Адам баласы өмірге келеді, кетеді. Уақыт тезі зымырап өтеді. Егер өткен-кеткенге көз салсақ, бейне бір елестің ортасында жүргендей боламыз. Онда жазушы да, зерттеуші де, заңгер һәм киллер де кездеседі. Ойында ерекше сәулесі бар, адами құндылығы жоғары, талғамы биік жанның артында мәңгілік із қалары сөзсіз. Өмірге деген дәл осындай көзқарас бойына сіңген жазушы Кемел Тоқаевты білмейтін жан кемде-кем...
Әдетте, жеріне қарай елі, еліне қарай ері туады деген тәмсіл бар. Журналистика сайыпқыранының таным көкжиегінің қарыштап, талғамының таразыланып, болмысында шындыққа сүйіспеншіліктің қалыптасуына туған өлкесі Жетісу төрі – Қараталдың ықпалы зор болса керек. Небір дүлдүлдің кіндік қаны тамған өңірдің тумасы сыншыл талғам, айрықша сезімталдық, білімге қызығушылықты тұлабойына сіңіріп өсті. Жасынан оқуға құштар «бала Кемел» өз қатарластары арасында зеректігімен көзге түсіп, білім нәрімен сусындап «дана Кемел» деңгейіне жетті. Қатарынан оқ бойы озық, әрі ілімге сусап келген балаң жігіт 1943-1948 жылдар аралығында қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыды. Студенттік өмірдің сәулелі сәттерінен бастап саналы ғұмырын қазақ журналистикасының дамуына арнаған тыңдаушы Кемел қаламынан туған мақала, эсселері «Лениншіл жас», «Пионер» сынды белді басылым беттерінде жарық көрді.
Білікке іңкәр, блімге құштар сөз сардары еңбек жолын 1950 жылдары оқырмандар іздеп жүріп оқитын сол кездегі «Лениншіл жас», бүгінгі «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің әдеби қызметкері, кейіннен сол бөлімнің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. Осы кезден ол бір саланы меңгеріп қана қойған жоқ, қатарынан біршама мамандықты тізгіндеді. Сыни зерттеу мен зерделеудің шыңына жеткен Кемел детектив мақалалары арқылы қаршадайынан көзі ашық, көкірегі ояу оқырмандардың жоғары бағасына ие бола білді.
Детектив жазу – биік талғамды қажет ететін өнер. Кемел Тоқаевтың кез келген мақала жинақтарында шындыққа сүйіспеншілік, ақиқатқа іңкәрлік, талантқа тағзым, талапқа құштарлықтың желі еседі. Ұзақ жылдар бойы журналистиканың кемел келешегін ойлап, «жарғақ құлағы жастыққа тимей» өткен жазушы 60-80 жылдардағы жазушылар шығармаларының ұрымтал тұсын, яки әдеби шығармадағы қателіктерді сараптап, саралай білді. Әдеби зерттеу тұрғысында жазылған «Қызыл комиссар» немесе «Қылмыскер кім?» пьесаларында шығарма тақырыбының ашылуы, кейіпкер бейнесін жасаудағы әдістер, желілердегі байланыс ізденімпаздық пен щығармашылықтағы шеберлікті айқындап тұрғандай. Осы тектес іргелі еңбектер арқылы қазақ детектив жанрына жаңа қадам жасалды. Жаңа белес бағынды.
Заңғар жазушының азаматтық тұлғасы туралы еңбектерінің көкірегі ояу оқырман үшін берері мол. Өмірінің соңғы жылдарын алаш дейтін аталы жұрттың амандығына арнаған Кемел Тоқаев тек жазба журналистика, баспасөз төңірегінде шектеліп қалмады. Ол 1966-1977 жылдары Қазақстан Жоғары Кеңесі Ведомстволарының бас редакторы қызметін атқарды. Азаматтық туын алға ұстаған журналист қазақ әдебиетінде тың зерттеу-зерделеу жоқтың қасы екендігін алға тартады. Расымен де, жанрдың «алып та, шалып та жығатын» бұл түрі тек ХІХ ғасырдың 60-80 жылдары ғана қарқынды дамыды. Ал бүгінде «қосмекенді жанр» төңірегінде қалам тербейтіндер саны аз. Қаламгердің шытырман жанрында жарық көрген туындыларын оқи отырып, бейне бір кино әлеміне сапар шеккендей күйде боламыз. Жазушы «Солдат соғысқа кетті» повесінде сол бір сұрапыл жылдардағы солдат күнделігін жазу арқылы, оқырманға ой салады. Бірнеше нұсқаулық телеграмдардың сырын ашып, деректерді төгілте, цифрларды сөйлете жазады. Кемел жазушы туындыларының басты кейіпкері – даңқты қазақ партизаны Қасым Қайсенов. Тарихтың тарғалаң тұсында ғұмыр кешкен қос батыр қалам мен қаруды жанына серік етіп, елге ерен еңбек етті. Аталған шығарманы оқи отырып, кешегі кезеңнің бұлыңғыр сәттері мен кейпкерлердің жарқын бейнесі көз алдымызға келеді. Қаламгер Кемелдің кітаптары арқылы батыр Қасыммен сырласа түскендейміз. Сол себепті де Кемел Тоқаевты тек даңқты жауынгер ғана емес, әдебиеттегі алыптар қатарынан көреміз. Шытырман оқиғаларымен сусындаймыз. Азаматтық позициясын үлгі етеміз.
Сара сөздің сайыпқыраны жайында өз заманында айтылған, бүгін айтылып жатқан, келешекте ауыз толтырып айтар сөз, терең ой, естен кетпес естеліктер легі толастамайды. Осы ретте жазушы, драматург Нұрлан Оразалин: «Қаламының желі бар қарапайым қара бала қараша қазағына тосын детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шығарды. Және сол биіктен еш аласармай, жазушылық ісіне көлеңке түсірмей, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсетті», – деп ақжарма тілегін айтады. Расымен, қаламгер Кемел саналы ғұмырында жауынгерлік қыры мен жазушылық биігін айқындап, әдеби шығармаларын сын тезінен өткізіп журналистикаға жаңа леп, соны серпін әкелді. Қазақ әдебиетіне тосыннан енген детектив жанрының дамуына зор үлес қосып, талай зерттеу-еңбек, романдарды жарыққа шығарған қаламгер Кемел жайында жайында ой толассыз, естеліктер мен пікірлер легі шексіз. Белгілі ақын Рафаэль Ниязбек:
– Озғандарға жүгірдің жүлде беріп,
Сен бар жерде қалатын ірге кеңіп.
Азаматтың бірі едің Кемел аға,
Арыстандар қатарына жүрген еріп.
Кеудесінде көк бөрі ұлып жатқан,
Ерге ғана қазақтың мұңы батқан.
Жетісудың сен едің ойлы өзені,
Қанша дауыл соқса да тұнып аққан, – дейді. Дара дарын иесінің кез келген туындысына көз тіккен сайын, құдды бір «Кемел әлеміне» саяхат жасағандай күй кешеміз. Демек, Кемел Тоқаев – әлем...өзгеше әлем. Өзі де, қаламынан туған еңбектері де.
Алғыр ойлы зерттеушінің жүріп өткен шығармашылық жолы біршама салаларды қамтиды. Біріншіден, жазушы Кемел – детектив жанрының сайыпқыраны. Екіншіден, өзекті мәселелерді тілге тиек етіп, оларды шешу жолдарын қарастырған білікті журналист. Үшіншіден, өз еңбектері арқылы қоғамдық пікір қалыптастыра білген қайраткер. Төртіншіден, барлық саланың «жалын» мықтап ұстаған, халық санасында ой қозғаушы публицист. Демек, біз үшін, яғни болашақ тілшілер қауымы үшін кемел дарын, тасқын қаламгер Кемел Тоқаевтың өмірі – үлгі, ерен еңбегі – өнеге екені анық.
Бүгінде «детектив жанрының атасы» атанған жазушының алуан түрлі тақырыпты қамтитын ауқымды, іргелі зерттеу еңбектері мен кітаптары мына бізге, болашақ тілшілер қауымына жетіп отыр. Журналистика жайында, бұл мамандықтың бастау-бұлағы тележурналистика жайында болсын, яки сыни көзқарастан туындаған шоқтығы биік туындылар болсын, барлығы дерлік журналист біліктілігі мен білімдарлығын, ізденімпаздығын дәлелдейтін аса құнды еңбектер. Қандай да бір тақырып аясындағы ойлары, жазған мұралары биік талғамды туынды. Сонымен қатар, болашақ тілшілер қауымы үшін бірден-бір таптырмас «пәрменді құрал». Мұны біз жазушы-журналистің кез келген еңбегіне көз тіккен сайын байқаймыз.
Кемел Тоқаев – қазақ халқының біртуар перзенттерінің бірі де бірегейі. Қыран ғұмырын ақиқаттың аражігін ажыратып, шындық шырайын келтіруге арнаған ерекше дарын иесі мына өмірден жұлдыздай ағып, жарқ ете қалған жасындай. «Өлмейтұғын артынан сөз қалдырған» кемел жазушының кіндік қаны тамып, балалық шағы мен есею жылдары өткен туған өлке ұмытпайды.
«Ұрпағының санасында жаңғырып,
Жақсы адамның өлмейтіні заңдылық!» – деген жақсы сөз бар.
Иә, аты да, хаты да өлмес жазушының еңбегі еш кеткен жоқ. Себебі, артында сара сөз сардарының басқан ізін қасиет тұтар ұлағатты ұрпағы бар. Қазақ журналистикасы, детектив жанры Кемел жазушы есімімен бірге жасап, шығармашылығымен бірге жаңғыра бермек.
"The Qazaq Times"