Бірнеше мәрте пара алды деген күдікпен ұсталған Қостанай қалалық полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің бастығы К.Байжановқа қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталып, сот үкім оқыды.
Қостанай облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәлімдеуінше, күдікті К.Байжанов шетелдік Э.Манукян, И.Гребенюк, А.Егиазарян, М.Закоян және Х.Махмадова есімді азаматтардан жалпы қамқорлығы үшін 3 млн 10 мың теңге сомасында тұрақты түрде пара алған.
Ведомство таратқан хабарға сәйкес, «К.Байжановқа Г.Кравчук жәрдем берген. Ол шетел азаматтарын елде тұруға ықтиярхатты кедергісіз тіркеп, рәсімдегені үшін деген күдікке ілінді. Биылғы қазанның 29-ы өткен Қостанай қалалық №2 сотының үкімімен Байжановқа 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, осыған дейінгі атақтарынан айырылған». Аталған үкіммен Кравчук те 4 жылға бас бостандығынан айырылды, ал пара берушілер – Манукян, Гребенюк, Егиазарян, Закоян және Махмадовтарға берген параның он еселенген сомасы мөлшерінде айыппұл салынды.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмысы бәсеңдемей, керісінше өршіп тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің дерегі ойынша, бір ғана Ақтөбе облысының өзінде биылғы 9 айда жемқорлыққа қатысты басы бүтін 99 іс тіркеліп, тергеу жүріп жатыр. Оның 50%-ы ауыр санатқа жатады деседі: қаржы жымқыру, мемлекет қаржысын талан-таражға салу дерегі бойынша 30 іс, қылмыстық өкілеттілігін асыра пайдалануда 38 іс, пара алуда 24 қылмыстық іс бар.
Естеріңізде болса, өткен аптаның сенбісі, 17 қазан елордадағы Алматы ауданының әкім орынбасары мен жаңаөзендік судья пара алғаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылып, қылмыстық іске қатысы бар өзге де айыпталушыларға жаза тағайындалған болатын. Сонымен қатар, қазанның 23-і де Түркістан облысы Жетісай ауданы Қызылқұм селолық округінің әкімі мен Шымкент қаласының әл-Фараби ауданы әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы пара алды деген күдікпен қылмыс үстінде ұсталған еді.
Күнбе-күн өршіген жемқорлықтың «салдарымен күрес» қашанғы жалғаспақ? Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 124-ші орынға жайғасқан Қазақстанда қазына ұрыларының үлкені шалқып, ұсағы оңай тұтылып жүр.
«Айран ішкені құтылып, шелек жалағаны тұтыла қоятын» сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының курс-бағдарын өзгертуге ақжағалылардың батылы бара қояр ма екен?