Азаматтық белсенді Санавар Закирова Жоғарғы соттан премьер-министр Асқар Маминнің ресейлік Сбер компаниялар тобының басшысымен Қазақстанның ақпараттық жүйесін ресейлік платформаға көшіру туралы меморандумды заңсыз деп тануды сұрап, әкімшілік шағым түсірді. Шағымды астанадағы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қабылдаған.
Бүгін, 13 қыркүйекте белсенді Facebooк парақшасында шағымы мен жазбасын жариялады.
«Премьер-министр Асқар Мамин мен Сбер компаниялар тобының жетекшісі Герман Греф қол қойған ҚР цифрлық трансформациясы бойынша жобаларды жүзеге асыру саласында әріптестік туралы меморандум Қазақстан Конституциясына қайшы және Қазақстан азаматтарына қауіп төндіреді деп санаймын» делінген шағымда.
«Азаматтардың жеке мәліметімен байланысты кез келген дүние Қазақстаннан тыс шықпауы тиіс. Өзге мемлекеттің жеке дерегімді өңдеуіне қарсымын» деген ұстанымдағы белсендіге QT редакциясының тілшісі хабарласып көрді.
– Сбер акциясының 51%-ына Ресей билігі иелік етеді. Электронды Үкіметтің 400 платформасын алып бөтен елдің қолына ұстату өте қауіпті... Мұны Ресейден басқа ешкім жасай алмайды дегенге сенбеймін, 400 платформаны әзірлеген қазақстандық мамандар бірыңғай ортақ платформа жасай алмауы мүмкін емес. Былтыр банктің тұтынушыларының деректері көлеңкелі нарықта сатылғаны жөнінде ақпарат тарағандықтан, олардың басшылығы қандай кепілдік берсе де сенуге болмайды. Егер шетел араласатын болса неліктен тек Ресейге тапсырылды, неге дамыған батыс елдері мен АҚШ деңгейінде ашық конкурс жүргізілмеді?.. – деді ол.
Оның пікірінше, Мамин Үкіметінің тап осы шешімі – тәуелсіз Қазақстанның цифрлық суверенитетіне үлкен қатер төндіреді. Закирова ресейлік ірі компанияның платформаны дайындап бергеннен кейін де «техқолдау барысында Қазақстанға қатысты барлық ақпаратқа қол жеткізуі ықтимал» деп күдіктенеді.
«Жарты миллиард доллар деген өте көп қаражат, оның бестен бір бөлігінің өзі жеткілікті. Наразылығымызды тыңдамайтын Үкіметке заңды қадаммен әрекет етуге шешім қабылдадым. Референдум өткізуін талап етемін. Соттан нәтиже болмаса, қарсылық жалғаса береді, нақты қадамдарды жоспарлаймын», – дейді.
Қыркүйек айының басында Қазақстан-Ресей басшыларының қатысуымен «Еститін үкімет» (Қазақстан) ресейлік Сбер компаниялар тобымен Қазақстанның цифрлық үкіметіне арналған платформа құру жөнінде меморандумға қол қойғаннан кейін қоғамда наразылық көңіл-күй артқан. Десе де қазіргі үкімет құрамы түрлі әдіспен «аманаттау» қадамының дұрыстығын жеткізуге тырысып, райынан қайтпай отыр. ІТ мамандардың бір тобы «жабық кабинет жағдайында қабылданған шешімді» сынады, олар платформа дайындауға үміткерлердің ашық тәсілмен таңдалмауына наразы.
Өткен аптада цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Сбер платформасы ел үшін «ең қолайлы жүйе» және «ҰҚК талаптарына сәйкес келед» деп мәлімдеген.Оның айтуынша, жобаға шашамен 500 млн доллар жұмсалуы мүмкін.