Қытай Халық-Азаттық армиясына тиесілі әскери кеме алғаш рет Африка жағалауында пайда болды. Бұл Қытайдың шетелдегі әскери базасында алғаш рет әскери кеме орналастыруы. Осы орайда Қытайдың соңғы жылдары қарқынды ұлғайған әскери ықпалы тағы бір рет назар аудартып отыр.
Қытай 2016 жылы наурызда Джибутиде шетелдегі алғашқы әскери базасын құра бастады. Бірақ, қазірге дейін Дораре портындағы базаға бірде бір әскери кеме орналастырмаған. Әскери сарапшылар бұны Қытайдың әлем бойынша стратегиялық ықпалын қарқынды кеңейту әрекетінде үлкен даму деп қарап отыр. Себебі, аталған порттағы кеме арқылы Жерорта теңізіне снарядтарын орналастыру үшін трамплин рөлін атқара алады және жабдықтау станциясы ретінде қызмет ете алады.
Франс Пресс агенттігі америкалық әскери сарапшылардың дерегіне және жер серіктерінен түсірілген суреттер арқылы Джибутиде орналастырған Халық-азаттық армиясының «Луома Хоу» (907) атты біріктірілген жеткізу кемесі екенін хабарлады. Бұл Қытай Әскери-теңіз күштерінің кешенді жабдықтау кемесі, Қытай ӘТК-нің шетелдегі (Шығыс Африкадағы) әскери операцияларын қамтамасыз етеді.
Қазір Африканың шығысындағы Қытай Әскери-теңіз күштері теңіз қарақшылыған қарсы операцияларды жүргізіп келеді. Алайда, теңіз тасымалы қауіпсіздігін мақсат еткенімен қосымша көптеген міндеттерінің бар екені даусыз, айталық бұл аймақтан өтетін Батыс елдерінің әскери кемелерін бақылауға зор мүмкіндігі бар. Франс Преске сұхбат берген америкалық сарапшы Саттонның айтуынша қытайлық Әскери-теңіз күштерінің контингенті эсминецтер мен фрегаттардан тұратынын, бірақ болашақта үлкенірек әскери кемелер қосылуы да мүмкін екенін айтады.
Қытайдың Шығыс Африкада әскери базасының болуы ғана емес, онда әскери кемелердің орналаса бастауы Үнді-Тынық мұхитындағы басты бәсекелесі Америка Құрама Штаттарын алаңдатып отыр. Айталық, АҚШ-тың Африкадағы бас қолбасшысы генерал Стивен Таунсенд Қытайдың Африканың барлық елдерінде орналасып, мол инвестиция мен қырауар қару-жарақ жұмсап отырғанын баса айтады.
Айта кету керек, Қытай жоғарыда аталған алып аймақта өзінің стратегиялық ықпалын арттыру үшін Экваторлық Гвинеяда немесе Соломон аралдарында екінші шетелдік әскери база салуды жоспарлап отыр деген ақпарат та бар.