АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Уашингтонның Қазақстан билігін адам құқығын жақсартуға қажетті шаралар жүргізуге табанды түрде шақыратынын мәлімдеді.
Өткен аптада АҚШ елшісі Азаттыққа берген сұқбатында «біз сияқты жас елге америкалық қалпақты киюге келмейді» деген Назарбаевтың президенттігі мен постпрезиденттік кезеңдеріндегі Қазақстанды адам құқықтарын қорғау кепілдігінің үдесінен шыға алмай келе жатқанын сынға алды.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда демократиялық құндылықтар әлі де толық аяқтанып үлгермегендіктен, билік пен бұқара арасында өркениетті-гуманды сипаттағы өнімді диалог орнай қойған жоқ. «Дағдарыс кезеңінде жүйені шайқалтпай, қайта нығайту үшін бізге қоғамды дамытатын, жұрттың айтқанына құлақ түретін мықты көшбасшылар мен мықты партия керек... Біреулер келіп, біреулер кетіп жатса не болатын айналамыздан, постсоветтік кеңістіктен көріп отырмыз» деп алаңдайтын экс-президент Назарбаев жүйеге наразылық күшейген тұста 30 жыл басшылықтағы ресми қызметін тәмамдап, 19 наурыз «ұмытылмас мәлімдеме» жасаған болатын.
Әйтсе де ол, сарапшылардың сөзінше, аузы дуалы «Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы» болу арқылы бейресми түрде басшылық етуде. «Кейбіреулер айғайлап айтып жүрген Еуропадағы демократияға келу үшін уақыт керек. Алдымен – экономика». Ел астанасы өз атымен аталатын Назарбаевтың бұл сөзі ұзақ жылдар бойы ел саясатының басты курсы болғаны белгілі.
Тәуелсіз сарапшылар биылғы саяси-әлеуметтік мәселелерге қатысты бұрын-соңды тіркелмеген қарқынды ырғақтағы толқулар мен шерулер билікті тығырыққа тіреп, либералдық қадамдарға мәжбүрлегенін айтады. Саяси үдерістерге белсене араласқан жастардың креативтілігін Тоқаев та ерекше атап өткен болатын.
Америкалық дипломат, ТМД елдерінің жай-жапсарына қанық, біраз жылдар Молдова, Украина, Оңтүстік Азия елдерінде еңбек еткен, 2019 жылы 2 қаңтардан бері АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі полиглот Уильям Мозер ел билігін Халықаралық адам құқықтары келісімдері мен Конституцияда көрсетілгендей тұлғаға гуманды принциптермен қарауға шақырады.
– Біз адам құқығы туралы үкіметпен [Қазақстанның] үздіксіз сөйлесіп келеміз. Бұл – екі жақтың күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселелердің бірі. Әлгінде айтқанымдай, президент Тоқаев үкіметімен жұмыс істейміз және Қазақстанды адам құқығы жайын жақсартуға қажетті реформалар жүргізуге табанды түрде шақыра береміз, – деді Мозер.
Батыс бақылаушылары «Тоқаев биыл маусымдағы кезектен тыс президент сайлауына қатысып, ресми мәлімет бойынша 70 пайыз дауыс алған кездегі қарсылық акциялары жаппай ұстауға ұласты» деп сынайды. Сондай-ақ, қыркүйектің 9-ы Женевадағы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 42-сессияның ашылуында ұйымның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелет «Қазақстандағы адам құқығы жағдайы» туралы баяндамасында биыл наурызынан бері өтіп жатқан «наразылық акциялары кезінде 4 мыңнан астам адам ұсталғанын» мәлімдеген болатын. Күз басында ел ішіндегі «Қытай экспансиясына» қарсы өткен наразылықтарда көзге түскен 20 шақты белсенді екі аптадан соң, 16-18 қыркүйек аралығында жаппай ұсталып, көбі 15 тәулікке дейін сотталып еді.