Қоғамда дүмпу тудырған президент Тоқаевтың атышулы №184 жарлығына байланысты Ақорда хатшысы әділет министрінің сөзін терістеп, қайта түсінік берді.
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли қазанның 9-ы күшіне енген, азаматтық қоғамның сынына ұшыраған «ескі қолдан тағайындау» жарлығына қатысты БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «әділет министрі жарлықты дұрыс түсіндірмеді» деп мәлімдеді.
Әділет министрі Марат Бекетаевтың «түсініксіз тағайындаушы» тақырыбы бойынша «соңғы сөзді қауіпсіздік кеңесі айтады» деген пікірі бұқараның «қос билік» жайлы күдігін күшейте түскен болатын. Жарлықты екінші рет түсіндіруге тырысқан Берік Уәли «Тоқаев Назарбаевпен кеңесе алатынын, бірақ кадр мәселесін өзі шешетінін» айтып, Бекетаевтың сөзін жоққа шығарды. Ол:
– Әділет министрі дұрыс түсіндірмеді деп санаймын. Бәлкім, журналистердің қысымымен Марат Бекетаев сасқалақтап, ойын дұрыс жеткізе алмай қалған болар, мұндай деңгейдегі лауазымды тұлға кез келген мәселені кәсіби тұрғыда нақты түсіндіруі тиіс қой, – деді ақпарат агенттіктерінің біріне.
Қазақстан қоғамын азан-қазан қылған қазандағы Тоқаев қол қойған «ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жарлық бойынша әкімдер мен министрлер (сыртқы істер, ішкі істер және қорғаныс министрлерінен өзге), қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, сыртқы барлау қызметінің жетекшісі, бас прокурор, ұлттық банк төрағасы, президент әкімшілігінің жетекшісі, күштік құрылым басшылары және тағы көптеген мемлекеттік лауазым иелерін тағайындау Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевтың келісімімен ғана жүзеге асады.
Дәйек-реплика:
2-1-тармағы: «Орталық атқарушы органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары лауазымына тағайындауға ұсынылатын (қарастырылатын) кандидатуралар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісілуге тиіс».
14-тармағы: «Мемлекет басшысы, Әкімшілік Басшысы немесе өзге де лауазымды адамдар белгіленген тәртіппен тиісті шешім шығарғанға дейін, олармен келісілуге тиіс кандидатураларды қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы актілерді қабылдауға жол берілмейді».