Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли қазанның 9-ы күшіне енген, азаматтық қоғамның сынына ұшыраған атышулы №184 жарлыққа қатысты түсінік берді.
– Кейбір Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері маған Мемлекет басшысының 2019 жылдың 9 қазанындағы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлығына түсіндірме беру жөнінде өтініш жасады, – деп жазды Тоқаевтың баспасөз хатшысы Берік Уәли Фейсбуктегі парақшасында.
«БАҚ беттерінде түрлі пайымдар мен пікірлер туғызған құжатты» президент хатшысы Тоқаевтың «кезекті жарлығы» екенін айтады. Оның сөзінше, бұл «құжатқа 2018 жылғы шілдеде қабылданған Қауіпсіздік кеңесі туралы жаңа заңның ережелеріне сәйкес қол қойылған». Ол аталған алқалы органның өкілеттілігін күшейту заңға сәйкес қарастырылатынын әрі мұны Н.Назарбаев өмір бойы басқаратынын мәлімдеді.
Сондай-ақ, өз жазбасында лауазымды тұлғаларды тағайындаудағы келісім тәртібі президенттің барлық кадрлық мәселелер бойынша өз бетінше шешім қабылдауына кедергі келтірмейді деп түсіндіреді президенттің баспасөз хатшысы.
Берік Уәли сөз соңында президент Конституция бойынша еліміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы екенін еске түсіріп, мемлекет басшысының Үкіметті жасақтайтынын айтқан.
«Қос билікті» байқап, оны сөз етушілерді «арандатушыға» балау күш алған шақта Назарбаев жуырда «Хабар» арнасына сұхбат берді. Қос билік тақырыбын «шетелдегі қашқындар шығарған өсек» ретінде бағалап, бірінші басшыға қатысты «Кеңесті мен бергенмен, шешім қабылдаушы – кеңес алған адамның өзі ғой» деген еді «Нұр Отан» көсемі.
Назарбаевтың жеке аппараты, өз кеңсесі, қоры мен баспасөз қызметі бар. Ақпарат министрі Дәурен Абаев «Тоқаев – екінші Назарбаев емес, оның өз басқару стилі, өз көзқарасы бар. Сондықтан, жаңа Президент өз жұмысында жаңа формат қолданған сайын «қос билік» туралы шу көтерудің қажеті жоқ» деп, ел ішіндегі «Қазақстандағы қос билік» жайлы қауесетті жоққа шығарып баққан болатын.
Осыған дейін сайлау алдында, мамырда экс-президент «Алайда, Қазақстанда мұндай екі президенттік басқару жоқ. Бір ғана президент бар және ол – ең бастысы» деп «нүкте қойғандай» болып еді. Ол Тоқаевты аяқсыз қалған істі жалғастыратын, дайындықтан өткен тәжірибелі адам деп есептейтінін, өзінің тек жаңа президентке қолдау көрсететінін айтқан.
Айтпақшы, бұған қатысты Мәжіліс депутаттары Азаттыққа берген сұхбаттарында "кеңесіп пішкен тон келте болмас" деген мәтелін жиі тілге тиек етіп, жай тиек ретінде емес тіпті кейбірі аргумент ретінде келтірген. Азаттық сауалына жауап берген мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл президент Тоқаевтың "азаматтық қоғам пікірімен санаса отырып, өзінің құзіретін толыққанды орындап, санаулы аса маңызды мәселемен ақылдасқанын" әбес көрмейтінін айтады.