– «Президент Тоқаевқа мүмкіндік берейік» деп, біраз қоғам өкілдері сөз қылып жүргенін білесіз. Ал алдағы сайлаудың нәтижесінде президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылға созылуы – сол «берілетін мүмкіндіктің» белгісі ме?
– Қаңтар оқиғасына дейін мен өзім де, шынын айтқанда, президент Тоқаевтың айтып жүрген уәделеріне үмітті едім. Президент болғаннан бері арада үш жылға жуық уақыт өтсе де, әйтеуір бұрынғыға қарағанда сең қозғалды ғой, бүгін болмаса, ертең өзгерістерді бастайтын шығар деген дәмелі ойым болды. Тоқаев мырза бір жағынан ішкі дүниесі жұмсақ, дипломат адам болғандықтан, әбден бойына сіңіп қалған қасиетпен асықпай жүрген шығар, оған мүмкіндік беру керек деген ішкі ойым болған. Бірақ «қаңтар қырғыны» ондай ойдың бәрін жоққа шығарды. Егер де ол өзгеріске құштар, елде саяси реформа жүргізуге ынтазар болса, алдағы екі жылға жуық өкілетті мерзімі ішінде біраз дүниені бітіріп тастауға болар еді. Мүмкіндігі бар еді алда, оған тіпті қаңтар оқиғасынан кейін әбден зәрезап болып қалған халық қайтадан алаңға шығып, әлдебір толқын тудырып, қарсы шығып жатқан жоқ. Бірақ оған да, міне, наурыз жолдауынан кейін де 8 айға жуық уақыт өтіп кетті, әлі жылт еткен өзгеріс жоқ.
– Президент өзінің айтқан және президентті жақтаушылардың айтып жатқан «халықтың сенім мандатын» алғанда, не өзгерте алады?
– Қазір сарапшылардың арасында екіұдай пікір бар: біріншісі – осы үш жылдың ішінде ештеңе өзгертпеген, батыл қадамдарға бармаған Тоқаев президенттік құзырының 7 жылында бірдеңе өзгерте қояды деген сенім жоқ. Екіншісі –Тоқаевқа мүмкіндік берейік, осы сайлаудан кейін өзгерістерді бастайды, біз оны талап етейік, біз қашан бастайтынын күтіп отырмайық, қоғам, халық ретінде өзгерістерді бастауға өзіміздің талап, қысымымызбен мәжбүр етейік деген пікір бар.
Енді осы екі пікірді саралай келгенде, шынында да, біз өзгерісті алаң арқылы талап ете алмасақ, қарсылық қозғалысқа қажетті мөлшерде халықты жинап, билікті өзгеріске мәжбүр ете алмасақ, оның үстіне алдағы сайлауда қайтадан сайланатын, оның президент болатынына күмән болмаса, онда бізде енді Тоқаевтан осы өзгерістерді бейбіт және заңды жолмен талап етуден басқа амал қалмайды. Елдегі өзгерістерді тағы да 30 жыл күтетін уақыт бізде жоқ. Онсыз да бір ұрпақтың өмірі кетті.
Менің ойымша, осы сайлаудан кейін қоғамның тегеуріні, талабы және өзгеріске деген құштарлығы бұрынғыдан да қатты болады. Сондықтан билік, оның ішінде, әрине, Тоқаевтың өзі қоғамдағы күрделі өзгерістерге баруға мәжбүр болуы тиіс. Әйтпеген жағдайда елдегі теңселіс, протестік қозғалыс одан әрі күшейе түсуі әбден мүмкін.
– Демократиялық күштер коалициясы құрамында сіз де барсыз ғой... Ел-жұрт арасында бірегей кандидат ретінде коалиция сізді ұсынады деген сөз болды...
– Болды. Бірақ бұл тұтас коалицияның емес, жекелеген азаматтардың пікірі еді. Осы қоғамда мені білетін, кімнің кандидаттыққа баруға мүмкіндігі бар дегенде, мені атаған жігіттердің жасаған ұсынысы. Бірақ бұл мәселе коалицияда талқыланған жоқ. Себебі алғашқы отырыстан кейін-ақ осы қауымдастықтың арасында іріткі туды. Жалпы, осы сайлауға қарсы көзқарасты білдіріп, қауымдастық алғашқы қабылдаған үндеуде биліктен тиісті заңдарға өзгерістер енгізуді талап етті. Бірақ оның екінші пункті бойынша, егер де билік ондай қадамға бармай жатқан жағдайда, біріккен оппозиция өз кандидатын ұсынып, сайлауға түсеміз деген шешім болған. Алайда келесі отырысына жетпей, коалицияның өз ішіндегі пікір екіге жарылып, нақты бір ұстаным болмай, ой-пікір, мақсат-мүдде бытырап кетті.
Осы бірауыздылық болмаған жағдайдан кейін, жекелеген азаматтардың ұстанымын қолдап, үміткерлікке баруға мен де алғашқы ықыластан айныдым. Бірінші себебі – мұндай алауыздық жағдайда үміткер болып, сайлауға түсіп, береке таппайсың.
Екіншіден – коалицияның «кандидаттыққа ұсына салайық» дегені сияқты жалпақшешей ұстанымы маған қажет емес. Сондықтан менің өз басым, 2005 жылғы оппозицияның біртұтас болып бірігіп, Жармахан Тұяқбайды бірегей кандидат ретінде шығарғаны сияқты, бірыңғай ұстанымы болмаған жағдайда ырың-жырың ортада опа таппайтын едім. Себебі өзіңнің әріптестерің тарапынан толық қолдау болмай, бірі – ортақ кандидат ұсынып, екіншісі сайлауға толық қарсы болып, тіпті жеме-жемге келгенде, өзіңе де қарсы шығып, үшіншісі бойкот жариялаймыз деп жатқанда, бұл сайлауда абыройлы нәтижеге жететін іс болады деп ойламаймын. Тіпті коалиция ұсынып жатқанның өзінде осындай ырың-жырыңнан кейін менің үміткер болуға ынтам болмады.
Бірақ қоғамның алдында өзің ішкі дүниеңмен қабылдаған, ешқайда жазылмаған бір жауапкершілік парызың бар – ортақ мүддеге жұмыс істейін деген. Менің ықыласым осы парызды өтеу үшін ғана болды. Әйтпесе адам құқығын өрескел бұзған заңның аясында президенттік сайлауға түсіп, «атымды шығарайын» деген ықыластан аулақпын.
Ал шынында да, үміткерлер тіркеуден өткеннен кейін-ақ, оппозиция тарапынан кандидат ұсына алмаған қоғам серкелері халықтың сөзіне қалатынын біліп отырмын. Тіпті «бір қора азамат жүріп, араларыңнан бір адам таппадыңдар» деген халықтың наласы міндетті түрде болады. Мен 25 жылдың ішінде ел алдында мойныма алған міндетім жоқ қой, тек азаматтық парыз ретінде осы демократиялық қоғамда жүргенім болмаса, ешкімнің алдында міндеттеме алғам жоқ. Бірақ өзіңнің ішкі дүниеңмен, ішкі сезіміңмен, азаматтық ұстаныммен осындай жолға түскеннен кейін, өзіңнің азаматтық жауапкершілігіңді, халықтың, қоғамның саған деген сұранысын түсінуің керек.
Сондықтан ертеңгі күні «араларыңнан неге бір кандидат ұсынбадыңдар» деген сұрақ бізге қойылады. Сол кезде, әрине, менің өз тарапымнан айтатын жауабым дайын – жоғарыда айтқанымдай. Ал бірегей кандидат ұсынуға бірауызды тоқтам жасай алмаған басқа азаматтардың айтары үшін мен жауап бере алмаймын. Қалай болғанда да, бізге сенген ел-жұрттың мүддесі үшін, осы сайлауға бірегей кандидат ұсына алмағанымыз үшін біз қоғам алдында ақталып кете алмаймыз.
– Сайлауға тіркеліп жатқан үміткерлер жайында әлеуметтік желіде біразын сайқымазақ ретінде қатыстырып жатыр деген ауыр сөздер де айтылып жатыр...
– Бұл енді сайлауға «қуыршақ» ретінде үміткер болған азаматтардың өзі бағамдауы тиіс және олардың өз атына сөз келетін мәселенің мәнісі. Тіпті кандидат ретінде ұсынылмаған мені де «биліктің жобасы» дегендер болды. Бұл ежелден алауыз қазақтың қанына сіңген жаман әдеттің әлпеті.
Жалпы, сайлауға «қуыршақ» кандидаттар ұсыну – биліктің белгілі технологиясы ғой. Биліктің өзі ұсынып отырған кандидатына қарама-қарсы әлжуаз, әлсіз, кейде бір топас біреулерді қойып қоятыны белгілі. Биліктің өзі акцент қойып отырған кандидатын өткізу үшін, басқа үміткерлерді халыққа кемшін көрсетіп, одан гөрі мынау дұрыс қой деген сияқты ахуал қалыптастыратыны елге мәлім жәйт.
Осы тұрғыдан келгенде, әрине, ұсынылып жатқан кандидаттардың бәрін Тоқаевқа балама болатын, мықты азамат, халық мүддесімен сайлауға түсетін үміткерлер деп ойламаймын. Кейбіреулерінің аты-жөні, тіпті қоғамда бұрын-соңды естілмеген. Олардың аяқ астынан шыға келуі, әрине, күлкілі жәйт. Сайлауды мазақ қылудың амалы.
Ал президенттік сайысқа түсуге лайықты небір мықты азаматтар бар, қоғамды өзгертуге ықыласы күшті, қанша уақыттан бері жанып жүрген жігіттерді атай бастасаң, біраз тізім шығады. Елге танылған, қазір қазақтың ұлттық мүддесін қорғап жүрген Арман Шораев, жасы президенттік сайлауға түсу талабына толмады демесең, қайсарлығы қайралып тұрған Жанболат Мамай, қаңтардан кейін оппозициялық майданға қайтып оралған Болат Әбілов, тағы басқа лайықты жігіттер жетерлік. Бұлар еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі, елді өзгертуге деген құштарлығы мықты жігіттер.
Керісінше, сайлау басталмай жатып, күлкілі пікірдің нысанасына айналған Жигули сияқты үміткерлерден не қайыр, не опа? Шынын айтқанда, бұл сайлаудың салмағын мазаққа айналдырудың әрекеті деп ойлаймын. Түптеп келгенде, бұл күлкілі жағдай емес, халықтық трагедия, елдің ертеңіне деген қастандық.
– Ер-аға, алдағы президент сайлауына егер белсенді қарсылық болатын болса, қаңтар қырғыны қайталануы мүмкін бе? Тоқаев тағы да ескертусіз оқ атуға баруы мүмкін бе?
– Негізі, қазіргі осы сайлауға деген халықтың салғырт ынта-ықыласына қарап отырып, дәл сондай наразылық қозғалысы туа қалады деп ойламаймын. Себебі қоғам осы сайлауға өзгерген заңдармен келуге мүдделі болғанда, қазірдің өзінде алаңға шығатын еді. «Назарбаевтан қалған заңдармен біз сайлауға қатыспаймыз!» деп, мыңдаған адам Алматы мен Астана алаңдарында тұратын болса, билік халықтық ықпалға көнуге мәжбүр болар еді.
Бірақ дәл қазіргі сайлауға халық тарапынан ешқандай ықылас танылып тұрған жоқ. Менің ойымша, бұл сайлаулардан ешқандай нәтиже шықпайтыны әбден халықтың қанына сіңгені сондай, сайлау бар ма, жоқ па, кім сайланып жатыр – оған қарапайым халық тарапынан ешқандай реакция жоқ сияқты.
Сондықтан осы сайлаудың нәтижесінде егер де Тоқаевқа нақты, альтернативті кандидат шығып, биліктің араласуымен ол жеңіліп жататын болса, онда әлдебір толқулардың пайда болуы мүмкін еді. Ал енді Жигулилер үшін кім алаңға шығады, кім толқу тудырады?
Осы тұрғыдан қарағанда, бұл сайлауда ешбір интрига байқалмайды. Халық үшін бұл сайлаудың еш қызығы қалмады. Арықпен ағып жатқан егіннің мимырт суы сияқты жыбырлап өткен сайлаудың құны бар ма?!
– Рас айтасыз! Сұхбатыңызға рақмет!