Ресей Украинаға ауқымды шабуылын бастағаннан бері үлкен соғыс шығынына батқаны туралы көптеген ақпарат құралдары жазды. Әсіресе, Ресей армиясының негізгі соғыс құралының бірі болған такнтері Украина даласы мен қалаларында темір-терсектердің үйіндісіне айналып кетті. Соғыс басталғаннан бері әскери сарапшылар Ресейдің мұнша көп шығынға батуының себептері түрлі пікірлер айтып келді. Дегенмен, көпшілік білетіндей Украинаға Батыс елдері жағынан берілген танкке қарсы зымырандардың факторы жоғары болғаны анық байқалды. Бұдан басқа қандай себептер болуы мүмкін?

Орыс армиясының нақты қанша танк жоғалтқаны туралы бір-біріне ұқсамайтын деректер көп, Украина армиясы өз деректері бойынша Ресейдің 680 танкін жойдық деп санайды, ал Украина Бас Штабының бірер күн бұрын таратқан дерегінде 732 ресейлік танк опат болды деген. Алайда, соғыс майданындағы нақты фотосуреттер арқылы деректер топтастырып келе жатқан ORYX барлау қызметі өз дерегінде Ресей 460 танкінен айырылды деп көрсетті. Ал, Rand Corporation пен IISS деректерінде соғыс басталудан бұрын, яғни Ресей Украинаға басып кірген кезінде 2700-ге жуық танкі болған.

Ресей танктеріне Жәбірейілдей Javelin мен NLAW

Ресей Украинаға басып кірудің алдында да НАТО мүшелері тарабынан Украинаға танкке қарсы зымырандар беріліп келді. Соғыс басталғанан кейін АҚШ ұзын саны 4 мыңнан астам Javelin зымыранын берсе, Британия NLAW қаруынан 3600 данасын жөнелтті. Бұл шағын зымырандардың орыс танктеріне қарсы эффективті болуының бір себебі олар танктың турал алдынан немесе артынан емес, болат сауыты жұқалтаң болатын тақ төбе тұсынан келіп тиеді немесе жақын кеңістікте жарылады.

Ресей армиясының жетілдірілген танктерінде өзіне атылған зымырандарға қарсы динамикалық қорғаныс жүйелері орнатылған. Бірақ, америкалық «Найза» (Жавелин) мен ағылшындық NLAW зымырандары танктың мұндай қорғаныс жүйесін бұзып өтерлік қабілеті бар. Зымыран оқтары танкке дейін екі рет жарылып, бірі қорғаныс жүйесін бұзса екіншісі танк төбесінен жарылады да ауыр соғыс техникасын тас-талқан ете алады.

Көптеген әскери сарапшылар Ресей-Украина соғысында Javelin мен NLAW қарулары болмағанда Украина жағдайының қалай болатынын елестету қиын деп санайды. Айта кету керек, Құрама Шттар Ресейдің танктеріне қарсы пайдалансын деп Украинаға Switchblade яғни «Қосалқы қанжар» деп аталатын ұшқышсыз ұшу құрылғысынан 100 данасын берген. Бұл да Украина тарапқа өз септігін тигізді.

Украинада Ресейдің жіберген тактикалық қателіктері

Бетбұрысты шешімдердегі стратегиялық қателіктер өз алдына, кейбір әскери сарапшылар Ресейдің Украина жерінде жіберген әскери тактикалық қателіктерін жіпке тізгендей айтуда. Сент-Эндрюс университетінің стратегиялық зерттеуші профессоры Филлипс О’Брайен BBC-ге былай депті: «Ресей Украинадағы соғысқа тікелей әскерлерін көп салған жоқ. Сондықтан батальондық тактикалық топтар секілді көбінесе шабуылдаушы әскери топтар құру маңызды деп санады. Әуеден қуатты соққы жасап, артынша ықшам шабуылға өтуді жоспарлаған. Алайда, танк колоналары соққыға тап болатын болса оның қорғауындағы жаяу әскерлер оңтайлы қорғана алмай қалады. Бұл Ресейдің әскери күштерінің бір тарабына әлсіздік беріп қойды».

Украина күштерінің Ресейлік танктерге соққы беретін позицияларды оңай иелеп алуын Ресейдің әуе патрулдарының болмауы себеп болды дейді әскери сарапшылар. Соғыс басталмай тұрып көптеген сарапшылар Ресей әуедегі басымдықты алыдмен қолға келтіреді, сол арқылы Украина қарулы күштерінің қозғалысын бақылауға алуы мүмкін деп болжаған. Алайда, ұрыс бастала салысымен бұндай болжамдар ақталмай қалды, Ресей әуедегі үстемдікке жете алмай нәтижесінде тұтқиыл шабуыл жасайтын нүктелерді оңай иелеп алған Украина күштерінің соққысы болжаусыз күйге өтті, осыдан барып Ресейдің жердегі әскери техникалары да көбірек талқандалды.

Ресей соғыс техникаларының бәрі қиырап қалған жоқ

Жанар жағар майдың, азық-түліктің жеткізілуі және  техникалық қолдаудың дұрыс ұйымдастырылмауы Ресейдің Украинада жіберген тағы бір тактикалық қателігі деуге болады. Жоғарыда аталған барлау орталықтарының есебінше, Ресейдің шығынына саналған танктердің барлығы дерлік талқандалған жоқ, олардың кейбірін ресейлік әскерлер тастап қашып кеткен. Бұған себеп логистиканың жақсы болмауы және әскерлердің соғысқа қатысты нақты дайындығының жоқтығы деп көрсетеді.

Украинаға басып кіру арқылы Ресей армиясы тікелей НАТО-мен соғыспасада аталған қорғаныс алянсына тән аз болмаған соғыс техникаларына тап болды. Бұл және ұзақ уақыттан бері Ресейдің ауқымды аумақта күрделі соғыс операциясын ұйымдастыруы, сүйте тұра ресейлік әскерилер бірқатар әлсіздіктерін әлемге паш етіп алды. Украинада Ресейдің болашағы шешілетін соғыс бола отырып онда нақты соғыс тәжірибесі аз жас әскерлерді тартудың өзі мәскеулік соғыскер шенді-шекпенділердің зор қателігі ретінде қарастырылары анық.