«Астана ЛРТ» жеңіл рельсті көлік жүйесінің құрылысы кезінде 400 миллион теңге жымқырылған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің жетекшісі Сергей Перов мәлімдеді.

Сергей Перовтың айтуынша, мемлекеттік сараптама нәтижесінде жалпы құны 2,6 миллиард теңге болатын құрылыстың келісімі 4,2 миллиардқа жасалған. Оның 3 миллиардын мердігерлер төлеген. Ал 412 миллион теңге жалған кәсіпорындардың көмегімен жымқырылған. Тергеу барысында жобаға қатысы бар деген күдікке «Астана ЛРТ» серіктестігінің, Астана қаласы әкімдігінің және басқа да ұйымдардың қызметкерлері ілінді.
Қазіргі уақытта аталған іске қатысты құжаттардың барлығы тәркіленеген және осыған қатысы бар деген оннан астам күдіктінің елден шығуына тыйым салынды.

"Астана ЛРТ" құрылысы. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл суретті "Қазақстандағы жемқорлыққа арналған ескерткіш" деп атаған. Фото: https://astanatimes.com

«Астана LRT» құрылысы 2016 жылы басталған. Бастапқы жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2019 жылы 31 желтоқсанда аяқталып, 2020 жылы жазда пайдалануға берілуі тиіс еді. 22 километрден асатын жолды салуға 1 миллиард 887 миллион доллар бөлінген. Бірақ кейін құрылыс жұмыстары тоқтап қалған. Биыл 30 шілдеде «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланған. Қазіргі уақытта Интерпол осы мәселені назарда ұстап отыр.

Күні кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы әрі қарай дамыту мәселелері бойынша кеңесте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ЛРТ құрылысы ісін тергеуді жеделдетуді тапсырды. Мемлекет басшысы сөзінде: «ЛРТ құрылысы – сәтсіз жоба. Үкімет пен әкімдік оның құрылысын жалғастыру шешімін қабылдады. Маған баяндағандай, өзге амал жоқ. Өйткені біраз шаруа атқарылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жеделдету тапсырмасымен жүгінгім келеді. Біреулердің шетелге қашып кеткендігін айтып, үстімен жүруге болмайды. Бұл жоспарланған қашып кету екендігі түсінікті. Өзгелерді, оның ішінде шешім қабылдаған әкімдіктің басшыларын назардан тыс қалдырмау керек», – деді. Бұл жобаның «өте даулы» екенін айтқан Қ.Тоқаев: «Бұл өте даулы жоба, экономикалық тұрғыда түсініксіз. ЛРТ ұзындығы 22,5 км, 18 станция жоспарлаған. Марафон кезінде сіздер 22 шақырымнан артық жүгіресіздер. 18 станция болса, аялдамалардың арасы 1 шақырымнан сәл артығырақ. Жаяу жүргеннің өзінде біраз жүріп өтеміз. Мұндай жобаны қалай іске қосқанын түсінбеймін», – деді.

"The Qazaq Times"