Соңғы жылдары Қытайдағы азшылық ұлттарға жасалып жатқан қысымның әсерімен шекара кесіп өтушілер көбейіп келеді. Кеше қоғам алдына ашық шығып, «Атамекенімнен пана іздеп келдім» деген төрт азаматтың бірі Қайша Ақанның алғашқы сот отырысы өтті.
Қарашаның 12-сі Алматы облысына қарасты Жаркент қаласындағы Панфилов аудандық сотында Қазақстан - Қытай шекарасынан заңсыз өткен ҚХР азаматы, этникалық қазақ Қайша Ақанның ісі бойынша сот процесі басталды.
Пана сұрап келген Қайша Ақанның сөзінше, ол былтыр мамыр айының 7-сі Қазақстанға Қорғас кеден бекеті арқылы, көпшілікке ілесіп өткен.
Ал биыл тамыз айында өз еркімен ҰҚК-ға барып, лажсыздықтан шекарадан заңсыз өткені туралы хабарлаған. Содан соң бірден қылмыстық іс қозғалып, сот басталған.
Ол шекарадан заңсыз елге келген тұста қоғамдық резонанс тудырған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың атышулы ісін сырттай бақылағанын айтады. Өз тағдырын Қазақстанда уақытша паналап, босқын мәртебесін ала алмаған соң, Швецияға бас сауғалап кеткен Сайрагүлдің тағдырымен ұқсатады. Оның айтуынша, Қытайдағы Іле-Қазақ автономиялық ауданының полициясы оған «қайта тәрбиелеу лагеріне» қамалатынын ашық ескерткен. Осыдан кейін Қазақстанға кетуге бел байлап, ҚХР шекарасына үш рет келген.
– Қолымда Қазақстанның визасы бола тұра жібермеді. Шетелге шығуға тыйым салынғандар тізіміндесің деп қайтарды. Қазақстаннан пана іздеп келдім. Мені Қытайға қайтармауды сұраймын. Қытайда мені саяси қуғын күтіп тұр, – дейді ол.
Қайша Ақан сот барысында «Қазақстан шекарасынан заңсыз өткенін» мойындап, бұған Қытайдағы аз ұлттарға жасалатын қысымнан сескенгендіктен барғанын айтып ағынан жарылды.
43 жастағы Қайша Ақанның қарт шешесі мен бұрын ажырасқан күйеуінің қолында жалғыз ұлы Қытайда қалған. Бүгінгі таңда Алматы қаласында пәтер жалдап тұрады, тұрақты жұмысы жоқ. Ол 11 қараша Алматы қалалық көші-қон полициясынан «Пана іздеуші тұлға» құжатын алған көрінеді. Судья келесі сот отырысын 22 қарашаға белгіледі.
Жоғарыда айтқан төрт қазақтың үшеуі: Еуропадан пана тапқан Сайрагүл Сауытбай мен шарасыздықтан шекара асқан Қастер Мұсханұлы мен Мұрагер Әлімұлы.