Еуропарламенттің 598 депутаты Қазақстандағы саяси ахуалды қатаң сынап, санкция салуға шақырды.

11 ақпан күнгі Еуропарламент отырысының түскі сессиясында депутаттар осыдан бір ай бұрын Қазақстанда өткен сайлау кезінде «түрлі заңдар негізгі бостандықтарға елеулі шектеу қойғанын, азаматтық қоғам мен балама көзқарастардың аясы тарылғанын» және «оппозициясыз», яғни сайлаушылардың «таңдау мүмкіндігінсіз өткенін», «тәуелсіз бақылаушыларға қысым күшті болғанын», «әдеттегідей бейбіт наразылыққа шыққан жүздеген адам ұсталғанын» айтып сынады. Саяси науқаннан басқа елдің саяси жүйесіндегі «созылмалы мәселелер» өткір талқыланды. «Естуші мемлекет» құруды ұрандатқанымен «саяси өмірі репрессивті сипат алған» Қазақстандағы әділетсіздікті сынайтын әрі 20 талаптан тұратын қарарға 693 депутаттың 598-і қолдап дауыс берген (43-і қарсы дауыс берсе, 52 депутат қалыс қалған).

Батыс парламенті «Қазақстан үкіметін халықаралық міндеттемелерге сәйкес әрекеттенуге, сондай-ақ EPCA құжатының 1, 4, 5 және 235-баптарында көзделген Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын құрметтеуге талап ете; билікті сайлау өткізуде құқықтық өрісті сақтау туралы халықаралық нормаларды сақтауға және ДИАҚБ ХҚК ұсынымдарын, оның ішінде конституциялық кепілдік берілген негізгі бостандықтар –  азаматтық қоғамның саяси өмірге қатысу, саяси плюрализм, сайлау комиссияларының бейтараптығы, сайлау және сайлану құқықтары, сайлаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарын (БАҚ) алаламай тіркеу сияқты міндеттерді орындауға шақырады», – делінген «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі ахуалы туралы» ресми қарарда.

Сонымен қоса, Еуропарламентте Қазақстанда кейінгі кезде азаматтық қоғам ұйымдарына күшейген қысым, адам құқықтары жағдайы нашарлауы, саяси тұтқындар, абақтылардағы азаптау, бейбіт жиындар мен қауымдастықтар еркіндігінің шектелуі кеңінен сөз болды.

Ел билігінен Қытайдағы туыстары мен мемлекет азаматтарына жиі араша сұрайтын қазақстандықтардың талабын ескеруге, Шыңжаңдағы қысымынан қашып келген қазақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

Батыс депутаттарының пікірінше, «елде жұмыс істейтін азаматтық қоғам мен құқық қорғау ұйымдары «салық мәселесі бойынша» билік тарапынан қысым көріп, жазаланып отыр», ал бұл «реформалау барысына кедергі келтіреді әрі азаматтық қоғамның негізгі жұмысын шектейді».

Орта Азиядағы саяси климаты көп жылдар бойы өзгермеген ірі ел туралы талқыға қатысқан депутаттардың дерегіне қарағанда, Қазақстанда «26 саяси тұтқын бар, оның бесеуі былтыр қаза болған» (олар: Дулат Ағаділ мен тұңғыш ұлы Жанболат Ағаділ, Серік Оразов, Аманбике Хайролла және Ғарифулла Ембергенов – қарардан). Осымен бірге, «билік саяси оппоненттер мен сыни пікірлерді басып-жаншу үшін әртүрлі айла-шарғы қолданады». Қарарда түрмедегі азаптау оқиғасы тоқтамағаны, тұтқындардың құқығы аяқасты етілетіні, коронавирус шектеулері жағдайды ушықтырғаны жазылған.

Қарар қабылдар бұрын талқы кезеңінде сөз алған депутаттар Арқа астанасына бірқатар айып артты. Көпшілігі жағдай қиындап бара жатқанын айтып, әрдайым экономикалық мүддеден жоғары тұруы қажет адам құқығы жиі тапталатынына алаңдаушылық білдірді.

Азаттық радиосының жазуынша, «Қазақстан үкіметі тәуелсіздіктің отыз жылын тойламақшы. Бірақ саяси тұтқындардың бәрі босамайынша, саяси астары бар сот шешімдерінің күші жойылмайынша, адам құқықтарын қорғаушылар мен белсенділерді қудалау тоқтамайынша, шынайы той болмайды» деген Польша депутаты Эва Божена Копач «адам құқықтарын бұзуға қатысы бар мемлекеттік қызметкерлерге мақсатты түрде санкция салуды ойластыруға» шақырған. Ал Петрас Ауштревичюс «Қазақстанда адам құқықтары күн сайын бұзылып жатыр» деген. Неміс депутаты Виола фон Крамон-Таубадель «бірде-бір сайлау әділ өтпеген» Қазақстандағы қазіргі жағдайды «Назарбаев диктатурасы» деп сипаттаған.

Үкімет коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шарттарын азаматтық қоғам мүшелерін, құқық қорғаушы белсенділер мен кемшіліктерді ашық айтқан дәрігерлерді «қудалауға пайдаланған».

Әлемдегі сөз бостандығы рейтингінде 157-орында тұрған Қазақстанның деңгейін айтқан Еуропа заң шығарушылары ақпарат құралдарының басым бөлігіне мемлекеттің қаржы беруін сынады. Күштік құрылымдар тарапынан журналистерге (Азаттық тілшісі Сәния Тойкен, «Орал апталығы» басылымының тілшісі Лұқпан Ахмедияров) жасалған қысым, интернетте күшейген бақылау мен цензура жайлы да қамтылған.

«Еуропарламент бұған дейінгі адам құқықтары бойынша салынатын халықаралық санкцияны ескертеді. Бұл құжат Қазақстан жағдайында адам құқығын бұзуға қатысы бар шенеуніктер мен мекемелерге қарсы қудалау шарасын қолдануға, санкция енгізуге мүмкіндік береді», – делінген ресми қарарда.

Еуропаламент Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі комиссияның вице-президентін және одаққа мүше елдерді Қазақстандағы адам хақының бұзылуына жауапты тұлғаларға санкция салу жолын қарастыруды сұрады.

Еуропарламент қабылдаған сын-ескертпеге толы қарар Орта Азиядағы өкілдігіне, Еуроодақ елдерінің жоғары инстанцияларына және Ақордаға, яғни президент Тоқаевқа, «құжаттың басты қаһарманы» Қазақстан Үкіметі мен Парламентіне жолданады.

Былтырғы жағдай бойынша, Қазақстан The Economist журналының «Демократия индексінде» 128-орынға жайғасқан.

"The Qazaq Times"