Соңғы уақыттары Қазақстандағы тіркелген жалғыз оппозициялық ЖСДП "Ақиқат" партиясы маңында болып жатқан дауға байланысты бүгін біз партияның экс-төрағасы Ермұрат Бапимен сұхбаттасуды жөн көрдік. Айта кететін бір жайт, "Ақиқаттың" ХV-құрылтайында партия мүшелері төраға Ермұрат Бапиді "Әкежан Қажыгелдин мен Бергей Рысқалиевтің ырқына жығылды" деген сылтаумен орнынан алып, партиядан шығарған.
– Сонымен, Ермұрат мырза, сырттағы Қажыгелдин мен Рысқалиевтан ақша алғаныңыз рас болды ма?
– Бәлкім, Заманбекті мен атып кеткен шығармын? Алтынбекті мен өлтірді дегенге де сеніп қалуыңыз мүмкін бе? Тілде сүйек жоқ – әсіресе қазақтың...
– Жоқ, дегенмен партияластарыңыз сізді шетелден ақша алды деп айыптады ғой...
– Біріншіден, мен бүгінде олардың партияластары емеспін! Шынымды айтсам, ондай былықпен бықсыған ортаның атаусыз айыбының арқасында тазаланып шыққаныма қуанамын. Бұған дейін қоғамда маған«ескі оппозиция», «Қосановшыл Жаңа Қазақстанның өкілі», «биліктің ырқындағы партияның төрағасы», т.т. жамаулар жасқалып, партияға келген шын ниетіме сенімсіздік болған еді ғой. Енді мен аппаратшыл бюрократиялық батпақтан «шайылып», «жуылып» шықтым. Себебі сіз айтқан «партияластарымның» керітарпалығы мен азаматтық қоғамды, миллиондаған наразылар армиясын ЖСДП-ға тартуға деген талпынысыма кесекөлденең болуы – менің ниетімнің адал болғанын ел алдында өздері дәлелдеп берді. Маған деген сенімінде селкем бар ел-жұрттық алдында ақтап бергендерін өздері де аңғармай қалды. Бұны саяси топастық демегенде – не дейміз?
– Жөн делік, ал екіншіден не айтпақ едіңіз?
– Екіншіден Әкежан Қажыгелдин де, Бергей Рысқалиев та елге деген, елдің өзгерісіне деген ықыластары теріс адамдар емес. Олар – Қазақстанның азаматтығынан шықпаған, еріксіз айдау мен қуғынға мәжбүр болған жігіттер. Шетелдік Машкевич саяси партиялар мен «тәуелсіз» атауы бар назарбаевшыл газеттерді қаржыландырып жатқанда қыңқ етпеген билік бұл екеуін жау көре қалған екен! Олардың «кінараты» – біреу-ақ: Назарбаевтық жеке дара билікке қарсы шықты...
-Қажыгелдин қарсы шыққан шығар, ал Бергей Рысқалиевті қоғам олай бағалай алмайды. Жаңаөзенге қатысы бар деген қауесет те тегін болмаса керек...
-Иә, Атырау облысы болмаса, елдің басқа аймақтарында Рысқалиевқа деген көзқарас ала-құла екенін білем. Бұл енді кімнің қалай насихаттауына байланысты жағдай: билік оны қылмскер деп, сырттай соттады, ал Рысқалиев өзінің шетелге қашып кету себебін саясиландыра алмады. Есі дұрыс адам елден безіп несі бар?
-Дегенмен сіз «ақша алу-алмау» мәселесінен ауытқып кеттіңіз...
-Ақша алсам, жағдай мынадай партиялық төңкеріске дейін ушығар ма еді? Егер менде ақша болғанда, «төңкерісшілердің» таңдайларына «сырттан алған» қаржымды тамызып тұрғанда, бұл бюрократтар маған қарсы шығуға қауһарсыз болар еді. Олар менің алақанымнан жем шоқуға дәнігер еді.
Бірақ мен екі жағдайдан адамын: біріншіден, еркін ойлы ортадағы, демократиялық діңі бар адамды ақшаға байлауға қарсымын, бойымда ондай оғаш әдет жоқ; екіншіден, ол екі азаматтан қыруар қаржы түгілі, тесік тиын алған жоқпын. Алсам – партияның облыстық филиалдарын ендігі толықтай ауыстырып, тоғышар топты партиядан бықпырт тигендей қуып, ұйымды аластап үлгірер едім.
– Сөзіңізге қарағанда, сіздің де қуғын салуға қадетіңіз бар сияқты...
– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім... Бірақ, құймышақтары партиялық креслоға он жылдан астам уақыттан бері жабысып қалған, маңайларына қоғамның басқа өкілдерін жолатуға құлқы жоқ партократтарды тырқыратып қумағанда, маңдайларынан сипауым керек пе еді?! Бұлардың маған таққан тағы бір жалаң жаласы – «партияға түсініксіз адамдарды әкеліп жатыр», «приводит непонятных людей» деген былжырақ болды.
Көкем-ау, соңғы президенттік сайлауда қоғамды қопарып тастай жаздаған бақылаушылар қандай «түсініксіз адамдар» болуы мүмкін?! Немесе, елге жаңа протестік тренд әкелген,қарсылық қозғалысына тың динамика берген «Оян, Қазақстан» қозғалысын немесе тәуелсіз партия құрамыз деп ұран салған астанадағы «Республика» жастар бірлестігін өлсем де «түсініксіз адамдар» қатарына қоса алмаймын.
Саяси ұйымның жетекшісі ретіндегі менің басты мақсатым – партияны осы жаңа толқынға, қазақстандық қоғамға қосып, елдегі қарсылық қозғалыстарын тұтастыру арқылы парламенттік сайлауға бірлесіп және билікпен теке-тірес жағдайында бару болды. Мен партия ішінде билікпен ешқандай саяси ымыраға бармауды, Ақорданың арбауы мен алдауына тап болмауды талап еттім. Ал кеше өткен баспасөз мәслихатында төңкерісшілер: «Билік шақырса, біз Тоқаевтың келісім кеңесіне барамыз» деп отыр. Бұл дегеніңіз биліктің ойын шартына көну, солардың алаңында тағы бір саяси спектакль қою деген сөз. Бұл сайқымазақтың астарлы мәні – қазақты алдарқату, халықты тағы да 40 жыл шөл далада шөліркетіп, назарбаевтық биліктің ғұмырын мейілінше соза түсуге жәрдем жасау деген сөз. Мен бұған келісе алмаймын! Ал сондай келісімге барып, билікпен бірге ойнауға, Назарбаевтан әбден мезі болған халықтың сенімінде ойнақтауға құштар «заговоршылар» мені төрағалықтан ғана емес, партиядан шығарып тынды.
– Бәлкім, партияның сірсіп қалған серкелері Жанболат Мамайды сіздің төрағалыққа ұсынуыңызға қарсы болып, төңкеріс жасауға мәжбүр болған шығар, мұндай пікірге жол бере аласыз ба?
– Мүмкін! Бірақ оларда Жанболатты сайламай қою мүмкіндігі болды ғой: ол үшін төңкеріс жасап, партияны қоғам алдында масқара қылудың қажеті қанша еді?!Олардың үшінші бір күштің бірімен сепаратшыл, жікшіл әрекетке баруында басқа себеп бар. Егер партия сиезі мен ойластырғандай жоспарда өткен жағдайда, азаматтық қоғамның өкілі ретінде және екі рет нақақ сотталғаны бар – Жанболаттың фигурасы партия үшін үлкен ребрендинг болар еді.
Негізінде мен сиезд басталғанға дейін Жанболатты төрағалыққа ұсыну «жобасын» саяси кеңес мүшелерінен де, делегаттардан да жасырып келдім. Себебі – оппозициялық алаңда жүріп, қауіпсіздікті елең қылмаудың кесірінен жүзеге аспай қалған талай тарихты бастан кешкем... Оның үстіне, Жанболат сотты болғаннан кейін – алдағы қараша айына дейін бас бостандығы «пробация» деп аталатын шектеуде жүрген азамат. «Жанболаттың жобасы» атышулы «КНБ»-ның құлағына жетсе, «КУИС» оны қайтадан түрмеге тығуы мүмкін еді. Ал егер ол төрағалыққа сайланып кеткен жағдайда, бұл әрекет саяси астар алар еді де, оны қамауға алудың мүмкіндігі «нөлге» теңелер еді.
– Дегенмен, сіздің өзіңіз де партия үшін ребрендинг едіңіз ғой: сайланғаныңызға бес-ақ ай болды, танымал журналист ретіндегі атағыңыз елге мәлім, кландық топтарда болған жоқсыз. «Жанболаттың жобасы» сіз үшін қаншалықты қажет болды?
– Мен үшін емес, партия үшін ауадай қажет еді. Біріншіден, соңғы сайлауға бойкот жариялаған соң, онысыз да бұған дейін ұйқыда жатқан партияның рейтингі плинтустан төмен түсіп кетті.Оның үстіне, сайлауға дейінгі және одан кейінгі Қазақстан сияқты, менің саяси жетекшілік имиджім де өзгеріске ұшырады: көпшілік халық өзгеріс үшін сайлауға барған кезде, мен «байкотшыл» партияның төрағасы болып шықтым.
Екіншіден, сайлаудан соң елде жаңа және жас толқын пайда болды. Біз қаласақ та, қаламасақ та, қоғамдағы қарсылық қозғалыстың қазіргі генераторы – жастар. Олармен менен гөрі, сол ұрпақтың өкілі Жанболаттың әріптес болғаны әлдеқайда ұтымды. Жастар бір-біріне түсінікті трендтте сөйлесе алады.
– Ендеше, бұл партиялық төңкерістің артында кімдер тұруы мүмкін?
– Бұл жерде қатты ойланудың қажеті шамалы: біріншіден, қалай десек те, партиясын құйтырқы қойылымға қатыстыруға қарсы шығарға төрағаны ығыстыруға әлбетте билік мүдделі. Бұған билік екіге жарған «Ақ жол» мен «Нағыз ақжолдың» немесе Серікболсын Әбділдин ағамыздың нағыз коммунистеріне қосанжарланған косаревтік «халықшыл» коммунистер партиясының саяси тағдыры куә. Барлығы бастан кешкен жағдай.
Екіншіден, бұл төңкерістің артында билікпен ымыраға барған әлдебір кландық-олигархиялық топ болуы мүмкін. Бұл топ ЖСДП-ны биліктің алдына жығып бергені үшін, бүгінде Назарбаев отырған «кітапханадан» саяси-қаржылық бонус алуы да ғажап емес. Дәл осындай, бірақ Тоқаевтың үкіметіне өш немесе Назарбаевтың режимінде есесі кеткен топ саяси кек алу мақсатымен жікшілдермен ымыра жасасып, партияны сырттан сатып алуы мүмкін.
– Ереке, қалай ойлайсыз, ондай кландық немесе сіз айтқан соңғы «өшпенділер» тобы сізге шықты ма, шықса – олар сізбен неге тіл табыса алмады?
– Жақсы сұрақ екен... Иә, маған мұндай екі топтың өкілдері шықты. Біріншісінің – билікпен ымыра жасасып, парламенттен перуашевтық «Ақ жол» сияқты 7-8 орын алуға ниеті бар екен. Яғни, бұларға халықтық мүдде маңызды болмады, бастысы – биліктің төңірегінде «свадебный генерал» болып жүру ғана. Олар назарбаевтық режимнің мәңгілік жүйесін, заманның ешқашан өзгермейтінін мойындаған мерездер. Бұлар халықтың мұң-мұқтажын сырттай жоқтаған сыңай танытып, ал іштей – билікпен біте қайнасуға ниетті артистер. Мен соңғы ширек ғасырға жуық уақытта мұндай «өнерді» меңгере алмаған адаммын...
Екіншілері – биліктегі үлесі мен ойып алған орынынан айырылған ақшалылар тобы. Анығында – бұлар азаматтық қоғамға біршама жақын, халықты наразылыққа итермелеуге бейім топ. Бұлармен ортақ мүдде үшін ымыра жасауға болар еді, бірақ олардың қанына меншікшіл (собственник), қожайындық қасиет сіңіп қалған. Егер сенсеңіз, мен қожайынға қызмет қыла алмаймын. Менің танымымда қожайын – қоғам болуы тиіс. Ал өзін партияның меншік иесі қылғысы келгендер азаматтық қоғамның ығына жығылып, «ұйқыдағы акционер» болуы тиіс.
– Тіпті қалай болғанда да, қоғамның ортақ мүддесі үшін бұл топпен тіл табысудың әбестігі болмас еді ғой... «Саясат деген – келісімге келу өнері» деген сөз бар...
– Жеме-жемге келгенде, бұл топ азаматтық қоғамның ерік-жігерін өз ырқына көндіруге, кландық мүддесін халықтық мұраттардан жоғары қоюға, парламенттік мандатты өз адамдарына таратып беруге пейілді. Әрине, егер бұл топ көзге көрінбей, «ұйқыда жата тұруды» қалаған жағдайда, мен олармен компромиске баруға дайын едім.
Бірақ жоғарыда аталған екі топ та мені қолшоқпар етіп, партиялық қызметке өз дегендерін өткізіп, қоғамда қалыптасқан жағдайды өз ырықтарына пайдаланғысы келді. Ал 60-қа келген мен біреудің қолшоқпары болатын жастан өтіп кеткем. Жетекшілік құрамында азаматтық қоғам өкілдері бар партиямен санаспау – мен үшін санаға сиыспайтын жағдай. Сондықтан мен партияны әлдебір кландық топтың иелігіне жығып беруге қарсы болдым.
Бірақ, әсіресе екінші топтың өкілдерімен ат құйрығын кесіскен жоқ едім. Мен оларға партияның бірнеше әріптесінің біреуі болуды ұсындым. Олар ойланып, мен мойынсұнбай жүргенде, партиялық төңкеріске кез келдік...
– Яғни, сіз бұл төңкерістің сыртында осы екі топтың бірі тұр деп ойлайсыз ба?
– Әбден мүмкін. Бірақ бұл менің болжамым ғана. Қалай болғанда да, мен биліктің немесе сол маңдағы кландық топтардың әрекетін жоққа шығармаймын.
– Мысалы үшін, нақты қандай кланды айтар едіңіз?
– Олар Ақорда мен «кітапхананың» төңірегінде өріп жүр ғой: мысалы, Дариға Назарбаева мен Бауыржан Байбектің «Нұр отанға» бәсекелес партияны тұншықтыруға «кет әрі емес» тобын айтуға болады. Бүгінде назарбаевтық билікті сақтау мен оны берік ұстаудың бір аспабы – «Нұр отан» мен парламент болғаны анық. Олардың ойында жаппай халықтық қарсылық қозғалысының мүмкіндігіне сүйенген ЖСДП билік партиясына азулы қарсылас болып, парламенттік сайлауда «бүлік» шығаруы мүмкін. Бұны тағы да соңғы сайлауда елдегі өзгерісті қалаған халықтың құштарлығынан байқауға болады. Мен өткен сиезде делегаттарға осы мүмкіндікке иек артуды партияның басты қаруы етуді ұсынғым келген...
Сол сияқты, Кәрім Мәсімов пен Болат Өтемұратовтың немесе «Тимур және оның командасын» атауға болады. Бұлардың бәрі постназарбаевтық кезеңде «статус-кво» жағдайды сақтап қалғысы келеді, парламенттегі партия олар үшін зеңбіректің басты калибрі саналатыны анық. Сондықтан осындай немесе жоғарыда аталған кландық топтардың бірі жас жігіттерді алдап соғып, партияны сырттан «сатып алуы» әбден мүмкін.
Әрине халықпен біте қайнасуға ұмтылған партияны мүдделі топтың бірі иемденіп кетуі – бір мәселе, ал «Ақиқат» аты бар қоғамшыл ұйымды астыртын ымырамен сатып жіберу – бұл басқа – сорақы мәселе. Себебі – халыққа аса қажет жалғыз оппозициялық партия қолды болды. Сондықтан да мен «Ақиқатты» халық жаулары, партократтар сатып кетті деп есептеймін. Бұл арада өткен ғасырдың 20-30-жылдарғы ел-жұрт үшін шәйіт болған «халық жауларынан» бұлар садаға кетсін! Олар – «халық жауы» деп, тырнақшаның ішінде аталатын, ал бұлар тырнақшадан да, ар-ожданнан да тырдай!
– Айтпақшы, партияның «Ақиқат» атауы мемлекеттік тіркеуге алынбады деген хабар болып еді ғой...
– Иә, бесіктегі бала сенбейтін сылтаумен Әділет министрлігі ребрендинг атауды тіркеуден бас тартқаны рас. Елде «Желтоқсан ақиқаты» деген қоғамдық бірлестік бар, сондықтан ұқсас атауды екі ұйымның иемденуне болмайды депті «әділетшіл» министрлік. Біріншіден, «Желтоқсан ақиқаты» – қоғамдық бірлестік, ал «ЖСДП – саяси партия. Неге онда «Нұр-сұлтан» немесе «нұр» атауларын көрінген тесікке тықпалауға рұқсат етіледі де, біздің партияға тиым салады?
Бірақ мен партияның астаналық филиалы мен оның заңгеріне бұл негізсіз бас тартуды сотқа беруді тапсырған едім, бірақ бүлікшіл топ төрағаның бұйрығын түлкі бұлаңға салып, күні бүгінге дейін сот процесін бастауды шегеріп келді. Ол – ма, осы сиезде олар: «Бізге «Ақиқат» қажет емес, партияның бұрынғы атауымен – «ЖСДП» болып қалуымыз керек» деп, тіпті қарапайым ребрендинг жасауға да құлықты болмай шықты.
– Ал енді «әскерсіз қалған генерал» ретінде не әрекет қылмақ ниетіңіз бар? Төңкерісшілерге қарсы әрекет жасайсыз ба, жоқ әлде басқа салғанға көнесіз бе?
– Жоғарыда айттым ғой: осы «заговордың» нәтижесінде мен өзімнің биліктік жоба емес екенімді дәлелдеп шықтым деп. Мен партияны халықтық қоғамға апарғым келді, ал төңкерісшілер бұған қарсы шықты. Бітті – осымен-ақ кімнің партиялық реформа жағында, кімнің – оны қаламайтыны анықталды.
Бірақ «басқа салғанға көну» мен үшін қолайлы болғанымен, қоғамның оппозициялық партиясыз қалғаны менің жанымды жейді. Мен әлдекімдердің ойына сәйкес, «партияны құртқан» адам болғым келмейді. Сондықтан мен үшін бір шайқас жеңіліспен аяқталса да, тұтас соғыс әлі біткен жоқ. Бұл орайдағы ой-жоралғыларымды әзірге бүге тұрайын.
– Аға, ал егер Рахымжанов пен Сәмбетбайдың жетегімен билік жағына шығып кеткен партияға қоғам тарапынан сенімсіздік күшейгенін ескеріп, бүлікшілер ақыры ақылға келіп, сізді әріптестікке шақыра қалса, оларға жауабыңыз қандай болар еді?
– Жоқ, бұл орайдағы шешімді екеуі емес, оларды жетегіне алған топ қана жасай алады: Асхат пен Тазабек – бұл шахмат партиясында биге шыға алмайтын пешкалар. Егер олар өздерінің бас жібін әлдекімнің байлауына бермеген жағдайда, мұндай озбыр әрекетке барамауы керек еді.
Ең қызығы – бұл екеуі де, саяси кеңестің басқа мүшелері де, сиезге дейін маған қандай да сын айтып, жұмыстағы кемшілігімді бірде-бір рет бетіме басып көрмеген. Мен оларға әрдайым ашық болдым: тіпті, жасыратыны жоқ, бір дастарханның басында бірге отырып, сыра ішкен күндеріміз де болды. Менің ішкі-сыртқы дүнием ашық, жолдасқа адал және бүкпесіз адаммын. Олардың маған әлдебір кінә тағар мүмкіндіктері жеткілікті болды. Тіпті, сиезден бір күн бұрын, Жанболат екеуіміз оларды тамаққа шақырып, ертеңгі жауапты жиынның болашақ жөн-жосығын талқыладық...
– Қалай сонда, олар сіздің асыңызды ішіп, аяғыңызды ақтарып кеткені ме?
– Солай болды... Мәселен, мен біреуге наразы болсам, «жең ішінде жұдырық жасырып» жүргендей жағдайым болса, оның дастарханына бармаудың сыпайы амалын табар едім. Ал сенің тамағыңнан татып, шапалақпен тартып кету – қазақшалап айтқанда, бұл нағыз иттік пен арамдықтың белгісі деп білем. Сол себепті де мен ту сыртымнан және астыртын төңкеріс жасаған сатқындықты кешіре алмаймын. Бұл кез-келген адамның бойында да, ойында да болатын намыс деп білем.
-Қысқасы – сіз енді олармен мәмілеге бара алмайсыз ба?
-Әрине! Сатқындықты қалай кешіруге болады?! Мен олардың қолына партияның барлық ішкі жұмысын беріп, соншалықты сенімде болған едім. Сөйткен адамдарым азаматтық сенімді таптап кетті!
Ал өзім партиялық сыртқы жұмыстармен, қоғаммен қатынас мәселелерімен айналыстым. Мыңдаған тәуелсіз бақылаушылармен мәмілеге келіп, олар партияның құрамына жөңкіліп кіруге дайын тұр еді. Бір жағынан билік партия мен бақылаушылар армиясының бірігіп кетпеуіне қарсы осындай арсыз қам жасаған шығар. Бұны мен халыққа қарсы, елдің ерік-жігеріне қарсы жасалған қылмыс деп есептеймін!
Дегенмен, елдегі жалғыз оппозициялық партияны сақтап қалу үшін және партияның платформасы арқылы халық өкілдерін парламентке жеткізетін жалғыз «көпір» болғандықтан, қоғам мүддесі үшін өз амбициям мен ар-намысымды құрбандыққа шалуға болар ма еді деген ойда жүргенім де рас. Егер біз бір-бірімізбен соттасып, жаға жыртысып жүргенде, парламенттік сайлау басталып кететін болса, құжаттары реттелмеген партия сайлау кампаниясынан тыс қалуы әбден мүмкін. Мүмкін мүдделі топтар бізді осындай кикілжіңге нақақ айдап салып отырған болар. Егер партия сайлау науқанына қатысудан қағылатын болса, ЖСДП халық алдында бұдан да өткен сорақы жағдайға тап болады. Бұл арада менің де атым аталмай қалмайды. Бұл ой мені қатты мазалайды. Менің уәжіме ерген қоғам өкілдерін, әсіресе тәуелсіз бақылашыларды да осы жағдай қатты толғандыратынын сеземін...
– Ендеше, кері қайтатын «көпірді өртеп жіберген» жоқсыз ғой, солай ма, Ереке?
– Білмеймін... Мен үшін өте қиын жағдай... Бір жағынан қоғам мүддесі үшін ол «көпірді» әзірге сақтай тұрғым келеді. Екіншіден, азаматтық намысымды парықсыз адамдардың алдына жығып бере алмаймын. Осы екі ойдың теке-тіресі қинайды...
Бірақ бәрін жуық күндердің нәтижесі көрсетеді деп ойлаймын. Мен партияны әлдекімдердің алдына салып берген, озбырлыққа жолдас болған адамдардың көзіне қарағым келеді.
– Мейілінше ашық әңгімеңіз үшін, рахмет, Ереке!