«Қытай экспансиясына» қарсы өткен наразылықтарда көзге түскен белсенділер екі аптадан соң 16-18 қыркүйек аралығында жаппай ұсталып, сотталуда.

2 қыркүйекте Жаңаөзен қаласында басталып, республиканың 10 шақты қаласында қолдау тапқан «үкіметаралық 55 жобаға», «Қытай экспансиясына» қарсылық акцияларын ІІМ «рұқсат етілмеген жиын» ретінде танып, «кез келген заңсыз шерудің жолын кесетінін» мәлімдеген еді. Айдың басында Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Орал, Атырау, Семей және өзге қалалар мен ел астанасында «Қазақстанға Қытай жобаларын салуға қарсылық білдірген» жаңаөзендіктердің талабын қолдап, наразылық эстафетасы жүрген болатын. Мемлекет басшысы Тоқаевтың «Қазақстан халқына жолдауында» айтқан бейбіт жиындар өткізуге рұқсат беру мәселесінен кейін аталмыш шараларда полиция қызметкерлері жаппай ұстау әрекеттеріне бармаған еді.

Бірақ арада екі апта өткен соң, «Қытай экспансиясына» қатысты азаматтық ұстанымдарын ашық білдірген белсенділер екі күннің ішінде әртүрлі жағдайда үйінен, жұмыс орнынан ұстап әкетілген.

Мысалы, кеше кешкі 19.30 шамасында полиция астаналық белсенді Болатбек Біләловті үйіне іздеп барып, сол жерден полиция бөлімшесіне алып кеткен. Кейіннен түн ішінде сот болып, «жаңаөзендіктерді қолдап, 4 қыркүйекте акцияға шыққаны үшін 10 тәулікке қамалғаны» хабарланған.

Сарапшылар азаматтық қоғам белсенділерін жаппай тұтқындау әрекеті сырттай 20 жылға сотталып, артынан жазасы өмір бойына бас бостандығын айыруға ауыстырылған экономист, экс-банкир Мұхтар Әблязов жетекшілік ететін Қазақстанда ресми түрде экстремистік ұйым ретінде танылған  ҚДТ қозғалысы шақырған 21 қыркүйек күні өтуі мүмкін нарзылықтарға байланысты екенін айтады.

Qaharman адам құқықтарын қорғау ұйымының дерегінше, «Қытай жобаларына қарсы акция өткізгені үшін» 14 адам әкімшілік жазаға тартылған.

16 қыркүйек

Әкімшілік сотпен сотталғандар:

Базарханов Айдос – 10 тәулік

Жексебаев Асхат – 10 тәулік

Мурат Шорманов – 15 тәулік

17 қыркүйек

Әкімшілік сотпен сотталғандар:

Ермек Казиев (Нурпеисов) – 15 тәулік

Назым Серикпекова – 10 тәулік

Алия Жакупова – 10 тәулік

Болатбек Біләлов – 10 тәулік

Фариза Беспаева – 5 тәулік

Аскар Кайырбек – 5 тәулік

Серик Аскаров – 10 тәулік

Марат Темирбеков – 10 тәулік

Куат Тулепбергенов – 10 тәулік

Зубайда Сейдахметова – 20 АЕК көлеміндегі айыппұл

Салтанат Толеген – 50 АЕК көлеміндегі айыппұл

Әкімшілік сотта күтіп отырғандар:

Берик Нагаев

Тергеуге шақырылып,босатылғандар:

Жанбота Алжанова

Бибигуль Туякова

Алтын Базарбай

Амзехан Рыскельдиев

"The Qazaq Times"