Астанада кең ауқымда жүргізіле бастаған «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы жалғасын тапты.
Бүгін кезекті жиналыс Сарыарқа ауданы әкімдігінде өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Берік Төребеков, қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп және сарапшы топ өкілдері мен пәтер иелері кооперативінің басшылары қатысты.
– Пәтер иелері кооперативі жұмысындағы маңызды мәселелердің бірі сыртқы және ішкі көрнекі ақпараттар тілі. Өкінішке орай, заң талаптарының бар екеніне қарамастан, аудандағы көптеген ПИК-терге қарасты тұрғын үйлерде көрнекі ақпарат тек бір тілде, аяғни орыс тілінде ғана жазылып келеді. Тіл туралы Заңның 21 бабында "Маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, басқа да көрнекі ақпарат мемлекеттік тілде және орыс тілінде, қажет болған жағдайда басқа тілдерде жазылады" делінген. Қазіргі уақытта бұл нормалар толық сақталмай отыр " – деді Берік Жалмұханұлы.
Әкім орынбасары биыл 9 сәуірден бастап қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, елордадағы сыртқы жарнаманы заңдастыру жұмыстары жан-жақты қолға алынғанын айтты. «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында Сарыарақа ауданы бойынша заңсыз ілінген, талапқа сай емес 350-ден астам жарнама, көрнекі ақпараттың анықталғанын жеткізді. Бұның бәрін зерттеп, тексеріп, анықтауда қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы жанынан құрылған, құрамында филологтар, заңгерлер мен қоғам белсенділері және журналистер бар сарапшы топтың еңбегі зор екенін атап өтті.
– Бұл тек анықталғаны ғана. Мониторинг барысында әлі де көп заңсыздықтар кездесуі мүмкін. Ендігі кезекте аудан бойынша ПИК башсылары, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында сіздермен бірігіп жұмыс істейтін боламыз, – деді Б.Төребеков.
Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп заң бұзушыларға Әкімшілік кодексте ескерту, айыппұл салу секілді нақты жауапкершілік қарастырылғанын айтты. Бірақ, Басқарма бірден жазалауға ұмтылмай, алдын-ала ескертіп жатқанын жеткізді. Заң бұзушылық анықталған жағдайда, ПИК басшыларына оны түзетуге екі апта уақыт берілді.
Сарапшы топтың өкілі, заң ғылымдарының кандидаты Нұрзада Примашев бұл кездесудің түсіндіру жұмыстары екенін, осы елдің тұрғыны ретінде әрбір азаматтың заңға ортақ бағынуы, талаптарын орындауы қажеттігін баса айтты.
Алайда, кездесуде сөз алған кейбір қала тұрғындары тілге қатысты қатаң шара қолданатын кез жетті деп есептейді. "Тіл заңын көзге ілмей, талаптарын орындамай отырған жеке нысандарды, азаматтарды үнемі ескертіп қана қою жұмысты жеңілдетпейді, оларға Әкімшілік кодекс бойынша айыппұл салып, жаза қолдану керек" деп есептейді олар. Онсыз тілге, заңға құрмет болмайтынын айтады.
ПИК башсылары «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасы аясында басталған жұмысқа қолдау көрсететіндерін білдірді. Өз аумақтарына кіретін тұрғын үйлер мен өзге де нысандардағы тіл бойынша заң талаптарының сақталуын тексеретінін, қателіктерді түзейтінін жеткізді.
Пәтер иелері кооперативі басшыларына екі апта уақыт берілді. Ары қарай жұмысшы топ атқарылған жұмыстар бойынша мониторинг жасайтын болады. ПИК басшыларымен жұмыс қаланың қалған үш ауданында да жүргізіліп жатыр
Айта кетейік, «Тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» жобасының атқарылуы Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектұрова қатысқан жиналыстың арнайы хаттамасымен пәрмен берілген. Ол бойынша қаладағы жеке меншік және мемлекеттік бала бақшалар, пәтер иелері коопертивтері, автокөлік мекемелері, базарлар, түрлі кәсіпкерлік нысандары аталған акция аясында мемлекеттік тіл нормаларының сақталуына атсалысуы керек. Жоспарлы жұмыстардың атқарылуына қалалық басқармалар да тікелей қатысатыны нақты көрсетілген.
Жиын соңында аудан әкімі орынбасарының тапсырмасымен Сарыарқа ауданындағы жекеменшік бала бақшаларда тіл заңы талаптарының сақталу бойынша тексеру жүргізілді. Қалалық Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Айгүл Иманғали және сарапшы топ өкілдері аралас тілде білім беретін "Балақай" бала бақшасына барды. Білім ошағында кейбір заң бұзушылықтарға жол берілген. Әсіресе, орыс тілінде білім беретін топтарға арналған көрнекі ақпарат тек ресми тілде ғана жазылыпты. Бала бақша басшылығына осы кемшіліктер ескертіліп, заң бойынша барлығы мемлекеттік тілде жазылуы керектігі айтылды. Мекеме басшылығы ескертуді дұрыс қабылдап, көрнекі ақпарат пен хабарландыруларды заң талаптарына сай жасайтын болды.