Қазанның 9-ы мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қол қойған «ҚР Президентінің кейбір актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №184 жарлығы өз күшіне енді. Жарлық бойынша әкімдер мен министрлер, күштік құрылым басшылары және тағы көптеген мемлекеттік лауазым иелерін тағайындау Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Назарбаевтың келісімімен ғана жүзеге асады.
Үзінді: 2-1-тармағы:
«Орталық атқарушы органдардың және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшылары лауазымына тағайындауға ұсынылатын (қарастырылатын) кандидатуралар Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісілуге тиіс».
Назарбаевтың жеке аппараты, өз кеңсесі, қоры мен баспасөз қызметі бар. Ақпарат министрі Дәурен Абаев «Тоқаев – екінші Назарбаев емес, оның өз басқару стилі, өз көзқарасы бар. Сондықтан, жаңа Президент өз жұмысында жаңа формат қолданған сайын «қос билік» туралы шу көтерудің қажеті жоқ» деп, ел ішіндегі «Қазақстандағы қос билік» жайлы қауесетті жоққа шығарып баққан болатын. «Қос билікті» байқап, оны сөз етушілерді «арандатушыға» балау күш алған шақта Назарбаев жуырда «Хабар» арнасына сұхбат берді. Қос билік тақырыбын «шетелдегі қашқындар шығарған өсек» ретінде бағалап, бірінші басшыға қатысты «Кеңесті мен бергенмен, шешім қабылдаушы – кеңес алған адамның өзі ғой» деген еді «Нұр Отан» көсемі.
Осыған дейін сайлау алдында, мамырда экс-президент «Алайда, Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы» деп «нүкте қойғандай» болып еді. Ол Тоқаевты аяқсыз қалған істі жалғастыратын, дайындықтан өткен тәжірибелі адам деп есептейтінін, өзінің тек жаңа президентке қолдау көрсететінін айтқан.
Қазақстанда экстремизмдік ұйым ретінде танылып, жұмысына тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» бейресми қозғалысының жетекшісі 20 жылға сырттай сотталған экс-банкир Мұхтар Әбілязовтың Тоқаевты «жиһаз» деп бағалаған сөзі санкцияланбаған митингтерде ауық-ауық айтылып келеді.
Отандық тәуелсіз саяси сарапшылар мұндай «құдіретті шешімдерді» қоғамның билікке деген сенімін әлсіретіп, демократиялық үдерістерді кешеуілдетеді дейді.