АҚШ-тың жаңа зымыран сынағынан кейін жасаған болжамымыздың дұрыстығын БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс жиналысы да растағандай болды. Бұдан бұрын АҚШ-тың 500 шақырым қашықтықтағы нысанаға дөп тиген зымыран сынағы және Ресей мен Қытайдың реакциясына алға тартқан мақаламызда, бұл қадамдардың державалар арасындағы қару-жарақ жарысына түрткі болуы мүмкін деген едік. Бүгін Қауіпсіздік кеңес кезектен тыс шұғыл жиналыс өткізіп, АҚШ-тың жаңа зымыраны туралы талқыламақ. Бұл жиналысты өткеруге Қытай мен Ресейдің ұсыныс жасаған.
Қауіпсіздік кеңестік кезектен тыс отырысы
Құрама Штат орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды шектеу туралы келісімнен шығып, 3 апта өте салысымен жаңа зымыран сынағаны өзге әлем елдерін алаңдатып отыр. Халықаралық қауымдастық та әлем тұрақтылығы мен бейбітшілігінен алаңдай бастады. "АҚШ-тың орта радиустағы зымырандарды жасау және орналастыру жөніндегі жоспарларына байланысты біз Қытаймен бірге бұл мәселені ортақ талқылау керек деп шештік", – деді Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Дмитрий Полянский.
Кейін мәлім болғанындай, Қауіпсіздік кеңес отырысы ашық форматта өтпек және бас хатшының арнайы өкілі баяндама жасамақ.
Қару-жарақ жарысы және оның қаупі
Қару-жарақ жарысының жаңа дәуір басталады деген болжамды көптеген елдің ақпарат өкілдері де айтып отыр. Бұлай деуге көптеген негіз бар. АҚШ кезекті сынағынан кейін келесі жылдың наурыз айына дейін бірнеше зымыран сынағын жоспарлап отырғанын білдірді. Оның үстіне Ресей президенті АҚШ-қа дәл осындай жауап беретінін де айтып өткен болатын.
Егер АҚШ-тың қадамынан кейін Ресей, Қытай, Солтүстік Корея және Иран секілді оның стратегиялық қарсыластары жаппай қару-жарақты дамытуға ден қойса, бұл қазіргі біз жасап жатқан әлем үшін аса қауіпті дәуірдің басталғанын білдіреді. Жаппай зымыран сынаулар, зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сынау, жилігі арта түскен масштабты әскери жаттығулар. Міне бұлардың бәрі қандай да бір қақтығысты болдырмай қоймайды.
АҚШ неге келісімнен шығып кетті?
Құрама Штат орта және жақын қашықтықтағы зымырандарды шектеу туралы келісімге Кеңес одағымен қол қойған. Кейін Кеңес одағының мұрагері Ресеймен бұл келісімді жалғастырып келген. Алайда, соңғы жылдары АҚШ Ресейді келісімді бұзып отыр деп айыптады. Яғни, Ресей жасырын түрде 500 шақырымнан да ұзаққа жететін зымырандарды зерттеп-жасап жатқанын алға тартты. Бұндай зымырандарды біржола жою туралы бірнеше мәрте ұсыныс жасаған. Ал, Ресей бұны жоққа шығарды және артып келе жатқан НТАО қуатына қарсы тиісті қорғаныс шараларын жасап жатқанын айтты.
АҚШ осы аралықта Қытайды да өз ішіне қамтыған орта және қысқа қашықтықта ұшатын зымырандарды шектеу туралы жаңа келісім түзу туралы да ұсыныс жасаған. Алайда, Мәскеу тарабы бұл ұсынысқа салқын қабақ танытты да, Қытай бұндай келісім өзімен еш қатыссыз дегендей сыңай білдірді. Әрине, орта қашықтықта ұшатын зымырандарды жасауға Қытай да толық қабілетті екені белгілі. АҚШ-тың зымыран сынағына қарсы тұрған Қытай, бұдан бұрын жаңа шарт туралы ұсынысты қабылдамай қойған еді.
Бірауыздылыққа келе алмаған тараптар ақыры арт-артынан келісімнен бас тартты. Алдымен, Құрама Штат келісімнен шығып кеткенін білдірді, көп ұзамай Ресейде бұл келісімді жоюды.
Болжам – Екі түрлі даму бағыты бар
Әлемде бірегей әскери қуатқа ие державалар арасында қару-жарақ додасы басталу алдында тұр. Басталып кетсе оның зардабын елестету, ол кездегі әлемнің ережесі мен жаңа түзілісін болжау қиын. Дей тұрғанмен қазіргі оқиғалардың желісін қуалай отырып мынадай екі түрлі болжам айтуға болады.
Бірінші, АҚШ зымыран сынағы стратегиялық қарсыластарын жаңа шарт жасауға итермелеуі мүмкін. Яғни, Ресей мен Қытай қауіпті жолды таңдамай, керісінше келіссөзге келіп, алдымен қадам тастаған АҚШ-ты да сабырға шақырып, аталған зымырандарды шектеу турасындағы жаңа шарт жасалуы мүмкін.
Екіншісі, бір-бірінен "қауіптенген" державалар жарыса сынақ жасап, "қырғи-қабақ соғысын" қайталау. Бұның ары жағы дүниежүзілік соғысқа да бір-ақ қадам жақын тұрмақ. Әрине, қазіргі әлемде соғыс ең жабайы мүдде қақтығысы болғанымен, теке-тірестегі қазіргі әлем жағдайында мүмкін емес деуге болмайды.
Қазіргі кезде дүние жүзінің жаңа қайшылықтарға тап болып, жаңа сынақтарға тіреліп жатқаны белгілі. Оның үстіне әлемдік экономика алыптарында жаңа экономикалық дағдарыс туралы қорқыныш та асқынып келеді. Батыстың кейбір саясаткерлері әлемді жаңа сынақ күтіп тұрғанын айтса, шығыстық лидерлер жаңа ереже орнату туралы жиі қайталай бастады. Бұның өзі де "суық сөз". Бейбітшілікті сақтау үшін әлем халықтарының түсіністігі, мемлекеттердің, оларды басқарып отырған лидерлердің бейбітсүйгіштігі аса керек.