Шығыс Еуропада геосаяси шиеленіс күшейіп тұрған кезде, Ресей президенті Владимир Путин ақпан айының бас шенінде Қытайға сапарлай барғаны белгілі. Бұл сапарында ол Қытай басшысы Ши Жынпыңмен (Си Цзиньпин) келіссөз өткізді. Путин мен Си арасындағы кездесуді және ондағы келіссөз келісімдеріне отандық БАҚ жетерлік деңгейде назар аудармады. Мәскеу мен Бейжіңнің Батыспен қарсыласуы кезіндегі бұл кездесудің маңызы айрықша болды десек артық емес. Кей сарапшылар бұл келісімдер екі ел қатынасын жаңа кезеңгей аяқ бастырды деп бағаланды.

Басым көп сарапшылар айтқандай, Ресей  мен Қытай лидерлері ортасындағы келісім тараптардың АҚШ пен оның одақтастарына қарсы тұру үшін жаңа шеп құрып, халықаралық қатынастардың жаңа түрін бірлесіп құруға бет алғанын көрсеткендей болды. Дегенмен, бұған дейін де айтылып келгендей, көршілес осы екі держава ортасында ортақтаса алмайтын мүделлік қайшылықтар да көп. Сондықтан да біз төменде осы «жаңа кезең» және оның кедергілері жайында ой қаузап көрелік.

Путин мен Си келіссөзінен кейін тараптар «Жаңа дәуірдегі халықаралық қатынастар және тұрақты даму туралы» бірлескен мәлімдемені жариялады. Ресей мен Қытай ортасындағы бұл бірлескен келісімнің мәтіні тым ұзақ, үлкен жағынан келісімде қос тарап «демократия», «даму», «қауіпсіздік» және «тұрақтылық» деген төрт негізгі мазмұнға құрылған. Бұл бірлескен мәлімдемеде тараптардың кейбір маңызды ұстанымдары үйлестірілген. Айталық, Пекин мен Мәскеу НАТО-ның шығысқа кеңеюіне және АҚШ-тың «Үнді-Тынық мұхит стратегиясын» жүзеге асыруына ортақ қарсымыз деп көрсетті. Бұған қоса АҚШ, Британия және Аустралия ортасындағы «Үш жақты қауіпсіздік серіктестігін (AUKUS)» құрудағы қадамдарына ортақ алаңдаушылық білдірді.

Кездесуден кейін Кремль тарабы екі ел басшысы «екі жақты әскери-техникалық ынтымақтастық» мәселесін арнайы талқылағанын хабарлаған. Соған қарамастан бірлескен мәлімдемеде Ресей мен Қытай ортасында әскери ынтымақтастық орнатқаны туралы шешім жоқ. Алайда, тараптардың әскери-тенхникалық ынтымақтастық туралы арнайы талқылағанының өзі болашақта екі елдің стратегиялық одақтастық қадамына қарай жақындай түскенін көрсеткендей болды. Осы екі елмен де көршілес отырған біз үшін бұл баса назар аударатын тұстары. Үйткені, «әскери-техникалық ынтымақтастық» деп отырғаны кәдімгі қару-жарақ сату мен сатып алудан мүлде бөлек әңгіме. Бұл әскери техникалардың бір реткі сауда келісімі емес, тараптардың әскери өндірістік желілерінің ұзақ мерзімдік ұштастыруына бағытталған қадам.

Бұл арада Ресей мен Қытай арасындағы қару-жарақ саудасының қазіргі жағдайына да назарау аударуға тура келеді. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңдерде Ресей Қытайға жылына 2,5 млрд АҚШ долларына дейін қару-жарақ сатқан. Бірақ, 2006 жылдардан бастап екі ел ортасындағы қару-жарақ саудасының көлемі жыл сайын қысқарды. Бұның өзіндік себептері де бар, ең әуелі Қытайдың өзінің де қару-жарақ өндірісі дамып едәуір жерге жетті, екіншіден Ресей Қытайдың қару-жарақ өндірісіндегі заң бұзушылық пен плагиятынан алаңдайды. Оған қоса, Ресейде қазір ішкі нарықтағы сұраныс та жоғары деңгейде тұр. Соған қарамастан Бейжің мен Мәскеу ортасында әскери техникаларды алмасуды саяси жүрістердің бірі ретінде қолдануға болатынын әбден біледі. Оның үстіне 2014 жылдан бергі Батыстың санкция соққылары Ресей мен Қытай арасындағы қару-жарақ саудасына қайта серпін беріп келеді.

Ресейдің Қытайға сатып берген әскери техникалары арасында S-400 зымыран қорғаныс жүйесі және Су-35 жойғыш ұшақтары да бар. Бұл әскери техникалар тараптар ортасында аса маңызды техникалық алмасуға жатады. Бірақ, Қытайдың әскери өнеркәсібі қарқынды дамыған сайын Ресейдің әскери техникаларына деген сұраныстың талғамы жоғарлай түсті. Қазір Қытай тек ең озық деген санаулы техникаларға ғана тапсырыс береді. Қытайдың әскери өнекәсібі мен ғылым-технологияларды дамытуы қарқынды болғанымен, зымыран қозғалтқышы, суасты кемесінне қатысты кейбір маңызды әскери технологияларда Ресей көш ілгері тұрады. Ал екі ел ортасындағы «әскери-техникалық ынтымақтастық» мәселесінің өзі түптеп келгенде Ресейдің ұлттық мүддесін үшін үлкен қысымдар түсіреді. Айталық, технология трансферті Қытайға шынайы көшірме немесе сызба алуға мүмкіндік берсе, Ресейдің Қытай үшін әскери технология саласындағы көшбасшылық орыны тіпті де әлсіреуі мүмкін.

Қалай болмасын, тараптардың әскери техникалық ынтымақтастығы негізінен  жоғары деңгейлі озық жобаларды қамти отырып, гипер дыбыстық қарулар, ғарыштық жүйелер және жасанды интеллект сияқты терең әскери ынтымақтастық кезеңіне кіргені байқалады. Ресей мен Қытай бірлескен әскери өндірісті кеңейтетін болса, бұл НАТО немесе АҚШ үшін үлкен қиындықтар алып келуі де бек мүмкін.

Әйтсе де, Ресей мен Қытай арасындағы бұл ынтымақтастықтың болашағы туралы нақты болжам айту қиын. Бір кездегі КСРО мен ҚХР секілді күтпеген жерден ортасына іріткі түсуі де ғажап емес. «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, екі держава ортасында бірқатар сезімтал мәселелер бар. Оның қатарында Қытайдың озық шабуыл құралдарына ие болуы Ресейдің өзі үшін де қауіп тудыратыны да бар. Соған қоса жыл сайын иен қалып бара жатқан Қиыр-шығыс аймақтары мен Орталық Азиядағы тараптардың мүддесі де ортақтыққа келуі қиынға соғады.

The Qazaq Times