Арнайылап ат беріп, айдар тағып, аймақта көзге түсіп жүргендерді жиып алып форуммен ашып, жиынмен жапқан «Жастар жылы» қалай өтті? Ел болашағының генераторы жастардың қай кемдігі бүтінделді, оларды есейткен, тәжірибесін молайтқан не жайт деген оймаза сауалдарға жауапты «басқаша», яғни азаматтық бағытта ойлайтын жастардан сұрап білдік.
Сауалдар:
1.Биылғы жастар жылы сіз және сіздің қатарластарыңыз үшін қалай өтті, әрине, қоғамдық-саяси белсенділігіңіз тұрғысында?
2. Назарбаевтың ресми түрде орнынан кеткеніне 9 айдан асты. Қандай өзгеріс байқадыңыз? Елде «билік транзиті» қаншалықты сәтті өтті?
3. Биыл өзіңізді қай жағынан есейдім деп айта аласыз?
4. 16 желтоқсанды қалай өткізбек ойыңыз бар? Жалпы сізге Тәуелсіздік күні қандай күн?
5. Қоғамдық белсенділігіңізге қатысты күштік органдар тарапынан қандайда бір қысым болды ма?
6. Келер жылдан не күтесіз?
7. Ненің қалай өзгергенін қалайсыз?
8. Тоқаевқа саяси қызметі бойынша не жетіспейді, ендігі жылы оның қандай қадамдарға барғанын қалайсыз?
Бэлла Орынбетова, Партия құруды көздейтін Respublika азаматтық қозғалысының белсенді мүшесі
- 2019 жыл жастарды шабыттандырған жоқ, қамшылады деп ойлаймын. Бұрын бейсаяси саналған жастар белсенді. Көз алдымызда Respublika-мен қатар Oyan, Qazaqstan, Qaharman сияқты қозғалыстар пайда болды. Жанболат Мамай бастаған ҚДП сұлбасы айқындала бастады. Сондықтан еліміздің қоғамдық-саяси аренасына жастар да кіруге талпыныс жасады. Әзірше қалыптасу кезеңі жүріп жатыр, келесі жылдың көктеміне қарай нақты нәтижелер байқалады деген ойдамын.
- Біз болған жағдайды билік транзиті деп есептемейміз («транзит» сөзі тым ауыр – кейіпкер). Тоқаевтың 9 қазандағы «ҚР президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлығы есіңізде болар. Онда қазіргі президент бірқатар маңызды кадрларды Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевпен келісе отырып тағайындайды деп бекітілген. Қарашаның 29-ы Өзбекстанда өткен Орталық Азия елдерінің басшылары саммитінде Қазақстанның атынан Тоқаев емес, Назарбаевтың қатысуы да ешқандай транзиттің болмағанын білдірмей ме? Тоқаевтың тағайындалғанына 9 айдан асты. Ішкі форумдарға қатысып, марапаттар бергенінен басқа нақты, айтулы шешімдері есімде жоқ. Түптеп келгенде, оған өз бетімен тәуелсіз билік етуіне ешқандай мүмкіндік берілген де жоқ.
- Биліктің ақпараттық саясатты қалай жүргізетінін бұрын да білуші едім. Сол жүйеден жерініп, жағдайды өзгертпекке бел будық. Бұрын әділет, тәуелсіздік туралы айтып жүретін дос-жарандар, әріптестердің өздері баррикаданың қарсы жағына шығып, саналы түрде биліктің қолшоқпарына айналып отырғаны қызық болды. Пәленшенің жобасы, түгеншенің тапсырысы деген әңгімелер де солардың қолдарымен жасалып жатыр. Батыстың демократиялық құндылықтарын көрген, көзі ашық, көкірегі ояу санайтын жастардың өздері билікке тырмысып жетіп, бұрынғы либерализм идеяларын билік пропагандасына алмастырғанын көріп отырмыз. Сондықтан да 100 жыл бұрын Әлихан Бөкейханның «ұлтқы қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзінің ақиқат екеніне көзім жетіп отыр. Бұрындары саясатпен айналысу үшін әккі саясаткер болу керек деуші едім. Кейін біздің саясаткерлерге жетіспейтіні мінез, принципке адалдық екенін түсіндім. Тіпті керемет дипломат деген адамның өзі принципсіз сөзіне бола абыройынан айырылуы мүмкін.
- Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі әр азамат үшін құнды, қастерлі. Алайда шын мәнсінде тәуелсізбіз бе? КСРО 1991 жылы 8 желтоқсанда Беловеж орманындағы Вискулде Ресей, Украина, Белорусь мемлекеттерінің басшыларының келісімімен таратылды. Қазақстан Кеңестік Социалистік республикалар ішінде тәуелсіздігін ең соңғы болып алды емес пе? Біз қазір саясатымызды ешкімге жалтақтамай жүргізіп отырмыз ба? Президент Қазақстан Республикасы азаматтарының бостандықтары мен құқықтарының кепілі ме? Президенттің өзі шешім қабылдауға құзіреті жете ме? Осы сұрақтар төңірегінде ойлап отырсам бұл мерекенің мағынасы көмескілене түседі. Қазір мен үшін 16 желтоқсан боздақтардың қыршынынан қиылған күн. Жаңаөзенде арыстай азаматтарымыз өз мемлекетінде өз әскерінің оғына ұшқан күн. Бұл тәуелсіздікке жастар қанымен алғаш қадам жасалған күн. Қуанышынан гөрі қайғысы басым.
- Кейде қысым туралы жиі жазасыңдар, өздеріңе ұпай жинағыларың келеді дейтіндер де болады. Қайта керісінше қозғалыс белісенділері арасында оппозиционер деген теперіш көріп жүретін сорлы имиджін жасамайық, бөрі арықтығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтар деп, қиналғанымызды білдірмейік дейміз. Бірақ жеке өзімді кей жағдайда құтқарып қалатыны да медиаға қатыстылығым деп ойлаймын. Жақында митингке қатысты полиция бөлімшесіне шақырылғанымда тергеуші «осы сендер қит етсе жазуды қойсаңдаршы» дейді. Тікелей қысым жасамауға «ақылы» жетіп тұр. Қозғалыстағы белсенділерге жанама түрде қысым көрсетеді. Жұмысынан шығарады, үй-ішін үркітеді, әлеуметтік желіде түрлі жала жауып, роликтер дайындайды, өсек таратады, анонимді қоңырау да бар. Айналып өту жолдары дейсіз бе? Елемей алға жүре беру ғана шығар. Бірақ біз бір ықпалды топтың қолдауына ие емеспіз, қаржылық қор да жоқ. Тек өзгеріс қалайтын адамдардың сенімі ғана бар. Оның өзін жымысқы әрекетермен тартып алуға тырысуда. Шешінген судан тайынбас дейді ғой. Мұны көріп қайта ысылып шығамыз. Бастапқыда ойлағанда қарқынды болмаса да алға қарай салмақты да нық қадамдармен жүре береміз.
- Күтерім 2020 жылы емес, 2021 жылы болады. Ендігі жыл тек аянбай еңбек етуді ғана күтіп тұр. Сондай-ақ азаматтық белсенділер үшін оңайға соқпасы анық, бірақ біріксек бұл қиындықты еңсереміз. Алдағы жылы ірілі-ұсақ оппозициялық күштер консолидациясы болады, қауырт жұмыс болады деп ойлаймын.
- Жүйеге наразы азаматтардың белсенділігі артса деп ойлаймын. Халықты шаршатқан науқаншылдық, жемқорлық, әділетсіздікпен күресу үшін көсем не пайғамбар күтіп отыра берудің қажеті жоқ. Қазірдің өзінде көш бастауға лайық қаншама жастар жүр. Бірақ өзгерісті жасайтын бір адам емес, көп, яғни халық. Бізде әдетте проблемаға тек апат болып, адам құрбан болғанда ғана назар аударады. Сананың оянып, тірілмегі үшін қандай, қанша құрбан керек?
- Тоқаевтың қандай қасиеттері жетіспейтінін айту мүмкін емес, себебі оның қасиеттерін, әмірі мен құзыретін көрсететін мүмкіндік болған да жоқ. Дегенмен ондай мүмкіндіктер туындап жатса, ең алдымен халықтың үніне құлақ салса деймін. Бас-басымызға партия ашу саяси амбиция себебінен емес. Жағдайдың нашарлап, құқығымыз тарылғандықтан. Билікке келген соң конструктивті диалог жүргізгісі келген сыңай танытты ғой Ұлттық сенім кеңесін құрып. Диалог кабинеттерде, өздері іріктеп алған адамдармен емес, алаңдарда, далада, ел ішінде, ауыл-аймақтарда барлық азаматпен жүргізілуі тиіс. Пікірін білдірем деген адамдар қуғандалмауы керек. Қазіргі биліктің жүргізіп жатқан ақпараттық саясаты шіріген жерді жапырақпен жапқан тәрізді бейнелеп айтқанда. Миллиондаған қаражат мемпропогандаға не алау-жалау форумға емес, күрмеуі қиын түйіткілді мәселелерге жұмсалсын. Елді алаңдатқан мәселелер шешілсе, онсыз да айтылады. Мақтайтын да адам табылады.
Дархан Шарипов, Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысының мүшесі
- 2019 жылдың саяси жаңалықтары көп болды. Мен үшін бұл жыл, менің азамат ретінде оянған жылым болды. Өзімді осы қоғамның мүшесі әрі мемлекет ісіне араласуға құқылы екенімді сезіндім. Биыл жастар үшін өте маңызды тақырыптарға көзіміз ашылып, күресу және талқылау жылы болды.
- Шынын айтқанда, билік тарапынан айтарлықтай өзгеріс сезінбедім. Мемлекеттің қазіргі басты мақсаты – ескі жүйені сақтап қалу, демократиялық өзгерістерге төтеп беру болып тұр. Ал қоғам санасындағы өзгеріс елеулі түрде жемісті жүрді.
- «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген сөз бар. Өз туған елімнің, жерімнің алдында азамат ретінде міндетімді мойындап, конституциялық құқығым үшін күресудің маңызды екенін және мемлекеттің саяси жүйесі туралы көп ақпаратпен таныстым. Бұған дейін Конституцияның бетін ашпаған бала едім.
- Тәуелсіздік деген не? Ата-бабамыз ежелден аңсап келген азаттыққа бүгін қауіп төнуде. Сондықтан қазіргі таңда маған Тәуелсіздік күні, біріншіден, Еске алу күні, екіншіден, Күрес күні.
- Әрине, болды, «Оян, Қазақстан» белсенділеріне қысым көрсетіп жатыр. Кейбіріне тоқаш ұсынып жатса, әлдебіреуіне қамшы соғуда. Бірақ бізге тоқаш немесе қамшының ешбір қажеті жоқ. Тек азаматтық хақымыз керек. Жоғарыдан бұйрық болмайынша, қысымнан айналып өту мүлдем мүмкін емес. Белсенділер қатарында көп жастар бар, кейбіреуі митингке шыға алмаса да, ақпарат жағынан көмектеседі, аударымдар жасайды, плакат жасап, сурет салып, әртүрлі акция өткізуге көмектеседі.
- 2020 жыл биылға қарағанда қызу болатын секілді. Себебі қазір жүріп жатқан өзгерістер көп. Жаңа саяси партиялар, азаматтық қозғалыстар пайда болып жатыр. Тағатсыздана күтудемін.
- «Оян, Қазақстан» қозғалысының декларациясындағы барлық талаптарды толығымен қолдаймын! Егер осы талаптар орындалса, Қазақстан шын мәнісінде еркін ел боларына сенімім зор.
- Мен Тоқаев мырзаға саяси қызметі тұрғысында батылдық және сәл беріктік жетіспейді деп санаймын. Ендігі жылы қоғамның талаптарына сай өзгерістер енгізгенін қалаймын. Еліміздің барлық азаматына ортақ, заманға зай өзгерістер жасалсын. Ең бастысы, қоғамның табиғи дамуына кедергі келтірмеу керек. Сөз және ой бостандығын қолдау, жаңа саяси партияларды билікке жіберу, рұқсат сұрамай-ақ, тек хабарландыру арқылы митинг өткізу... Міне, осындай өзгерістер керек. Саяси жүйені өзгертпей бізде ешқашан тұрақтылық орнамайды. Бұл – бір. Екіншіден, әлеуметтік ахуалдың тым нашарлауына себеп болып отырған жемқорлықты жою, түпкілікті түрде тыю амалдарын қарастыру.
Марғұлан Ақан, журналист
- Мен үшін және қатарластарым үшін де дәстүрге сай жылды қалай өткіземіз, солай өтті. Тек саясаттан біршама термин жаттап, мағынасын түсініп алғанымыз болмаса, ештеңе көрген жоқпын.
- Бізде билік транзиті сәтті жүрмесе де, президент ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлының өзгеруге, елді өзгертуге тырысып жатқаны анық. Сіз де, біз де табысты транзиттің бірден бола қоймасын жақсы білеміз. Бәрін жоққа шығарып, тон пішуге болмайды.
- Биыл мен үшін жеке баста түрлі оқиға орын алды. Ал жалпы саяси тұрғыда билік пен халық деген түсінік арасындағы алшақтықты көру арқылы көп нәрсені түсіндім, адам тануды түйсіндім. Білім керек екен. Есею жүре беретін процес. Тек білім жетпей қалатыны қауіпті.
- Мен Тәуелсіздік күнін жыл сайын Алматыда қарсы аламын. Іштей тәуелсіз ел екенімізді ойлаған сайын өзімді жұбатуға тырысамын. Ал айналамда болып жатқан ойлар мен саяси көзқарастар бәрін бұзып тастайтындай. Есейген сайын былыққа батқан қоғамның тамырына қан секілді бойлап келеміз.
- Ақорда өзі проблема тудырып, өзі соны шешпесе, халық айтты не, айтпады не ештеңе өзгермейді. Бізді қойып аттарынан ат үркитін саясаттанушылардың өзі әлеуметтік желіде жазғаннан әріге аса алмай отырған жоқ па?! Қазіргі жастарға үлгі алатын не ізін ала ілесуге болады дейтін феномен жоқ. Ұрынып-адасып жүріп, қатарға қосылып келеміз.
- Жеке жоспарымда күтерім көп. Жалпы елде келесі жылы жемқорлықтың көкесі болатын шығар. Онсыз да жеуден алдына жан салмайтын шенеуніктер еріктілер жылында тегін дүниеден пайда табудың жолын қалайда болмасын табары анық.
- Ұлтқа ғана емес, сол ұлтты басқарып отырған көкелеріме де мінез керек. Мінез бен білім бір-бірін толықтырған кезде барып бірдеңе шығады. Анау айтса көніп, мынау айтса ойланып отыратын билік ұзаққа бармайды.
Жанболат Мамай, Демократиялық партияның құрушысы, журналист, азаматтық белсенді
- Меніңше, биыл қоғамдық-саяси тұрғыда өте белсенді жыл болған сияқты. Назарбаевтың де-юре түрде болса да отставкаға кетуі елдегі қоғамдық-саяси жағдайды тірілткендей болды. Жаппай болмаса да, белгілі бір деңгейде саяси өмірде азаматтық позициясын ашық айтатын жастардың белсенділігі мен үлесі артып келеді. Сондай-ақ бұл тенденция одан әрі жалғасады деп санаймын.
- Назарбаев биліктен де-юре кеткенімен, де-факто әлі де ол өз өкілеттілігін сақтап отырғанына көзіміз куә. Өйткені «Тұңғыш президент туралы», «Қауіпсіздік кеңесі жайлы», «Елбасы туралы» заңдар, атышулы №184 жарлығы бар. Тоқаев қуыршақ күйінде ойыншық президент болып отыр. Кез келген президент билікке келгенде әлдеқандай нақты саяси реформа жүргізуге тырысады. Біз Тоқаевтан ондайды көргеміз жоқ. Оның көрінісі ретінде сайлау жүйесі, саяси партиялар, БАҚ және бейбіт жиындар өткізу туралы заңдардың өзгермеуін, тіпті саяси тұтқындарды босатудың орнына белсенділерді ұстау жиілеуін айта аламыз. Назарбаев өз билігін сақтап отыр әрі Тоқаевты тырп еткізер емес. Ал билік транзитінің сәтті-сәтсіз өтуін уақыт көрсетеді. Меніңше, бәрі Назарбаевқа тіреліп тұр, олсыз бүгінгі жүйе ешқандайда ұзақ өмір сүреді деп санамаймын.
- 2019 жыл өзім үшін де оқиғаға толы жыл болды. Біріншіден, 30 қаңтар көптің ықыласы ауған «Зұлмат» атты деректі фильмім жарық көрді. 3000 адамға дейін аншлагпен көрермен келді. Екіншіден, қазір саяси партия құру үстіндеміз, саяси тартысқа түсіп жатырмыз. Тәжірибе жинап жатырмыз, қысымға ұшырап отырғандықтан, қоғамдық-саяси, адамдық тұрғыдан бұл қадам біраз есейтті деп ойлаймын.
- 16 желтоқсан алаңда болдық. Бұл ұлттық аза тұту күні, қаралы күн. 86-ның ызғарында да, Жаңаөзендегі бейбіт таңда да қыршыннан қиылған жастар, айырылған азаматтар қаншама. Сол себепті бұл дата – Ұлттық бірлік күні болуы керек. Мұны мейрам-мереке деп тойлау – ақымақтың ісі, әруақты қорлау. Тәуелсіздік күні 25 қазанға ауыстырылуы тиіс.
- Қысым өте күшті. Алматы қалалық пробация қызметі мені қала шеңберінен тыс жерге шығартпайды. Азаматтармен кездеспес үшін, партиялық жұмыстармен айналыспас үшін осындай шектеу қойылып отыр. Барлық жиналысымызда арандату, провакациялық әрекет жүргізіп жатыр. Қысым маған да, жақтастарымызға да. Өйткені биліктің бар көздегені – елде жаңа саяси құрылым-партия болмаса деген ой. Қысымның қаншалықты күшті болғанына қарамастан, біз өз жұмысымызды тоқтатпаймыз.
- 2020 жыл – Қазақстанда өзгеріс жылы болады деп ойлаймын. Жаңа жылда бүгінгі назарбаевтық жүйеден құтылып, нақты демократиялық қоғам орнайды, саяси реформалар болады деген үмітім басым. Себебі алдағы жылы жүйенің репрессивті қудалауы қуатты болғанымен, халыққа өзгеріс, жаңалық, жаңа саяси демократиялық басшылық керек. Халық тарапынан қажеттілік уәжі пісіп келеді. Оның мысалын, айқын дәлелін биыл сайлаудан да көрдік.
- Мен, ең әуелі, Назарбаевтың жүйесі кеткенін қалаймын. Бір адам ғана емес, ұрлық пен жемқорлыққа батқан, елді тонап, оффшорға ақша аударып, авторитаризмді құрып отырған тұтас саяси жүйе кетіп, орнына нақты өзгерістер жасайтын демократиялық күштер келгенін қалаймын.
- Меніңше, Тоқаев өте әлсіз басшы. Ол саясаткер ретінде де, президент ретінде де дәрменсіз. Және өзінің тұлғалық мінезі, басқарушылық қасиеті, лидерлік алға бастайтын күші жоқ деп санаймын. Егер нақты өзгерістерді қалайтын болса, оның елде саяси реформалар жүргізуге толық мүмкіндігі бар еді. Өйткені де-факто билік Тоқаевтың қолында, Назарбаевтың беделі заң жүзінде бекітілгенімен, оның статусын ешкім салаған жоқ, жасанды. Оны мемлекет басшысы бір жарлығымен-ақ жоққа шығарып, тас-талқан етуге болады. Бірақ Тоқаев оған бармай отыр. Демек бұл Тоқаевтың әлсіздігін көрсетеді, ол өзінің уақытша адам, қуыршақ екенін түсінетінін сияқты. Сондықтан одан қандайда бір өзгеріс күтудің, үміт артудың қажеттелігін көріп тұрғам жоқ.