз «Нұр Отанды» быт-шыт қыламыз! Режимді құлатамыз!» деп ашық мәлімдеген Мамайды, «Біз парламентке кіріп, Назарбаевты қуамыз! Тоқаевты Конституциямен кетіреміз!» деп жар салған Тұрғымбаевты тайраңдатып, «еркелетіп» қойып, олардың емін-еркін «оппозициялық» партиялар құруына жол ашып қоятындай дәрежеде есінен ауысып кеткен жоқ. Сондықтан Қараорданың осынау жалдамалы жансыздарына менің берер кеңесім: «Егер сендердің Құдайдан қорқатындарың рас болса, биліктің тапсырысымен халықты алдауды, жалған партиялар құруды тоқтатып, тәубеге келіңдер!».

  1. Қазіргі режим әдеттегідей халықтың көңілін аулап, уақытша алдаусырата тұру үшін, құрылысшылар тілімен айтқанда, кейбір «косметикалық жөндеулер», яғни, көзбояушылық шаралар қолдануы мүмкін, бірақ одан артыққа бармайды. Есесіне елімізді тонауды, халықты қанауды, Қытай, Ресей сияқты тоталитарлық «ұлы держава» басшыларымен ауыз жаласып, оларға жер үсті-жер асты қазына-байлығымызды, тіпті қазақтың қасиетті қара жерін үлестіру бағытындағы қылмыстық саясатын, сол арқылы ел тәуелсіздігіне, тұтастығына, қауіпсіздігіне алапат қауіп төндіретін іс-әрекеттерін күшейте түседі. Егер, әрине, оны тездетіп ауыздықтай алмасақ...
  2. Біріншіден, Назарбаев 2005 жылы беті бүлк етпей біздің халқымызға жала жауып, бүкіл тарихымызды белінен бір-ақ сызып, бүкіл әлемге жариялағанындай, «Қазақстан ешқашан шекарасы да, мемлекеттілігі де болмаған», сондықтан тек «ұлы Нұрсұлтанның арқасында ғана» алғаш құрылған «жаңа, жас мемлекет» емес. Қазақстан – сонау сақ, ғұн, көне түрік, қыпшақ, Шыңғысхан империясы, Жошы ұлысы («Алтын Орда»), Қазақ хандығы, Алашорда үкіметі сынды біздің бабаларымыз құрған мемлекеттердің заңды мұрагері ретінде өз мемлекеттілігін қайтадан қалпына келтіруші іргелі ел.

Екіншіден, менің жоғарыда айтқан пікірлерімнен бұл сұраққа берер принципті жауабым да айқын болса керек. Атап айтқанда, Қазақстанды, қазақ халқын толыққанды ұлттық мүдделерімізге сай алға қарай алып жүру, шын мәнінде қарқынды дамытып, дамыған елдер қатарына қосу міндетін біз тек 30 жыл бойы отарсыздандыру саясатын жүргізбей, қазақтың тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрлерін, тарихын, әдебиетін, мәдениетін және басқа байырғы ұлттық құндылықтарын жаңғыртуға, тиісті дәрежеде дамытуға кедергі жасап келе жатқан диктаторлық Назарбаев режимінен құтылған кезде ғана ойдағыдай жұзеге асыру мүмкіндігіне ие боламыз.

  1. Қазіргі билік, 30 жылдық Назарбаев режимі – не істесең де ешқандай өзгеріс жасауға келмейтін, әбден іріп-шіріп, біткен режим. Оны бірдеңені алмастыруға көндіру жөніндегі әңгіменің бәрі – тек өзіңді-өзің алдау ғана. Сондықтан, басты мәселе бұл режимді түп-қопара, түгел басқа мемлекеттік басқару жүйесіне алмастыру жөнінде ғана болуы тиіс. Ал ондай жүйенің біздің еліміз үшін ең қолайлысы, меніңше, парламенттік республика жүйесі. Бұл тұрғыда менің көзқарасым ҚДТ-ның өз алдына қойған негізгі мақсат-мүдделеріне толық сай келеді.
  2. Біз бүгінгі таңда Назарбаевтың патологиялық таққұмарлығы, билік маниясы нәтижесінде енді биліктен кетуге қорқу жағдайына жетуі («Шын кетсем, қылмыстарым үшін сотталамын!») кесірінен ешқандай қалыпқа да, ақылға да сыймайтын парадокстар елінде тұрып жатырмыз.

Бір жағынан, мен «Бүгінгі Қазақстанда қосбилік орын алды» деген пікірмен келіспейтіндер қатарынанмын. Өйткені, қайталап айтам, 30 жыл бойы барлық билік қалай Назарбаевтың, басқаша айтқанда – жеке билік режимінің қолында болса, қазір де дәл солай.

Сонымен қатар, екінші жағынан, Қараорда өз халқымызды және шетелді «Қазақстанда ешқандай қосбилік жоқ» деп сендіруге тырысса да (айттым ғой, шындығы да сол), бізде қазір формалды түрде қосбиліктің анау-мынау емес, шамасы, бұған дейін ешбір басқа елде болмаған сорақы түрі орын алды! Және бұл жағдай – тек халықтың ғана емес, биліктің де басын қатырып, мұндай трагикомедиялық абсурдтан қалай шығудың амалын таба алмай аласұртып қойған тұйық жағдай.

Қазір Қараорда Жаңа жылда «елбасы» мен «президенттің» ешқайсысын ренжітпей, екеуінің де халықты құттықтау мүмкіндігін іздестіруде. Бірақ оның қандай шешімге келетінін тап басып кесіп айту, әрине, қиын. Бұл жерде тек бір нәрсе айқын – қалай айтса да, екі «сабаздың» екеуі де тілек айтады. Басқаша болуы, меніңше, мүмкін емес...

Әзімбай Ғали, т.ғ.д., профессор, саясаттанушы

  1. Авторитарлық режимдер өз бетімен биліктен бас тартпайды. Бірақ біздің жағдайда біздің билік транзитті өзі бастап отыр. Соның дәлелі ретінде бірқатар батыл қадамдар жасап, билікті өз қолымен заңды легитимді мұрагерге беріп отыр. Бүгінгі күнде ҚР  президентік  республика. Сонымен бірге өтпелі кезеңге сәйкес легитимді президенттің өзін түзеп, бағыттап отыратын авторитарлық орган тағы бар. Бұл авторитарлық саяси модернизацияны жүзеге асыру мақсаты. Либералдану үрдісін жоққа шығармауын, бірақ тым либералдану баяу болып көрінуі мүмкін. Либералдану үрдісінің кезекті қадамдары жеделдеу жүруі маңызды болар. Бұл жоғарғыдан төмен келген саяси қадамдар, басқаша болуы мүмкүн емес. Либералдану кері даму сценариі болуы ықтималдығы да  жоқ емес, әзірше бағыттан тайған жоқпыз. Демек революциялық сценарийді күткендер де қоғамда аз емес.
  2. Қоғамда әр өскіннің өз түсінігі болуы социологиялық қағида. Жастардың әлеуметтік дамуы, билік трансформациясын максималдық тұрғыда бағалауы таң қалдырмайды. Біздің жастар «Украина сабағын» есте сақтауы керек. Қазақстандағы ықтимал саяси дүрдараздық Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасауға таптырмас сылтау боларын ұмытпаған жөн. Солтүстік Қазақстан облысы мен Қостанай облысында қазақтың үлесі 35% екенін ұмытпағай. Сондықтан Қазақстанға әскери-саяси жинақылық пен сергектікті сақтап отыру керек. Іс насырға шапса әскери шығындардың бас тауқыметін жастардың өзі көтеріп алады. Сондықтан «жау жоқ деме, жар астында». Сабырлық сақтаған жөн.
  3. Тоқаевтың президенттігіне тағар сын болса, бұл экономикалық көрсеткіштер болар. Мәселен, 2015 пен 2016 жылдары 1.0% және 1.2% экономикалық өсім болды. Бұл экономикалық стагнация көрінісі еді. Енді біз биыл 4.3% көрсеткішке жеттік, бұл мемлекетіміздің транзит пен саяси құқықтық модернизация жолына түскенінің сәттілігінің куәсі. Жағдайдың одан ары түзелуі құқықтық және саяси реформалардың қарқыны мен шынайылығына байланысты. Экономиканың даму қарқыны еліміздің демократияға қадам басыуның сыншысы, яғни объективтік индикаторы.
  4. Қоғамға үш-төрт кепілдік керек: ол персоналдық, яғни жеке бастың қауіпсіздік кепілдігі және жеке меншік кепілдігі. Үшінші кепілдік – жерге жеке меншік, яғни фермер, жеке қожайын иелігі ешбір күмәнсіз болғаны дұрыс. Төртінші, ең қиыны – ескі қоғамның адептері (мықтылары) саяси сахнадан таю керек, бұл люстрация амалының керектігін дәлелдейді. Партиялық-кеңестік-комсомол билік  номенклатура өкілдері, отаршылдық режимнің қызығын көргендер «итжеккенге айдалмаса да» саяси-моралдық сот айыптауынан өтіп, саяси өмірден толық шеттетілуі керектігі заңды қадам. Коммунистік идеология – фашизмнің аналогы, басқа жағдайда ескі заманның елестері бізді адастырып, аяғымыздан шала беретін болады.

5-6. Ішкі және сыртқы саясатта: адам құқығы мен ұлттық мүдде – басты принцип болуы мәнді. Адам құқығын таптамау – ең қиын мәселе болатынын білемін. Қоғам өзі адам құқығын ешбір кодексіз қорғауға құлшынуы маңызды.

  1. Елімізде, қазақтың ішінде урбанизация үрдісі күшейіп келеді. Еліміздің өндіргіш күштерінің даму конъюктурасы, экономикалық даму қарқыны, жұртшылықтың орналасу географиясы халықтың мобильді болуын талап етеді. Ендігі талаптар жұмыс, бизнес пен қызмет қай қалада, не өлкеде болса, сол жаққа ойланбай көше беру керек. Қазақстанның қай бұрышы болса да – сен сол елді мекенде өз нәпақаңды табасың, тек жатып алуға болмайды. Бүгінгі күннің өзінде перспективасы бар жұмыс, бизнес  пен қызмет іздеп келген қалада көңілден шығатын инфрақұрылым болмауы ықтимал. Сонымен бірге жанға жайлы туған өлкеде тиісті жұмыс пен бизнес жүрмеуі әбден мүмкін. Қазіргі таңда Қазақстанның өзінде «өлі қалалар», дағдарыстан шыға алмайтын, конюктурадан тыс қалған өлкелер, экономикалық перспективасы  ұзаққа бармайтын өндіріс салалары да бар. Бұл нарықтық қоғамның бұлтартпас заңы. Кезінде  ГДР мен ФРГ қосылған тұста, бұрынғы «гүлденіп тұрған» Шығыс Германия өлкелерінің социалистік индустриясы құрдымға кеткенін өз көзіммен көрдім. Дәл сол сияқты бізде де экологиялық талаптан шықпайтын өндіріс, постиндустриалдық талапқа сай емес өндіріс жабылып жатыр.
  2. Иә, ұлттың үлкені де, кішісі, жасы да кәрісі де болмайтын шығар. Қазақ еуропалық елдермен қатар ұлттық мемлекетін XIV ғасырда Орыс ханның тұсында, тарихнамамыздың бас деректерінде XV ғасырда Жәнібек пен Керейдің кезінде ұлт мемлекет шаңырағын көтергені белгілі. Қалай есептесек те қазақ ұлты Еуропа халықтарымен қатар төл мемлекетінің туын синхронды жағдайда көтерді. Қазақ қырық қырғыннан өтсе де беделді еуропалық елдердей саны бар. Қазақстадағы қазақтың саны 13 миллион десек, ал елімізде 18.6 миллионнан артық тұрғын бар. Біздің мемлекет әлемдегі 245 елдің арасында тұрғындар санынан  64 орында екен. Мәселенки, халық санынан бізден кем Нидерландыда 17.4 миллион,Чехияда 10.6 миллион, Грекияда 10.4 миллион, Швецияда 10.3 миллион, тұрғын бар. Аталған мемлекеттердің бәрінде  халық саны азаюда, ал қазақ саны өсуде. Қазақ жылма-жыл аз дегенде 255-260 мыңға артып келеді. Бізде халықтың жас құрамы жағынан қарттарға қарағанда жастар үлесі басым.
  3. Иә, тарихи тағдыр әр ұлт пен ұлысқа қасиеті мен қасіретіне қарай, озығы мен тозығына сай жазасын береді. Өзін асқақ, ұлы санаған гунн тайпалары мемлекет құрып дәуірлеп, пәлен ғасыр әлемді дүркіретіп аяғы  жер бетінен жойылды. Қытайдан Шығыс Еуропаға дейін кеңістікті қылышы мен жебесіне бағындырған моңғолдар бүгіннің жуас көшпенділері, мал бағудан аспай қалды. Қытайды бағындырып, Орта Азияға ауыз салған манчжұрлар өз ұлтын құжатта көрсетуге арланады деседі. Қазақтар моңғолдар сияқты жаугершілікте пассионарлық қуатын тауыспаса да, саны азайып, ұзақ ғасырлар бойы қоңырқай отаршылдық тіршілікте қала берді. XX ғасырдың басында бірнеше дағдарыс пен қырғын-ашаршылықты басынан өткерді. Зобалаң заман, ашаршылық қырғынды басынан өткеріп,  ұлт ретінде шыңдалды. Ғасыр аяғында қазақ есін жиып, егемендік алып, өркендеу жолына түсті.

Біріншіден, қазақ  ұлты мен мемлекеті егемендік алған тұста көрші мемлекеттерге дөң айбат көрсетуге барған жоқ. Көрші мемлекеттермен жерге талас дауы және қазақ тарапынан өзара жанжал туған жоқ. Мәселенки, Ферғаналық қырғыз-өзбек, тәжік-өзбек қақтығыстары, Қарабақ үшін таласқан армян-әзірбайжан жанжалы болғаны белгілі, орыс пен молдаван арасындағыдай текетірес сол өлкені дағдарысқа әкелді.

Екіншіден, 90-шы жылдары Назарбаев-Қажыгелдин радикалдық экономикалық реформаларды жүргізіп, елді нарықтық жолға қойды. 2001 жылдан бастап экономика қарқындап өсті. Қазақстанның ІЖӨ Орта Азия елдеріне қарағанда 2,5 есе артқаны есімізде.

Ішкі саясатта Қазақстан оңтайлы арақатынас формуласын тапты деген едік. Қазақстандағы қазақ ұлты үлесі 1989 жылы тек 39,7% болған, сондықтан сепаратизм қауіпі тым зор еді. Бірақ Қазақстан басшылығы алдымен орыс жұртшылығының және Кремльдің көңілін таба білді. Ал Шығыс Қазақстандағы қазақ-орыс текетіресі Казимирчукті ауыздықтауымен жым-жырт тоқтады. Сонымен Қазақстан ешбір текетірессіз Назарбаев саяси абырой жинады. Бұл жағдайды үшінші елеулі жетістік деуге болады.

Әрине үлкен істе кемшіліктер де жіберілді. Солардың бірі коррупциялық әрекетердің терең бой алғаны. Аз уақытта Қазақстанның лауазымды экономикалық қызметтегі тұлғалары олигарх және долларлық миллионерлерге айналды. Бұл кемшілік жүйелі сипат алды. Яғни жемқор механизм шаруашылық механизмге ұласып, міндетті тетікке айналды. Бұл Қазақстанның саяси-экономикалық бағытындағы басты кінәраты. Тағы бір маңызды кемшілік, қазақ тілінің егемендік кезеңнен бастап қағажу көргені. Қазақтың саяси элитасының рекрутталуы негізінен орыс тілді тұлғалардан қалыптасқаны көзге түседі. Тіпті қазақша еркін сөйлейтін тұлғалар «бәріне түсінікті болсын» деп орысша тілдесуге дағдыланды. Бара-келе бұл үрдіс нормаға айналды. Оның үстіне латыншаға өту қазақ тілінің өрістеуіне соққы болмақ. Үшінші маңызды кемшілік, саяси элита өкілдері құрамында негізінен оңтүстік өлкесі басымдық танытса, батыс өңірінен жеткіліксіздеу болуы көзге түседі. Сонымен бірге кадрларды іріктеуде ескі компартиялық-комсомолдық кадрының көптігі люстрация (қиып тастау) жүргізілмегенін көрсетеді.

Сонымен, біткен істен мін тауып, сын айтуға оңайдың оңайы екені белгілі. Қалай болса да Қазақстан егемен ел ретінде 30 жылдық межеге табыспен келе жатыр. Жеке басым өткен тарихымыздағы біткен іске тәубешілікпен қараймын.

  1. ...

Дос Көшім, саясаттанушы, қоғам қайраткері

  1. Біріншіден, «Үкімет ауысты», «Билік ауысты» деген сөздерге, өз басым пәлендей мән бермеймін. Адамдардың ауысуы – Үкіметтің не Биліктің ауысуына әкелмейді. Бұл сөзім жаңа президентке де қатысты... Билікке жаңа бір саяси топ, жаңа бағыт ұстанған саяси күш келген жоқ. Сондықтан «транзит» дегеніміз артықтау шығар. Өткен сайлау көрсеткендей, ондай топ басын көтерсе, оларды оппозиция мен билік біріге талайды екен. Екіншіден, «либералдану» операциясында да билік өзінің жоспарын жүзеге асырды (оппозицияның көмегімен), ал жеңіліске ұшыраған ұлттық бағыттағы топтар мен азаматтар болды. Ал күтпеген оқиғаға – президенттік сайлауда Әміржан Қосановтың халықтың басым көпшілігінің қолдауына ие болуын жатқызар едім. Үшіншіден, осы жылы қазақ елінің саяси жағдайы, қоғамдағы пікір ағынының сан түрлі өзгеріске ұшырағаны соншалық, қоғамда не болып жатқанын, өзгерістердің қандай бағытқа бет бұрғанын, кімнің – дос, ал кімнің – жау екенін білмей де қалған сияқтымыз: «Мәңгілік президентіміз» орнынан кеткен сияқты, бірақ зер салып қарасаң... әлі де тақтан түскен түрі көрінбейді... Оның қызметін уақытша орындауға келген Тоқаев мырза бірде «Елбасының жарқын жолын жалғастырамын» деп жар салып, онсыз да халықтың қарсылығы мен мазағына ұшыраған Астананы «Нұр-Сұлтанға» ауыстырса, бірде ағылшын тілін не үшінші, не бесінші сыныптан бастайық деп, экс-президенттің басты ұранының бірін жоққа шығаруға кірісті. Ең қызығы, «сайлауды әділ өткіземін» деп уәде беріп (демек, бұл – бұрынғы сайлаудардың әділетсіз өткенін мойындау. Егер осының алдындағы сайлаулар әділ өтсе, «бұл сайлау әділ өтеді» деп не жыны бар? – Д.К.), сайлауды бұрын-соңды болмаған заң бұзушылықтармен өткізді! Өздерін оппозициямыз деп атайтын топтар да бәрімізді мәңгіртіп тастаған сияқты; әуелі президенттік сайлауға түсемін деген батырлар, өздерін ұсынатын бірлестіктер мен партияларды таба алмағандықтан ба, әлде тағы басқа себептерден бе, кейін бастартып, өздері қатысамыз деген сайлауға бойкот жариялады. Ал ұлтшылдар, өздерінің бір де бір кандидаты тіркелу шартынан өте алмайтынын білгеннен соң, 22 жыл оппозицияда болған азаматты ұсынып еді (біздің ұлттық бағытымызды өмір бойы қолдамаған оппозиция, ең болмаса, өздерінің адамдарын қолдайтын болар деген оймен – Д.К.), осы 22 жылда Әміржанға бір ауыз сөз айтпаған (бірге талай құрылымдарда жұмыс істеген, дәмдес, дастархандас болғандар– Д.К.) әріптестері «одан өткен жаман жоқ» деп шыға келді. Күндестік пе, бәсекелестік пе, білмеймін... Айтпақшы, бұндай жағдай Әміржан Қосанов жөнінде де орын алды. Оған өлең шығарып, «жалғыз жұлдызымсың» деген жандар, сайлаудан соң «бізді сатып кетті!» деп балағаттауға көшті. Өздерін «оппозициямыз» деп атайтын, бірақ әліптің артын бағып, нақты іс-әрекетке бармайтын ЖСДП бірде «сайлауға қатысамыз» деп жар салса, енді бірде біздерге «бойкоттан» артығы жоқ екен деп таң қалдырды. Ермұрат Бапи әріптесіміз біресе партияның төрағасы болып, енді бір сәттен кейін орнынан алынып, «мыналар жынды ма?» деген (Ермұратқа емес, партияға бағытталған сұрақ– Д.К.) сұрақ қалдырды. Бірақ ең қызығы, Ермұратты партияға басшы етіп қойған да, алған да сол адамдар, сол топ... Өзін басшы қылғанда «партияның басшылары сатылып кетті» демеген Ерекеңнің өзін алып тастағанда партия басшылығына «жаман баға» бергені – қызықтың тағы бір көкесі болды. Былтыр Брюссельге барып Еуропарламент депутаттарымен кездескенде, біздерді «Ақорданың жобасы», «Бельгияға барып, қыдырып жүр», «Оларды қалай жіберді...» деп айқай шығарған топтар, сайлау науқаны кезінде Парижге, Киевке барып жатқандар туралы жақтарын ашпай, тағы бір таң қалдырды. Ал Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін жасақтағандар, одан да әрі кетті – 16,2% халықтың сеніміне ие болған (биліктің бергені– Д.К.) Әміржанды ысырып тастап, 1,8% алған коммунисті кеңеске кіргізіп, тағы бір шешімі жоқ есепті алдымызға тартты. Қысқасы, классиканы есімізге алсақ,  «Дат каролдігінде адам түсінгісіз жағдай болып жатыр» деп толық айтуға болады.
  2. Ешқандай өзгешелікті байқамадым. Әрине, баяғы науқаншылдықпен «галочка» қоятын жүздеген не мыңдаған іс-әрекеттердің жасалғанын жоққа шығаруға болмайды, бірақ ол әрекеттер биліктің бір сатысының екіншісіне есеп беруімен аяқталған сияқты. Өз басым, осындай «жылдар» мен «айлықтардан» Кеңес кезінде-ақ мезі болғанмын. Егер былтыр «Жастар жылы» болса, биыл неге «Орта жастағылардың жылы» болмайды...
  3. Байлам жасау ертерек болар, бірақ оның алғашқы қадамдарына баға беретін уақыт жеткен сияқты. Бәрін санамалап жату артық болар, сондықтан маған ұнамаған үш қадамын атап айтайын. Олар мыналар: Астананың атын өзгертуі (біздің заңымыз бойынша тұлға қайтыс болғаннан кейін бес жыл өткен соң ғана оның атын қала, көшелерге беруге болады); заңды белден баса отырып, бұрын-соңды болмаған әділетсіз сайлау өткізуі; дипломатиялық бұлталаққа салғанымен, Ресейдің Қырымды заңсыз басып алғанын мойындауы. Енді мен қолдаған үш қадамына келейік. Олар – ағылшын тілін бірінші сыныптан бастап оқытуға келіспеуі; латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді тағы бір қарап шығуға мүмкіндік беруі; саяси реформалардың қажеттігін мойындауы. Қысқасы, Тоқаев мырзаның «бергенінен берері көп» деуге де болады, бұрынғы жүйенің жалғасы десек те жаңылмаймыз. Әрине, мені қызықтыратын басты мәселелер – ұлттық бағыттағы (қазақ тілі, оралмандар мәселесі, қазақ мәдениеті, т.т.) өзгерістер мен демократия құрылымдарының орнауы, жұмыс істеуі. Ұлттық мәселе әзірше қозғалмай, сіресіп тұр, ал саяси реформаға жан бітетін тәрізді. Бірақ саяси партияны тіркеу үшін қажетті адамдар санын 40 мыңнан 20 мыңға түсіру керек дегені – мені қайран қалдырды! Бұл ешқандай дерексіз, дәлелсіз алынған санды «әйтеуір азайталық» деген ниетпен екіге бөлу сияқты болып көрінді. Неге 20 мың? Ол қайдан шыққан сан? Тұрғындардың санының пайызына шаққандағы сан ба, әлде сайлаушылардың санына байланысты алынған мөлшер ме? Қырық мыңның қайдан алынғанын білмей, дал болып жүрген қоғамға Президент тағы бір сұрақ қалдырған сияқты. Бұл – «бәрі менің қолымда, керек болса – қысқартамыз, қажет деп тапсақ – көбейте саламыз» дегенді көрсетті. Екіншіден, көппартиялық институттың қалыптасу 40 мыңды екіге бөлумен шектелмейді. Саяси партиялар туралы заң толық қайта қаралуы шарт.
  4. Әрине, саяси реформаларды жүргізуге батылдық пен қайрат берсін деймін. Алайда саяси жүйе сол жүйеге қызмет еткен адамдармен бірге келмеске кетуі керек еді. Ал бұрынғы жүйенің көшбасшылары, «халық талап етіпті» деп, жаңа саяси жүйе құруы – ешқашан жүзеге аспайтын арман. Ол қоғамдағы кезекті алдау, биліктегілердің уақыттын созу болып қала береді. Осыдан отыз жыл бұрын оны да көрдік. Естеріңізде болар, Тәуелсіздіктен соң билік басына қайта келген (сол тоталитарлық жүйеге қызмет жасаған, коммунистік идеологияның жауынгерлері болған) бұрынғы компартиялық топ Қазақ жерінде әділетті қоғам жасай алмады, керісінше, авторитарлық жүйені орнатты. Сондықтан, менің күтетінім – жаңа саяси күштің билік басына келуі. Егер Тоқаевтің бастауымен сол, жаңа саяси күштердің келуіне жағдай жасап кетсе, бұл биліктің басты қызметі осы болар еді.
  5. Біріншіден, Қазақ елінің азаматтарының басым көпшілігі адам құқығы мен еркіндігінің не екенін, не беретінін, оны демократия институттарының іргетасы екенін түсінгенде ғана шынайы құндылыққа айналады. Өкінішке орай, біздің көпшілігіміз демократия дегеннің не екенін толық түсіне қойған жоқпыз... Екіншіден, бұл әрқашан төменнен жоғары қарай жүретін үдеріс. Адам еркіндігі – билікке емес, адамдарға, жеке индивидтерге керек. Билікке сеніп тапсыруға болмайтын бір мәселе болса, ол – адам құқығы және сөз, пікір бостандығы деп білемін. Үшіншіден, демократияның құрылымдары, құндылықтары кешенді түрде өмірге енуі керек. Демек, «әділетті, еркін сайлау» институты орнап, ал «жергілікті өзін-өзі басқару институты» жоқ болса (бізде осының екеуі де жоқ!) ол елде демократия жоқ деген сөз. Ал адам құқығы сақталмаған жерде демократия туралы сөз айтудың өзі қылмыс. Сондықтан жоғарыдағы сұраққа жауап біреу – ақ: Қазақ елінде «Көппартиялы жүйе», «Әділетті, еркін сайлау», «Сөз бостандығы», «Жергілікті өзін өзі басқару», т.т. болғанда ғана адам құқығына кепілдік келеді.
  6. Ең бастысы – мәдениетті болуы керек. Екіншіден, өте мәдениетті болу керек. Үшіншіден, тағы мәдениетті болу керек.
  7. Біз отыз жыл бойы таз қалпымызда келе жатқан елміз. Сондықтан келер жылы да осы қалпымызда қаламыз. Әрине, әлемдік экономикалық дағдарыс, шикізат бағасы дегендер біздің бейшара тіршілігімізге белгілі бір деңгейде әсер етеді, алайда ол өткінші қиыншылық не өткінші жақсару болып қалады.
  8. Жас мемлекет дегенмен келіскім келмейді. Әрине, екі ғасырдан соң, тәуелсіздігімізді қайтадан алдық. Бірақ 5-6 ғасыр қазақ болғанымызды қайда қоямыз. Екіншіден, біз кез келген өзгеріске дайын елміз. Өкінішке орай, сол өзгерістердің соңынан еріп кетіп, өзіміздің ұлттық құндылығымыздан айрылып қалып отырған ұлтпыз. Өркениет құндылықтары – адамзат құндылықтары, сондықтан олардың барлығы дерлік біздің тіршілігімізде, салт-дәстүрімізде бар дүниелер. Алайда, ...басқаның дәстүрі қызық сияқты. Соған жүгіреміз. Меніңше, заманауи құндылықтар мен өзінің ұлттық құндылықтарын біріктіре ұстауға тырысып отырған жапон ұлты бізге үлгі болуға лайық сияқты. Құдайға шүкір, қазіргі жастар ішімдік пен темекіден алыстай бастады, дінге көңіл бөлетін болды, енді қазақтың тілін қолдауды қолға алса, ұлттық бағытқа бет бұрамыз деп ойлаймын. Отаршылдық кезеңі қазақтың рухы мен намысын жасытты, мемлекеттік саясат осы отыз жылдың ішінде бұларды тірілте алмады, (шындап айтсақ, тірілткісі де келмеді – Д.К.) ал 60-70 жылдары қалыптасқан зиялы қауым (жел қайдан соқса, сол жаққа қисаятын зиялы қауым – Д.К.) ұлттың алдындағы парызын атқара алмады.
  9. Бірінші, «жағымпаздық» кемшілігінен арылып, әр тұлғаға бет-жүзіне қарамай шынайы баға беруге келсек деймін. Қытайлар «Маоның жасаған еңбегінің 70% қытай халқына, мемлекетіне жақсылық алып келді, ал 30% қателік болды» дейді. Ал біздің жүйе, сол жүйе тудырған жағымпаздар «пенденің бәрі қателеседі, бірақ Президентіміз ешқашан қателеспейді» дейді. Қазақ ешқашан жағымпаз болған халық емес. Біз – жағымпаздыққа жиіркене қараған ұлтпыз. Осы қасиетімізден айрылып қалдық

Екіншіден, бұл жүйе «халық – білмейді, ал билік – бәрін біледі» деген ақымақтықтан арылу керек. Естеріңізде болса, жерді сатуға шығарғанда да, үштілділік мәселесін білім саласына енгізгенде де, латын графикасына көшкенде де билік «біз білемізге» салында. Халықпен ақылдасқан да жоқ. (Парламентті халықтың қалаулылары деп айтуға ұяламын – Д.К.). Сасқандарынан кейін сан түрлі комиссиялар құрып, «мәдениетті түрде» шегініс жасады.

Үшіншіден, жүйе «біз кінәлі емеспіз» деген ұстанымнан арылып, «жауапкершілік» деген ұстанымға көшсе деп ойлаймын. Жоғарыдағы айтылған мәселеге қайта келейік. Жерді сатуға шығарған, сол арқылы қоғамда билікке қарсылық тудырған Парламент мүшелері халықтың алдында жауап берді ме? Жоқ. Олардың әрқайсысына бес жыл арқалатып жіберсе, келесі Парламент депутаттары Үкіметтің ұсынысын қабылдар кезде ойланар еді, халықпен, қоғаммен ақылдасары еді. Немесе мектепке ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалімдер дайындаймын деп миллиарттаған теңгені желге шашқан Білім және ғылым министрі түрмеге түсті ме? Жоқ. Қысқасы жауапкершілік болмаған жерде билікке кенім де болмайды.

Төртіншіден, биліктің басты кемшілігі – кеңестік, оның ішінде орыстық бағытты сақтап қалуы. Олар осы отыз жылда қазақ мәселесін, оның ішінде қазақ тілінің мәселесін шешкен жоқ, шешуге тырысқан да жоқ. Бұл бәрімізге белгілі жәйт, сондықтан тәптіштеп айтып жату артық болар. Биліктің орыстануы – оның басты кемшілігі. Демек, билікке ұлшылдық қасиет керек

Бесіншіден, қазіргі жүйеде билік пен байлық бірігіп кетті. Байлық керек болса, билікке бар, немесе билікке жақындау керек. Бұл – ең қауыпті жағдай. Өркениетті елдерде бизнес өз бетінше, атқарушы билік өз бетінше жұмыс істейді. Бізде билікке келгендер бір-екі жылдың ішінде байлыққа кенелетін «қызық» жағдай бар. Осыдан арылу керек.

  1. Екеуі қатар тұрып айтады деп ойлаймын.

Қадіржан Асқаров, Демократиялық партияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі

  1. Айтарлықтай жүзеге асқан оқиғалар жоқ деп айтуға болады. Билік кеңінен жариялап сенімін арттырған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің өзінен де, кейбір соның мүшелерінің мойындағандарына қарағанда, нәтиже күту мәнсіз.
  2. «Мен жастарға сенемін» деген Мағжанның, «Жастар – ұлт болашағының қамқоршысы» деген Бенджамин Дизраэлидің жалынды сөздерін ескерсек, біздің жастардың биылғы өз тарапынан мемлекет ісіне, саяси-қоғамдық өміріне белсене араласуға талпыныс танытқандары, сөзсіз, өте қуанышты жағдай деп есептеймін. Ал билік тарапынан жастардың бұл құлшынысына қандай «құшақ жайылғаны» жалпы қоғамға мәлім.

Сонда мына бір сұрақтар туындайды: биліктің мұндай әрекетімен ұлтымызды, елімізді қандай болашақ күтіп тұр; шынын айтқанда, жастарына осындай тосқауыл жасайтын мемелекеттің болашағы бар ма?.. Жастардың көбі ел ісімен, саясатпен шаруасы болмай шетелге қоныс аударуды армандауда, мүмкіндіктері бар орта буын азаматтары да балларын дамыған елдерде тәрбиелеуді мақсат етіп жүр. Мұның себептері неде? Себебі сол жастар, жас ата-аналар Мұхтар Жәкішев сияқты азаматтардың тағдырын көріп отыр. Жылдар бойы «алдымен экономика, содан кейін – саясат», «Елу, отыз дамыған елдердің қатарына кіру қажет» деп ұрандатты. Олай болса не себептен елу-отыз емес – елімізді әлем деңгейінде бірінші орынға шығарған азамат, экономикадағы жетістіктеріне қарамастан осындай қатыгездікке ұшырап отыр? Мұндай жағдайда болашағына, билікке кім сенеді? Билік басында отырғандар елге шынайы жаны ашитын белсенді жастарды қолдаудың орнына, беттерін қағып, қоғамды «Жастар жылы» деген құрғақ сөзбен әлдилетіп, кеңес заманынан қалыптасқан дәстүрмен сол биліктен айырылғысы келмей отыр.

Бұрнағы буын мен бүгінгі өскіннің айырмашылық пен ерекшеліктеріне келсек. Менің студенттік достарым Желтоқсан көтерілісіне қатысқан, өзім ол кезде әскерде болғам. Өкінішке орай, сол кездегі жастардың құлшынысына зиялы қауымнан да, жалпы аға буыннан да бұқаралық қолдау болмады, сағы сынды. Сондықтан болар – Желтоқсан көтерілісі Кеңес одағының қайта құру кезеңіндегі жүйеге қарсы ең алғашқы наразылығы болса да, кейін Балтық, Кавказ республикаларында болған көтерілістердей айтылмайды. Әрине, ол кездегі саяси жағдай қиынырақ болды: біздің ұрпақ жетпіс жылдық кеңестік насихаттан жаңа-жаңа оянып жатты. «Елу жылда ел жаңа» демекші – қазіргі заманда ел елу жылда емес, бес-он жыл сайын өзгеріп, екпінді дамып бара жатыр. Бірақ бұл техникалық даму тұрғысынан ғана. Ал саяси жағынан – қазіргі биліктің ширек ғасыр насихатынан ояну да оңайға түспейін деп тұр. Оған қоса кейбір пікірлерге сүйенсек, рухты ұрпақ отыз жылда жаңарып тұрады деген ой бар. Соған қарағанда қазіргі оянып жатқан жастар буыны сол Желтоқсаннан отыз жыл өткеннен кейін пайда болып отыр. Әрине бұл ұрпақтың ақпараттық та, техникалық та мүмкіндіктері бізге қарағанда әлдеқайда жақсы. Сондықтан еліміздің, ұлтымыздың, мемлекетіміздің болашағын ойласақ, жастарға сену керек, жастарды қолдау керек!

  1. Бұл әрине экс-президенттің билікті толығымен бақылап, қолынан шығарып алмаудың амалы. Оған қоса алдын-ала қойылған талап болуы керек. Бір қызығы, қоғамда елде қосбилік орнатылды ма деген талқылау жүріп жатыр. Аңғарғаным қазақтілді қоғамда «елбасы» деп Назарбаевты атаса, орыстілділер (депутаттардың өзі) «глава государства» деп Тоқаевті атап жүр. Сонда елбасының аудармасы мемлекет-ел басы емей не? Бұл халыкты сегменттерге бөлу үшін әдейі жасалып отырған әрекет болуы әбден мүмкін. Мысалы, Қырым жөнінде, Алматының атауын «Алма-Атаға» өзгерту жөніндегі тақырыптар да сол тәрізді...
  2. Күтетінім шамалы. Дегенмен, біріншіден, әрине жарияланған реформаларды жүргізуге мүмкіндік беріліп, сөзге емес нақты әрекетіне қарап баға беру керек. Екіншіден, бұқара, азаматтық қоғам тек қана тілеумен, талап етумен емес, билікке саяси ықпалын күшейтіп, нақты талап қоюмен сол реформаларды жүзеге асыруға көндіру керек.
  3. Бұл азаматтық қоғам қалыптасып, билікке саяси ықпалын күшейткен жағдайда ғана жүзеге асатын іс. Көпбалалы аналар, шетелдегі қандастар, шетелдік компаниялардағы қазақстандық жұмысшылар мен кәсіпкерлердің т.б. тапталып жатқан құқықтарын құндылыққа айналдырғысы келіп отырған билік әзірге байқалмайды. Сондықтан бұл – керісінше, төменнен жоғары қарай жүретін үдеріс болу керек дер едім.
  4. Жалпы билікте отырған топ жоғарыда айтылған себептерге байланысты халықтың бірігуін, азаматтық қоғамның қалыптасуын қаламайды. Сондықтан аталған ұйымдар ішінен іріткі салу, бөліну әрекетіне бой алдырмауды қаперге алғаны дұрыс. Сонымен қоса ұлтаралық араңдатудан, жергілікті ағайындарды сырттан келіп жатқан қандасқа қарсы қою тәрізді араңдатудан сақ болу керек. Ондай арандатушылықтың, ақпараттық шабуылдардың сырт елдерден де болу қауіпін ұмытпау қажет.
  5. Өкінішке орай, бұл мәселелер әрі ұлғаятын сияқты. Себебі әлеуметтік саладағы жобаларды қаржыландыру тапшылығы мәселесі өріс алып келеді. Сіз атап өткен мәселелерге мен халыққа көбейіп салынып жатқан түрлі айыппұлдарды қосар едім. Ол да қаржылық тапшылығының бір көрінісі деп айтар едім. Соңғы ақпарат бойынша бір аптаның ішінде ғана елде жол апатынан (тазартпағандықтан) 39 (!) адам қаза тауып, ондаған адам жарақаттанды. Қазір алименттен жалтарып жүрген адамдардың ата-анасына, яғни баланың ата-әжесіне міндеттеу ұсынысы айтылуда.
  6. Бұл өте күрделі мәселе. Ол тікелей билікке, қоғам мен жанұяға байланысты. Билеушілерге қатыстысын кезінде Алтекең (Алтынбек Сәрсенбай – ред.) «басшы халық жадында қалыптастырып кеткен құндылықтарымен сақталады» деп айтқан еді. Қазір елімізде қандай құндылықтар пайда болғанын айтудың өзі артық болар. Қоғамға, әсіресе зиялы қауымға келсек, тағы бір кісінің «зиялыларымыз «бейбіт күннің қаһармандары» болып кеткен деп айтқаны бар. Себебі мерейтойына марапат, медаль-орден алғысы келеді. Бар мақсаты сол, ел мүддесімен шаруасы жоқ... Әрине ар-намысын сатпаған ағаларымыз бар әлі де. Бар үміт соларда және әр отбасыда ата-бабадан мирас болып келе жатқан құндылықтарда, тектілік деген ұғымда. Осыдан қол үзбей, қоғам қажетіне жаратып отырса, халықтың санасы заманауи өркениетті құндылықтармен толысады деп сенемін.
  7. Менің жеке көзқарасым бойынша, шынайы мемлекетшілдігімен өз азаматтарының алдында алғысқа бөлену үшін ширек ғасыр әбден жеткілікті уақыт. Сондықтан бүгінгі жүйе қалған абыройын сақтап қалу үшін жариялаған саяси реформаларынан бастап, жолды жаңа формациялы шынайы мемлекетшіл саясаткерлерге беру керек. Ал ескі жүйенің қандай кемшілігінен арылу керек десеңіз, олар: мәнгүрттік, жемқорлық, жағымпаздық, надандық, көзбояушылық, трайбализм. Орнын алмастыратын ізгі қасиеттер ретінде адалдық, ұлтжандылық, ұлттық мүддені қорғау, саяси табандылық, кәсіби біліктілік, шынайы әлеуметтік-зайырлы мемлекет құруды алдына ту ғылып ұстауы қажет.
  8. Мен үшін аса маңызды емес, бірақ жаңа жыл болғандықтан «жаңасы» дұрысырақ болар.

Расул Жұмалы, саясаттанушы

  1. 2019 жылды бұрынғы жылдардан сапалық тұрғыдан ерекшелендіретін басты жағдайы – саяси транзиттің басталуы. Әсіресе, елдегі тек экономикалық-қаржылық емес, саяси дағдарыс, мемлекетті басқару жүйесінің дағдарысы ахуалында қабылдануы. Биыл дағдарыс пен наразылықтың артуымен есте қалды. Естеріңізде болса, Қарағандыдағы жағдай, астанадағы өрт, көпбалалы аналардың бас көтеруі... сияқты наразылық көбейді. Назарбаевтың биліктен кетуі, саясаттану жөнінде біраз ой айтып жүрген адам ретінде маған күтпеген жағдай болды. Әрине жетіспей тұрған тұстары бар, толыққанды транзит әлі де іске асқан жоқ, қосбиліктік көріністері байқалса да, сең қозғалды.

Нұрсұлтан Назарбаев кезіндегі Ельцин сияқты толыққанды кеткен жоқ. Саяси транзит басталар алдында көпшілігімізді алаңдатқан мәселе – мұның арты неге алып келеді, тәуелсіздік пен тұрақтылыққа қандайда бір нұқсан келтірмей ме екен деген уайымдар мен тәуекелдер болды. Грузияда, Украина да қалай болғаны есімізде. Немесе Қырғызстанмен салыстырғанда біздегі әді де жалғасып жатқан саяси транзиттің қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. Наразылықпен қатар «осының соңы жақсылыққа жеткізер» дегендей үміт пайда болды. Елдің саяси сауаты демократияның балалық шағымен тұспа-тұс келіп тұр. Бұған халық кінәлі емес. Біріншіден, ұзақ жылдар саяси тақырыпты жабық есік жағдайында ұстап келген зиялылар мен биліктің кінәсі.

Сайлау толық әділ өтті деп айта алмаймын. Десе де жоқтан бар жақсы. Біз демократия тапталған, сөз бостандығы шектелген жүйеде онжылдықтар бойы өмір сүріп келген жағдайда бір сайлаудан кейін түпкілікті өзгеріп, әділ қоғам орнай қою ертегі ғана. Саясат мүмкіндіктер алаңы, қиял-ғажайып әлемі емес, өкінішке орай. Тоқаевтың Маңғыстауға сапарында қарапайымдалық танытуы, Арыстағы төтенше жағдайда бірінші күні елдің жанынан табылуы және Ұлттық сенім кеңесін құруы, нақты заңдық өзгертулер енгізуі, әлеуметтік қолдау бастамалары оның халыққа жақындығын, сөзден гөрі істің адамы екенін аңғартады. Кез келген билік, керемет адал, көреген билік болса да өз еркімен демократияға бармайды, тек қана қоғамның талабымен мәжбүрлі түрде қадам басады. Көп дүние қоғамның өзіне байланысты. Заңды жолмен, өркениетті әрекеттермен қоғамдық бақылау мен талапты күшейте түсу керек. Айналып келгенде, әртүрлі жаңалықтың өзі қоғам талабының салтанат құрып отыруының көрсеткіші, нәтижесі, биліктің ең сабырлы, ұстамды деген қазақтың өзі бұдан бұлай санаспайтынын ұғынуы.

Мәселе қордаланса, бір күні жарылады. Наразылықты алаңға жеткізбей, революцияға жол бермей шешу керек. Әділетсіздік, қарама-қайшылық, көңіл толмаушылық барлық қоғамға тән дүние. Бірақ өркениетті қоғамда әділ сот, тәуелсіз баспасөз, мықты-тәуелсіз парламент сияқты нақты мемлекеттік институттар бар. Олар істі насырға шаптырмай, мәселені дер кезінде бағалап, талабын жасап, шешіп отырады. Ал бізде, өкінішке орай, аталған құрылымдар аты бар да заты жоқ. Парламент бар, бірақ ол ешқашан Жаңаөзен жағдайын талқыламайды, Қарағандыдағы жағдайда жұмған аузын ашпайды, көпбалалы аналар жайлы да тым-тырыс отырады. Баспасөз де солай, жоғарыдан рұқсат болмаса, Арыс-Қарағанды туралы жазбайды, айтпайды. Салдарынан жабық есік режимінен ашу-ыза керней береді де қиын ахуал қалыптасады. Бізде өртті сөндіреді, өртке алып келген себеп пен алғышартпен жұмыс істемейді. Қоғам мен билік арасында байланыс көпірі, дәнекер болуы тиіс. Бұлар қарама-қарсы қалып қойса, қандай сенім болуы мүмкін?

  1. Бізде науқаншылдық әлі де үстемдік құрып тұр. Түрлі бағдарламалар көтеріледі: 2030, 2050, Еңбек қоғамы, Жастар жылы, Ауыл жылдары дегендей... Сабақтастық жоқ. Биыл жастардың мәселесі кешенді түрде шешілді деп санамаймын. Жекелеген тақырыптар көтерілгенін мойындау керек: жатақхана мәселесі шектелген ауқымда кеште болса қолға алына бастауы, студенттер стипендиясының өсуі, оларды тұрғын үймен қамтуда кейбір жеңілдіктердің енгізілуі. Мұның өзі жаман емес, десек те қанағаттанарлық жағдай деп айта алмаймыз. Ең бастысы, жастарға жол беру, қоғамдық мәселеге қатыстыру, саясатқа тарту сияқты жайттар көңіл көншітпейді. Жастарына жағдай жасаған елдер Солтүстік Ерупопа елдері, АҚШ түбі дамиды, өркениетке қол жеткізеді, креативті жолын табады. Бізде әлі күнге дейін ескі сарын, тіпті 40-50 жастағы адамның өзін жастар деп білеміз. Бұл тұрғыда ескі гвардия жасарын жасады, енді жастарға жол беруі керек. Жастардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырмыз. Олардың өз елінде өркендеп дамуын, әлеуметтік мәселесін, білім алуын, денсаулық сақтауын, мансап жолын қамтамасыз етіп отырмыз деп айта алмаймыз. Жуырда ғана жасалған әлеуметтік зерттеудің қорытындысы бойынша, қазақ жастарының 30-40%-ы өзінің болашағын Қазақстанда көрмейді, мүмкіндік болса, әйтеуір шетелге оқуға-жұмысқа, түпкілікті қоныс аударуға ауып кетуге ынта білдіруі біз қандай мемлекет құрдық деген мәселеге келіп тіреледі. Тәуелсіздік алғалы бергелі кемі үшінші ұрпақ туды. Олар отарлықты көрмеген, отаршының алдында тізе бүгу дегенді білмейтін, әлеммен контексте, теледидарға көз жұмып сенбейтін, өз ойымен қорыта білетін, мобильді. Мұны елдігімізді күшейтуге тарту керек. Қазіргі таңда жастардың көпшілігі азаматтық тұрғыда белсенді емес, олар тым аз. Саясатқа араласпайды, білгісі келмейді. Көбі жеке басының мәселесімен жүр. Шетелге кетіп, жақсы білім алу, бизнесін құру. Және бұл тұрғыдай жастарды ешбір кінәлауға болмайды. Жас ұрпақ – қоғамның көрінісі, орта-үлкен буынның жауапкершілігі. Бұған ең алдымен кінәлі – аға буын мен билік. Үлкен буын «бәлесінен аулақ», «жұмған аузыңды ашпа», «билік не десе соған көн» деген солақай құндылықтар жастарды саясаттан алыстатты. Қоғамдағы ұлық-мықтының бәрі кіл жемқорлар, мемлекеттік қызметкерлер. Жастардың айыбы емес, әрине. Қайталап айтам, жастардың әлеуеті зор. Жауакершілікті тек жастарға ғана артып қоюға болмайды. Бүгінгі таңда әр саладан жастардың талпынысын байқаймыз, дегенмен соншалық кең ауқымда емес. Билік мүмкіндік беруі тиіс, қолдамаса да, ең болмағанда шектеп, кедергі келтірмесе дейміз. Саннан сапа шығады.
  2. Жоғарыда айтқанымыздай бізде билік транзиті толық іске асқан жоқ. Әлі де тұңғыш президент өзінің биліктегі бірталай лауазымын сақтап отыр. Бұл қазіргі қалыптасқан саяси жүйенің шындығы. Десек те жоқтан бар жақсы. Басқа елде де билік транзиті жүргенде осындай өтпелі кезеңнен өтуге мәжбүр. Кейінгі президент бұрынғы басшысының көлеңкесінен шығып, өз күшіне енуі – демократиялық механизмдері әлі қалыптаса қоймаған елдер үшін қалыпты жағдай. Өкінішке орай, біз Обама кетіп, ертеңіне Трамп ың-шыңсыз келе қоятын, ғасырлар бойы демократияны ұстын еткен Америка емес екенімізді ескерген дұрыс. Біз бұл жолға енді түстік. Көрші Өзекстанды алып қарасақ, осыдан үш жыл бұрын келген Мирзиёев экс-президент Каримовтің көз жұмғанына қарамастан алғашқы бір-бір жарым жыл соның көлеңкесінен шыға алмай жүрді. Өтпелі кезеңде ескі нвардия ақырындап кетіп, өзі шын мәніндегі президентке айнала бастады. Біз де әйтеуір осы өтпелі кезеңді өткереміз. Қоғам да атсалысуы қажет. Менің дауысымның мәні жоқ дейтін енжар көзқарасты, бейжай қарауды қою керек. Қуыршақ парламенттің халықтық парламентке айналуы – талапшыл қоғамның қолында. Саяси ағартушылық жоқ, БАҚ тек әзіл-ысқақ пен ойын-сауық болса, бұған қоғамды айыптауға болмайды. Бірақ жағдайды өзгерту жекелеген саясаткердің немесе оппозиция өкілдерінің ғана емес, әркім өз жауапкершілігінде.
  3. Қасым-Жомарт Тоқаевтан ең алдымен мемлекетшілдік саясат күтеміз. Елдің тағдыры, оның қауіпсіздігі мен өркендеуі бір адамға қарап қалмауы керек. Ол мейлі данышпан не кемеңгер болсын, бір адамға қараған халықтың болашағы дұрыс болмайтыны анық. Қандайда бір шешімді сауатты, адал түрде қоғаммен келісе отырып қабылдайтын мемлекетшіл ұстанымда болуы керек. Саяси-экономикалық мәселені қоғам пікірін ескере отырып шешсе құба-құп. Мұнда қоғамның өзі де сен тимесең, мен тиме бадырақ көз деген ұстанымнан арылу керек. Біреу қандай бұйрық береді екен деп емес, сол бұйрықты біз қабылдадамыз деген түсінікке келу қажет. Еуропаның өркендеп отыруының сыры керемет президент сайлағаннан емес, соған мәжбүрлеп, қалт кеткенде жолға салатын талапшыл-сауатты қоғамның әсері. Қоғамдық бақылау мен талап жоқ жерде, немқұрайлы болса, әу баста ең керемет деген басшы түбі бұзылады. Ешкім шындықты бетіне айтпай, айналасындағылар жағымпаздыққа бой алдырса данышпан тұлғаның өзі туған халқының жендетіне айналып шыға келеді. Араб көктеміндегі бастапқыда елінің сүйіктісі болған Қаддафидің трагедиялық өліміне соған жол берген қоғамның да қатысы бар емес пе?! Ең маңыздысы, тобырлық сана-сезімнен арылып, азаматтық қоғамға аяқ басу.
  4. Осы тәрізді ондаған-жүздеген уәж келтіруге болады. Қашан асты-үсті бай ел Кувейт сияқты өмір сүреді, қашан заңның алдында бәрі тең болады, сот жүйесі қашан тәуелсіз болады..? Бұл сұрақтардың жауабы біреу ғана. Өзін осы елдің қожайыны деп білетін, жауапкершігін сезінетін, белсенді қоғам қалыптасқанда. Мен түк шешпеймін, үйде отыра беремін десе өзгеріс бола қоюы екіталай. Қоғам өзі оянып, оянған қалпында көпшілікке айналғанда ғана адам құқықтарының мәселесі шешіледі. Өздігінен ештеңе болмайды. Америка келіп, әділ қоғам орнатып бермейді.
  5. Өз белсенділігін өркениетпен, заңды жолмен білдірген дұрыс. Әркім өз деңгейінде. Қарапайым азамат қазақша сөйлеп, жемқорлыққа жол бермей, өз тегін қазақшалау... сияқты қолынан келгенше үлесін қосса. Ал саяси тұрғыда ұлттық сенім кеңесінде либералдандыру тетіктерін әзірлеуде. Қоғамның қордаланған жан айқайын революциямен емес, өркениетті алаңдарды: баспасөзде, ток шоуда, дебатта, параламентте, әлеуметтік желілерде білдіру арқылы ортақ мәмілеге келген дұрыс. Мұндай мүмкіндіктер көбейіп келе жатыр. Жастар осы мүмкіндіктерді қозғалысы не партиясын құруға пайдалануы керек. Осылайша ондап, жүздеп тіркелсе. Өз басым кез келгеніне қолдау көрсетуге, политехнология бойынша дәріс оқып, тәжірибемен бөлісіп, қолғабыс болуға дайынмын. Тағы бір ескеретін маңызды жайт, қоғамдық-саяси құрылымдар жекелеген тұлғалар аясында емес, идея-ұстаным аясында топтасуы қажет.
  6. Білім саласындағы оқулықтар олқылығы, үштілділік тәрізді бітпейтін негізсіз эксперименттер, жүйесіз бастамалар, ешбір жауапкершіліксіз шенеуніктердің аяқсыз бастамалармен айналысуы, әлемдегі ЖОО мыңдығына маңдайалды НУ, КИМЭП, ҚБТУ т.б. бірде-біреуі кірмейтіні, 3 миллионнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр деген азаматтардың әлеуметтік жағынан қорғалмауы... сияқты ширек ғасырда қордаланған  былықты еңсермей жаңа биікке қалай қол созуға болады. Ғылым саласындағы ғалымдардың еңбегң, жалақысы, әлеуметтік жағдайы мәселелері шаш етектен. Сонымен қатар ЖОО арасында, білім беруде бәсеке жоқтың қасы. Министрліктің бүйрегі үнемі мемлекеттік университеттерге бұрып тұратыны, жекеменшік оқу орындарын тұншықтыруға тырысатыны... Дәл солай саясатта да сөз жүсінде жеті партия болғанымен, іс жүзінде «Нұр Отан» партиясының монополиясы. Экономика, энергетика, коммерция, мұнай салаларда монополия ғана. Бәсекелестік жоқ жерде озық ойлы, тапқырлар алға қара үзіп шықпайды. Жалғыз жолы – монополияны тыйып, бәсекеге басымдық беру.
  7. Қоғамның наразылығы, талабы күшейіп келеді. Бұл жағымды болғанымен, осындай ашу-ызаны уаһабшылдар, алакөзділер асыра сілтеп, арам пайдаланып кетуі мүмкін деген жағымсыз тұстарын назарға алу керек. Қазіргі Қазақстан қоғамын біркелкі деп айта алмаймыз. Топ көп, мүдде де әртүрлі. Ұлттық қоғамдық көзқарас қалыптаспаған. Бұған отарлық сана, тәуелсіздік жылдары жүргізілген саясаттың кемшілігі себеп. Жай ғана Украинадағы жағдайға көзқарасымыз мүлдем кереағар: орыстілді қауымдастық Ресейді қолдаса, қазақтілді сектор Украина жағында. Қоғам жік-жікке бөлінген, қазақтың өз ішіндегі біркелкілік жеткілікті дәрежеде емес. Қала мен ауыл, бай мен кедей, дала мен асфальттің қазағы, таза-шала қазақ... Жыл сайын демографияның қазақтың пайдасына шығып жатқаны қуантарлық дүние. Алайда сапа мәселесі, қоғамды ұйыстыратын құндылықтар мен саяси сана-сезімін оятып, ағартатын мүмкіндіктердің жетіспеуі сорымыз болып отыр. Бұл сұраққа біржақты жауап беру қиын.
  8. Жалған сөзді – адалдық пен шындыққа, бастыққа жағынуды – халық алдындағы жауапкершілікке, менмен тәкаппарлықты – қарапайымдылық пен мемлекетшілдікке, шетелге бас июді – ұлттық намыс пен өз күшіне сенуге алмастыру қажет.
  9. Меніңше, жылдық қорытындыны, құттықтауды мемлекет болған соң заңдық қисынды жолмен абыройды сақтау, конституциялық тұрғыдан қазіргі президент Тоқаевтың жасайтын реті. Тағы қосар ой, қазақ қоғамы күнтізбелік жылдың соңы христиандық жаңа жылды тойлау біртіндеп саябырсып келеді. Жүре келе өзіміздің төл мерекеміз әз-наурыз тойы, Ұлыстың ұлы күніне қарай ойысып, мемлекет басшысы ресми құттықтауын түркі жұртына ортақ жыл басында жасаса құба-құп.

Бұйыртса, алдағы жылы еліміз демократия жолымен өркендеп, шын мәнісінде әділ әрі адал қоғамға айналайық! Қазақ болашағының гүлденуі өз қолымызда. 2020 жылы осы түсінікке келіп, жауапкершілік сезінсек. Келешек ұрпағымыз елден безіп емес, мақтанып, алға сүйрейтіндей болсын. Әр қазақ жері, отаны, ұрпағы үшін жауапкершілікті мойнына алып, белсенді болсын! Қоғамдық бақылау мен талапшыл азаматтық қоғам, өркениетті қадам – ең төте-тура жол.

"The Qazaq Times"