Өзінің экономикалық, әскери және саяси қуатымен, сондай-ақ, ең көп халық санымен Қытай әлемдегі ықпалды мемлекеттердің біріне айналды. Өткен ғасырдың соңғы шерігінде жасаған реформалары табысты болып, Қытайды аз ғана уақыт көлемінде АҚШ-тың басты қарсыласы етіп қойды. Құрама Штатты қамтыған Батыс елдері қаржылық дағдарыстарда толқып тұрған тұста, Қытайдың экономикалық өсу қарқыны барған сайын үдей түсті. 2007-2017 жыл аралығында Қытай әлемнің экономикалық көрсеткішінде үшінші орыннан 2 орынға секірді. Осы он жыл ішінде Қытайдың ІЖӨ құны он трлн АҚШ долларынан артық өсім көрсетті.
Қытайдың арта түскен қуаты айналасындағы елдерді, тіпті АҚШ сынды ірі державаларлы да алаңдатты. Олар Қытайдың ықпалына қарсы тұру шараларын қолға ала бастады. Айталық, Трамп басқарған АҚШ-тың қазіргі үкіметі Қытайға қарсы сауда соғысын бастап, еліне кірген қытайлық тауарларға салықты өсірді. АҚШ үкіметі осымен қатар, Қытайды америкалық зияткерлік меншігін ұрлауда және әділетсіз сауда саясатын жүргізді деп айыптады. Трамп басқарған үкімет сонымен бірге америкалық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау саясатын жүргізіп, бұрынғы АҚШ үкіметтері қол қойған бірнеше халықаралық сауда келісімдерінен шығып кетті. Тіпті, Дүниежүзілік Сауда Ұйымынан да шығып кетуі мүмкін екенін көрсетті.
Бейжің билігі АҚШ-тың өзіне қаратқан сауда саясатын Қытайдың экономикалық өсімін тежеуге қарата жасап жатқан шарасы деп санайды. Олардың ойынша, АҚШ өзінің лидерлік орнын сақтап қалу үшін осындай «қастандыққа» барып отыр. Давос-2017 экономикалық форумында Қытай төрағасы Ши Жинпиң осы ойды сілтей көрсетіп кеткендей болған. Ол сөзінде: «Әлемнің барлық елдерінің дамуға құқығы бар. Бірақ олар өз мақсаттарын тым кеңінен қарап, өзге елдердің мақсатына кедергі келтіру арқылы даму жолын тапқысы келеді», – деген. Көптеген әлемдік ақпарат құралдары Қытай басшысы бұл сөзді Құрама Штатқа қарата айтты деп болжады.
Өткен айда АҚШ вице-президенті Қытайға ең қатаң айыптау мәлімдемесін жасады. Ол Қытай билігін экономикалық агрессия және «қарыз дипломатиясын» жасап отыр деп айыптады. Сондай-ақ, АҚШ-тың демократиялық саясатына килікті деп сынға алды. Қазір, аталған екі алпауыт теке-тірес күйде. Көптеген сарапшылар екі ел стратегиялық қарсылас кезеңіне кірді, бұл кезеңнен ұзақ жыл шыға алмайды деп қарайды. Ал, екі алпауыт арасындағы сауда соғысы бұл екі елдің ауқымынан алқып шығып, әлемдік экономикаға да кері әсерін тигізе бастады. Сондықтан да, сарапшылар екі елдің бұл теке-тіресі бір ғана экономикаға байланысты емес деп қарайды.
Шын мәнісінде, бұл қайшылыққа екі елдің қаратқан көзқарасы екі түрлі. Бейжің болса, АҚШ Қытайдың дамуына кедергі келтірді деп қараса, Уашингтон Қытайдың АҚШ-ты жаулап алу мақсаты бар деп қарайды. Белгілі экономика сарапшысы Фред Брегстейн BBC-ге берген сұхбатында: «Америкалықтар өз елінің әлемді басқарып тұрған күйін көріп ержеткендер. Олар Қытай секілді басқа бір елдің АҚШ-тың ықпалына бәсекелескенін көргенде, оны қауіпті қорқыныш ретінде қабылдайтыны анық», – дейді.
Ұлттық қауіпсіздік бойынша алаңдаушылық
Дегенмен, Қытайдың арта түскен қуатынан бір ғана Құрама Штат қана алаңдап отырған жоқ. Биыл Аустралия Парламенті шетелдік күштердің елдің ішкі ісіне араласуына тосқауыл қою туралы заң қабылдады. Бұл заң негізінен Қытайға бағытталған. Қытайдың ықпалы Жаңа Зеландияны да алаңдатуда. Былтыр Қытайда туылған жаңа зеландиялық депутат Бейжіңнің тыңшысы деп айыпталып, бұл сол елді дүрліктірген оқиға болып еді. Бірақ, бұл мәлімет жоққа шығарылды.
Дегенмен, ұлттық қауіпсіздік мақсаттарында АҚШ және аталған бірнеше елде Қытайдың телеком алыптары Huawei және ZTE компанияларына шектеулер қойылды, сондай-ақ, шетелдегі инвестициялары да шектеуге ұшырады. Жаңа Зеландия Huawei және ZTE компанияларының 5G технологиясын алып келуіне тыйым салды. Ұлыбритания да Huawei компаниясының өнімдеріне шектеу қоятынын білдірген еді. Осы қатарлы елдерде аталған қытайлық компанияны тыңшылықпен айналысады деп айыпталған.
Бұл айыптаулар негізсіз емес, өйткені, Huawei компаниясының Қытайдың коммунистік билігімен қалыптан тыс тығыз байланыста. Бірақ, Huawei компаниясы бұл айтылғандарды теріске шығарды. Жыл басында Германия да қытайлық компанияға жергілікті кеңсе ғимаратын сатпай қойған болатын.
«Қарыз дипломатиясы»
Қазір Қытай инвестициясы арқылы дамуға талпынып жатқан елдер де алаңдай бастады. «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы Қытайдың Азия, Еуропа, Африка және басқа да аймақтарды тұтастыратын ірі жобасы. Бұған миллиардтаған қаржы аударылған. Бұған да қарсы болған елдер көп. Олар «қарыз дипломатиясынан», Қытайға экономикалық тәуелділіктен алаңдайды. Айталық, Пәкістан, Шри-Ланка, Малайзия қатарлы елдердегі жағдайы осы айтылымды растай түсті.
АҚШ вице-президенті Майк Пенстің аталған мәлімдемесінде де Қытайдың экономикалық стратегиясына көбірек көңіл аударған. Ол Шри-Ланканың Қытайдан алған қарызын өтей алмағандықтан жаңадан құрылған портты Қытайға өткеріп бергенін мысалға келтіреді. «Қытай «қарыз дипломатиясы» арқылы ықпалын бекемдеуде. Бейжің жүз миллиардтаған қаржыны Азиядан Африкаға, Еуропадан Латын-Америкаға дейін инфрақұрылымдық жобаларға қарызға ұсынуда. Қарыздың шарттары да өте нашар және көп жағдайда Қытайдың мүддесі ғана басым. Сенбесеңдер Шри-Ланкадан сұраңдар», – дейді.
Міне, бұл қазіргі әлем мен Қытай арасындағы қалыптасқан жағдай. Қытайдың Орталық-Азиядағы қадамдары да осындай деуге тұрарлық. Тұтас Орталық Азияның бес мемлекетінің Қытаймен болған сауда көлемі, Қытайдың әлем елдерімен сауда-саттығының бір пайызына да жетпейді. Қазір, Бейжің өзінің агрессиялық саясаттары арқылы әлемнің сенімінен кете бастады. Бұл ұзақ болашақтан алғанда тым нашар жағдай. Іргелес алпауыттардың бағытын қадағалау біздің де болашақ қауіпсіздігіміз бен тұтастығымызға тікелей байланысты. Орталық Азия елдеріне өздерін тура шамалап, ортақ бағытқа ұмтылу кезек күттірмейтін іс.