Үндістан ядролық қару туралы доктринасын қайта қарауы мүмкін. Бұндай мәлімдемені екі күн бұрын елдің қорғаныс министрі жасады. Аталмыш ядролық қару туралы доктринада "Бірінші болып ядролық қару пайдаланбау" сынды маңызды ұстанымдар бар. Әлем назарын аударарлығы – бұндай мәлімдеме Үндістан-Пәкістан арасындағы жанжалдың ушығып тұрған тұсында жасалды. Оның үстіне, бір шаңырақтан бөлініп шыққанына жарты ғасырдан асқан екі ел де ядролық қаруға ие.
Ядролы қару доктринасының маңызы
Ядролық қару қолданудың классикалық деп саналатын екі түрлі сценарийі бар. Біріншісі – ядролық қаруы бар елдер соғыс кезінде жеңіліс қаупі төнген жағдайда тактикалық мақсатта қолданып, жауына ядролық соққы береді. Екіншісі – ядролық қаруға ие ел өзіне қарата қауіпті шабуыл жасалғалы жатқаны туралы анық мәліметке ие болған жағдайда соғыстың алдын алу немесе жауының ядролық қаруының көп бөлігін жоқ қылу мақсатында жасалатын ядролық соққы.
Өткен ғасырдағы "Қырғи-қабақ соғыс" өршіп тұрған тұста АҚШ, Кеңес одағы, Франция және Британия секілді елдер қайшылық ушығып кеткен жағдайда, ядролық қаруын қолдану құқықтарын сақтап қалған.
Үндістан мен Пәкістан арасында соғыс қаупі жақын
Үндістан соңғы кездері қауіпсіздік шараларын барынша күшейтуде. Ел іші аумалы төкпелі десе де болады. Дели билігі елдегі мұсылмандар жиі қоныстанған Жамму мен Кашмирдің автономиялық статусын алып тастағаннан кейін жағдай тіпті де қиындай түсті. Бақталас көршісі Пәкістанмен шекара қайшылығы да күшейіп кетті.
Үндістан қорғаныс министрі Ражнатх Сингх аталған мәлімдемесін 1990 жылдары ядролық сынақтар өткізілген Покхран атты ядролық полигонда жасауы да мәлімдеменің салмағын бір есе арттырды. Бұған қоса Үндістан армиясы да соңғы кездері белсенді күйде десе болады. Пәкістанмен шекара қайшылығының өршуін Үндістан тарабы ұлттық қауіпсіздікке төнген қатер қатарында қабылдап отыр. Кашмир аймағына мыңдап әскер аттандырып, ондағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аймақты оқшаулап тұр. Бұл Оңтүстік Азиядағы көтеріле түскен қақтығыс қатерінен хабар бергендей болды.
Әрине, алып Үндістан қозғалып жатқан да Пәкістан тектен тек қарап тұрмасы белгілі. Пәкістан үкіметі де қарулы күштерін шұғыл дайындық күйде ұстауға пәрмен беріп үлгерді. Оның үстіне Халықаралық қауымдастыққа Үндістанның әрекеттерін айыптап шағымдарын да жолдап жатыр.
Ядролық қаруға ие елдердің доктриналары
1998 жылы Үндістан өзінің ядролық сынағын табыспен аяқтағанын, шекті ядролық арсеналға ие екенін, оны жауап ретінде пайдаланатынын мәлімдеді. Сол тұста Қытай "Бірінші болып ядролық қаруды қолданбау доктринасын" алға тартып жатқан. Үндістан осы бастамаға қолдау көрсетіп, "бірінші болып ядролық қару қолданбайтын ядролық держава" қатарында танылды.
Қытай болса ядролық қаруға 1964 жылғы сынақтан кейін ие болды және қандай жағдайда да ядролы қаруға басымдық бермейтінін туралы мәлімдеген. Ең қызығы Қытайдың өңірдегі қатерінен алаңдап келген Үндістан Бейжіңнің аталған мәлімдемесіне күмәнмен қарап келіп еді. Үндістанды ядролық қаруға ие болуға да осы қорқыныш көбірек итермелеген еді.
Кейіннен екі ел ядролық қару арқылы шабуыл жасамау туралы міндеттемелерге қол қойған ел ретінде белгілі болды. Бір тұста Солтүстік Корея да осындай келісімге келісетінін білдірді. Артынша, АҚШ пен Оңтүстік Корея басып кірген жағдайда ядролық қару қолданатынын ескертті. Ал, Пәкістан да ядролық қаруға ие және ол ядролық қаруды бірінші болып қолдану құқығынан бас тартқан емес.
Қазіргі Үндістанның соғыс қуаты
Эксперттердің айтуынша, Үндістанда қазір жүзден астам ядролық оқ тұмсықтар бар, оның сыртында тағы сол шамадағы ядролық қаруды тез дайындау резервіне ие. Ал, ядролық оқ тұмсық алып ұша алатын баллистикалық зымырандар мен қанатты зымырандардың мол запасы да бар. Соңғы кездері Үндістан әуе қорғаныс жүйелерін де күшейтіп алған. Сөздің қысқасын айтар болсақ, қазір Үндістан мықты соғыс қуатына ие болып, шабуыл жасамау туралы саясаттан бас тартуға толықтай дайын тұрған ел.
Әрине, Үндістанды бұл әрекеттерге итермелеген Пәкістан деп қарауға болады. Үндістанның соғыс бастау немесе бейбіт күйге келуі Исламабад саясатымен тікелей қатысты деп санайды халықаралық сарапшылар.
Жақында Пәкістан премьері Имран Хан өзінің "Твиттер" парақшасына: "Үндістанның ядролық арсеналы қаншалықты қауіпті деген сұраққа әлем елдері мән беруі керек. Бұл мәселе бір ғана елдің емес, тұтас әлемнің мәселесі", – деп жазды. Осының өзінен де екі ел арасындағы ядролық қарулардың қозғалыс қаупін бағамдай беріңіз.
Қатерге бет алған әлем
Әлбетте, Исламабад пен Жаңа-Делидің бір бірін сынауы, Кашмир мәселесі Үндістан-Пәкістан арасындағы ядролық соғыстың білтесін тұтата қоюы екіталай. Екі ел жарты ғасырдан астам уақыт жанжалдасып, алысып, арбасып келеді. Дей тұрған күннің өзінде, қайшылықты бақылаудан шығарып алатын деңгейде емес.
Ондай болса әлем елдерін, соның ішінде ядролық қарудан түбегейлі бас тартып отырған біздің алаңдайтынымыз не мәселе? Мәселе – Үндістанның қатері Пәкістанды да әскери қуатын арттырып, ядролық арсеналын дамытуға итермелейтіні. Аса бір суық ақылмен бағамдай қараңызшы, дүниенің бір шетінде АҚШ жаңа қанатты зымыранын сынап, жарыса қару-жарақ дамыту бәсекесіне білте болып отыр. Солтүстік Корея келіссөзді мүлде ысырып тастап, әр аптаны құр жібермей зымыран сынақтарын өткізуде. НАТО-Ресей, АҚШ-Ресей, Ресей-Еуропа, АҚШ-Қытай, АҚШ–Солтүстік Корея, АҚШ-Иран, Қытай-Оңтүстік Шығыс Азия қайшылықтарынан тыс, Орта Шығыс мәселесі, Ауғанстан, Парсы шығанағы, Сүрия, Ирак мәселелері қаз-қатар тұр. Әлем елдері арасында келіссөздер кері кетіп, дау-дамай өрши түсті. Оның бәрін қойғанда мүдделердің тіресі, АҚШ-Қытай сауда соғысы, жаңа экономикалық дағдарыс қаупі сынды әлемнің бейбітшілігі мен тұрақтылығына жан қылықтар көбейе түскендей. Осының бәрі қара аспанды төндіру емес, тек бейбітшілікті жақтаушы ел ретіндегі соғыс қатеріне деген күдік пен алаңдаушылық десе болар.