Бейсенбі, 14 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясында Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің құрамына алдағы екі жыл мүшелік ететін 18 елдің тізімі бекітілді. Олардың арасында адам хақы нашар қорғалатын, көбінде сақтала бермейтін Қазақстан да бар.
Азаматтық қоғам мен оппозиция түрлі қысымға тап болатын Қазақстан 2013-2015 жылдары мүше болған Адам құқықтары жөніндегі кеңеске 2022-2024 жылдары да қайта кірмек. Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясының 76-ыншы әрі кеңестің 48-сессиясы барысында қабылданған шешім жөнінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Кеңесте Қазақстан жұмысының басым бағыттары ретінде гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық түрлеріне қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы кезінде адам құқықтарын құрметтеу белгіленді», – делінген СІМ хабарламасында.
Ведомство елдің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы – Қазақстанның «Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады» деп санайды.
Тәртіп бойынша, қайсыбір кандидат-мемлекет кеңеске кіру үшін кемінде 97 дауыс иелену керек. Басылымдар жариялаған ақпаратқа қарағанда, Қазақстан кандидатурасын Бас ассамблеяның 184 делегациясы қолдаған. Кеңес құрамына Қазақстаннан басқа Аргентина, АҚШ, Финляндия, Үндістан, Литва, Люксембург, Малайзия сияқты елдер енген.
Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөнінде кеңесіне адам құқығына байланысты жиі сыналып жатқан тұста мүше болып отыр. Азаттық радиосының жазуынша, бірнеше күн бұрын халықаралық Human Rights Watch ұйымы кандидаттар арасында кеңеске мүше болуға лайықтысы аз екенін айтып, Қазақстандағы жағдайды да сынаған.
«Қазақстан үкіметі адам құқығы мәселесін күн тәртібіне енгізіп, көңіл бөліп келе жатқанын айтқанмен елде сөз бостандығы, бейбіт жиналу құқығы шектеледі, тәуелсіз кәсіподақ құру мүмкіндігі де аз» делінген ұйым мәлімдемесінде.
Қазақстандық құқық қорғаушылар кеңесі халықаралық стандартқа сәйкес, «саяси тұтқын» деп таныған бірнеше азамат кейінгі кезде босатылғанымен, бірақ билік ондаған азаматтық белсендігі іс қозғап, соттауын жалғастырып жатыр. Осы аптада сарапшылар тарапынан «саяси қудалау кампаниясының апогейі» деп танылған іс бойынша 13 белсендіге үкім шықты. Жүйедегі кемшіліктерді ашық сынайтын азаматтардың көбіне «экстремизм» бабына байланысты түрлі айып тағылып, істі болады. Азаматтық қоғам өкілдері жеке көзқарасы үшін соттау – халықты үркітіп-қорқыту, көпке жасалған доқ мәніндегі сигнал дейді. Еркін өмірдегі құқықтан бөлек абақтыда да азаптау фактілері жиі мәлім болып жатады. Биыл қыста қордаланған, әділ шешімін таппады делінген көптеген жағдай бойынша Еуропарламент те Ақорда саясатын сынаған. Тіпті елде адам құқығына қатысы бар шенеуніктерге санкция салу мәселесі бірнеше рет көтерілді.
БҰҰ аясында үкіметаралық деңгейде жұмыс істейтін Адам құқықтары жөніндегі кеңесте 47 мемлекет бар. Кеңес құзыретіне адам құқығы саласына қатысты барлық мәселені талқылау кіреді.