Бүгін, 9 желтоқсан Алматыдағы Адам құқықтары және заңдылықты сақтау қазақстандық халықаралық бюросында «Демократиялық партияны» ұйымдастыру комитеті «ҰҚК-нің Қытайдағы қысымнан қашып келген этникалық қазақтар – Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын кері қайтару» туралы мәлімдемесіне қатысты баспасөз жиынын өткізді.
Баспасөз жиынында Жанболат Мамай, Төлеген Жүкеев, Ырысбек Тоқтасын Тоқаев сұқбатының мәні мен екі этникалық қазақтың тағдыры тақырыбын көтеріп, жетекші билікті сынға алды.
Жанболат Мамай өткен жұма күні ҰҚК-нің басшысы Дархан Ділмановтың қоғамды дүр сілкіндірге мәлімдемесі көптің қитығына тиетінін айтады. «Қытайға кері қайтарылған жағдайда өлім жазасына кесілуі әбден мүмкін. Бұған дейін 2009 жылы Шыңжаңдағы ұйғырлар ереуілінде қытайлық күштік құрылымдардың аяусыз жаншу әрекетін, бассыздықтары туралы Аршидин Исраил есімді азамат шетелдік БАҚ-тарға ақпарат таратқан. Содан басына қауіп төнгендіктен, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтіп, бізге пана сұрап келген. БҰҰ Қазақстандағы өкілдігінен босқын мәртебесін алғандығына қарамастан, жергілікті билік оны бірден түрмеге қамап, 2011 жылдың мамыр айының аяғында Қытайға қайтарып жіберген. Содан бері оның тағдыры не болғаны белгісіз».
1951 жылы БҰҰ қабылдап, кейін Қазақстанда ратификацияланған «Адам құқықтары жөніндегі конвенцияның» 12 пукті, 31 бабында көрсетілгендей қандай жолмен жеткеніне қарамастан, бас сауға сұрап келген адамның келген жерінде жеке өміріне қауіп туар болса, оны кері қайтармауы тиіс. Мамайдың сөзінше, «демек осы халықаралық нормаларға сәйкес, Қастер мен Мұрагердің қазір ШҚО-дағы абақтыда отыруының өзі заңсыз. Ең маңыздысы, олар Қазақстанда ешқандай заң бұзбаған, тарихи отанына оралып, қорған сұрады».
«Қазақстанның деморатиялық партиясын» құруға талпынып жүрген «Саяси қалам – Трибуна» республикалық газетінің бас редакторы өз кампаниясының «Қазақ азаматтарын Қытайға берудің өзі – мемлекеттің тарапынан үлкен қылмыс болмақ» деп санайтынын айтты. «Тоқаевтың неміс баспасөзіндегі сұқбатына қарасаңыз, бұл құлдық психологиядағы сұқбат деп айтуға болады. Қытай бодандығындағы ел сияқты мәлімдеме жасау – тәуелсіз мемлекеттің басшысына тән іс емес»
– Қытайдағы азшылық ұлттар, соның ішінде түркі тектес ұйғыр-қазақ халықтарына жасалып жатқан мәдени геноцид туралы әлем елдері, халықаралық БАҚ пен қоғамдық ұйымдар ашық-дәлелді үн қатып отыр. Біздіңше, Қазақстан да аталған жағдайға қатысты арнайы саяси мәлімдеме жасауы керек. Егер Қытайдан қандайда бір азамат заңды-заңсыз қашып келсе де, ол ешқашан кері қайтарылмайды деп құжат қабылдау керек. Қандастарымызға қорған бола білу – біздің ең басты ортақ борышымыз, – деді Жанболат Мамай. Сондай-ақ ол Тоқаевтың Deutsche Welle басылымына берген сұқбатындағы Шыңжаң қазақтары жайлы жауабына қатысты үзілді-кесілді қарсы екенін жеткізді.
Ал бұрынғы вице-премьер, Қауіпсіздік кеңесіңнің экс-хатшысы Төлеген Жөкеев Қытайдағы қазақтардың хәлін «драмалық жағдайда» деп бағалады. Оның пікірінше, «сананы шаюға арналған агрессиялық ауқымды саясат діни-мәдени бірегейлікті жоюға бағытталған. Ең бастысы, бұл – үлкен дабыл».
– Қазақ қайда болмасын біздің отандасымыз, бір бөлігіміз. Тоқаевтың соңғы сұқбаты мені таңғалдырып, жағамды ұстатты. Сеператизмді сылтау етіп геноцид жүргізу – халықаралық келісімге қарсы. ...Егер олар (этникалық қазақтар – ред.) Қытай жерінде қандайда бір қылмыс жасаған болса, құжат-дәйектер жолдасын. Айыпты болса, осында жазалансын», – деді Төлеген Тілекұлы.
Баспасөз мәслихатына қатысушы «Ел-аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі әрі ҚДП ұйымын құрушылардың бірі Ырысбек Тоқтасын соңғы екі жылда саяси геноцид күшейіп, миллионға жуық мұсылман-азшылық қамауға алынғанына алаңдаушылық білдірді. «Соңғы кездері Қазақстан үкіметі мен халықаралық ұйымдардың араласуымен қазақтарды босатқандай болып жатыр. Бірақ бұл уақытша». Мұның дәлелі ретінде атамекеніне жіберілгендердің анда туыстары кепілге алынып жатқан көрінеді. «Көптеген аудандарда лагерлер жабылмаған. Шыққандары тіс жармайды, әбден қорқып қалған. Сот болмай жатып ҰҚК-нің осындай мәлімдеме жасауы – заңбұзушылық», – дейді қоғам белсендісі.
Екі азаматпен шектелмейді, жалғаса береді. Қазақстан билігі қоғамның атсалысуымен Қытайдағы қазақтарды көшіріп алудың мемлекеттік шараларын қолға алуы керек. Белсенділер этникалық қазақтарға қатысты сот процесін жіті бақылайтынын саяси-қоғамдық кампания құратынын мәлімдеді.
Азаттық тілшісінің «ҰҚК-нің мәлімдемесінің артында не жатыр?» деген сұрағына азаматтық белсенді Жанболат Мамай:
– ҰҚК басшылығы мұндай мәлімдеме жасауы билікке тән емес, жат әдет. Мұның астары биліктің өзі қоғамдық күштерден қолдау күтіп отырған болуы мүмкін деген ой туады. Қытайдың Қазақстандағы ықпалы күшейіп бара жатқанын көзіміз көріп отыр. Экономика, мұнай-газ, шенеуніктердің заңсыз қаржыны сақтау... Тоқаев сұқбаты жемқор биліктің, Ақорда не Кітапхананың Қытайға тәуелділігі артып келе жатқанын көрсетеді. Бірақ бұл биліктің әрекетін ақтамайды. Мемлекет теңқұқықты ел ретінде азаматтарының мүддесін табанды түрде қорғауы міндетті. Бұған солтүстік Кореядан қашып келген 30 мың азаматқа оңтүстік Кореяның қамқорлық танытуын мысалға келтіруге болады, – деді.
«Қазіргі билікті қоянжүрек» деп айыптаған Төлеген Жөкеевтің сөзін Ырысбек Тоқтасын «Түркия Сириядан босып келеген 6 миллион, Еуропа миллионға жуық азаматқа пана болып отырғанда, Қазақстан екі қандасын сыйдырмай отыр» деп толықтырды. Оның айтуына қарағанда, Қытайдағы «70% қазақ диаспорасы жол ашылса, аз уақытта көшіп келуге дайын». «Бос жатқан жер жау шақырады» деген белсенділердің ойынша, «шекараға жақын аймақтағы бос жерлерге тарыдай шашылып кеткен қазақтарды қоныстандыру арқылы елдің демографиялық, шаруашылық әрі қорғаныштық әлеуетін күшейткен лазым».
Әйтпегенде, алдағы он жылдан соң қазіргі қазақ диаспорсы ұлт ретінде жойылып кетуі мүмкін. Билік «гуманитарлы дәліз» әдісімен 2 миллион қандасты көшіруге кірісу мәселесін қолға алғаны жөн дейді.
Қазанның 4-і Қазақстанның сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді «Шыңжаңдағы лагерьлерде қазір қазақтар жоқ» десе, 4 желтоқсан президент Тоқаев Германияға жұмыс сапары қарсаңында Deutsche Welle телеарнасына берген сұқбатында халықаралық ұйымдар ұсынып жатқан көптеген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтып, «Шыңжаңдағы қайта тәрбиелеу орталығында бірді-екілі ғана қазақ отырған болар» деген.
Ал 5 желтоқсан ҰҚК төрағасының орынбасары, Шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов «сот ісі аяқталғаннан кейін шекараны заңсыз кесіп өткен екі этникалық қазақ Қытайға қайтарылатынын» айтқан еді.
14 қазанда Алматыдағы адам құқығын қорғау бюросында өткен баспасөз мәслихатында Қастер Мұсаханұлы Шыңжаңдағы «саяси лагерьде қамауда болғанын», Мұрагер Әлімұлы Қытайда «қысым көргенін» мәлімдеген. Осыдан кейін ҰҚК екеуін «шекараны заңсыз кесіп өтті» деген айыппен ұстап, ертеңінде Шығыс Қазақстан облысына алып кеткенін естеріңізге саламыз.