Бүгін, 7 қазанда астанадағы апелляция соты «Астана LRT жобасындағы ақша жымқыру ісі» бойынша шыққан үкімнің күшін жойып, прокуратураға қайтарды. Бұл туралы қазақстандық БАҚ өкілдері хабарлады.
Елорданың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының шешімін мәлімдеген судья Абай Көкжалов қылмыстық істегі «елеулі заңсыздықтарды жою үшін және қылмыстық-процестік нормалардың бұзылуына жол бермес үшін» істі прокурорға кері жіберді. Дегенмен сотталушылар істі қайта қарау барысында қамаудан шығарылмайды.
Аса ірі жобаның құрылысы барысында 5,8 млрд теңге қаржыны жымқыру ісі бойынша сот процесі 2020 жылғы 29 қазанда басталған. Бірнеше ай бұрын, 28 мамырда астана соты аталған іс бойынша айыпталған жеті күдіктіге үкім шығарған. Ең ауыр жаза – 10 жыл түрме жазасы. Оларға «ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету» және «өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау» баптары бойынша айыптар тағылған еді. Сотталғандар тағылған айыптарды мойындамаған.
Халық пен сарапшылар арасында «Қазақстандағы жемқорлықтың ірі сомволы» аталып кеткен іс бойынша сот процесі былтыр күзде қарала бастаған еді. Биыл сәуір айында іс аяқталуға жақын қалғанда бірқатар жайттарды анықтау үшін қайта созылды.
Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі «ақша жымқыру схемасын астана әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған» деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.
Тергеу органдарының мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын әдейі қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиард теңге жымқыруға тырысқан.
Қазақстандағы алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесі астананың сол жағалауынан әуежай және темір жол вокзалына дейін жолаушылар тасымалдауы тиіс болған. Құрылыс ресми түрде 2017 жылы мамыр айында басталған. Елордада жұрт жақсы білетін «сақалды бағандар» сол кезде пайда болған. Жобаға салынған ақшаны алған «Астана банкі» 2018 жылы лицензиясынан айырылды. Салдарынан көлік жүйесі құрылысына бөлінген шамамен 258 млн доллар бұғатталған.
Тоқаев 2019 жылы күзде жобаны ашық сынап, «даулы жоба» деп атаған. Алайда астана билігі кейінірек LRT құрылысын жалғастыра беретінін хабарлады. Жаңарған жоспар бойынша, станциялар мен жерасты жаяу жүргіншілер өткелі қысқарады. Қазір әкім Алтай Көлгінов жобаның бойына қан жүргізетін инвестиция-қарыз іздеумен айналысып жатқанын айтады.
Ақпарат құралдарының бірі ҚазТАГ-тың жазуынша, «Астана LRT» ЖШС атауы жемқорлық дауынан кейін City Transportation Systems (CTS) болып өзгерген.