Қытайдың саяси жүйесіндегі жік-жікке бөлінген саяси командалық топтар мен тұлғалар Қытайдағы барлық жағдайға тіке ықпал жасайтыны қаймана жұртқа анық. Саяси команда мен олигархтар арасындағы астыртын бақастық пен күрес керек десеңіз ең төменгі атқарушы билікке дейін көрініс беріп жатады. Әр команда өз жақын жақтасының көп әрі білікті, сенімді болуын қалайды. Сонымен бірге Қытайдың саяси билікте жік-жікке бөлініп бақас болуының тағы бір себебі – байлық пен билік арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуы.
Қытайда ұлттық капитализм еркін даму жолына түскісі келеді, ал көне сүрдек коммунист билік шет-шетін ернеулеп, ұлттық капитализмнің ағытылып, жүгенсіз кетуінен бек қатты алаңдайды және тежеп отырады. Алда-жалда капитализмның басы ноқтаға симаса, ол кәртең коммунистерді биліктен аластайтыны рас, тіпті құқықтық жаза тағып дело тұрғызуы да ғажап емес. Сол себепті, Қытайдағы басы ноқта-жүгенге симаған ұлттық капитализм, ұлттық буржуазия мен ескішіл коммунист билік арасындағы күрес жалғаса береді, тіпті ұзаққа созылуы да мүмкін.
Қолында тізгіні бар бір бөлім биліктегі реформашылдар мен жаңашылдар да түбегейлі реформа жасауға әлі дайын еместіктерін сездіріп келеді. Зәудеғалам, реформа басталып кетсе, сеңді сейілту қиын, партия тағдырына қауіп төнеді. Ал партияны сақтап қаламыз, партияның ғана мүддесін көзге ұстап реформаға ілгі танытпаймыз десе мемлекет тағдыры қауіпте қалады. Сондықтан партия мен мемлекетті тең сақтап тұру үшін жік-жік олигархтардың бақай қулық бақастықтарын әскери тәртіппен ғана қолда ұстап отыр. Егер Қытайда әскери тізгін бөліске түссе, билік пен партияның тағдыры бұлыңғыр дей беріңіз. Онда Қытайда адам нанғысыз реформалар жүргізіледі... Реформа аясында билікке ұлтшылдар да келуі бек мүмкін. Егер ұлтшыл күштер Қытай билігіне келіп жатса Қытайдағы кейбір солақай саясаттар жалғаса беруі де мүмкін. Десе де унитарист және федералист күштерді де ескеру керек.
Қытайдың соңғы бес жылдан бергі саясаты осындай қытайдың жікшіл күштерін тазалаумен әбігерленіп жатыр. Партия ішіндегі бір топ жікшілдер өзіне саяси бақталасқа айналады деген барлық күштердің баламасын зорлықпен тегістеп жатыр. Зияны орасан зор! Партия өз сенімнен айрылды, жас қытайдың партияға сену қаблеті нөлге тең. Екіншісі, адами капитал азайды, ұраншыл, даңғой жандардың бағы жанды, шынайы жандар тасада қалды.
Шыңжаң өлкесі – Қытай саяси командаларының талас-тартыстағы өңірі. Қай олигарх Шыңжаңды қолға келтірсе сол команданың нарқы жүреді. Сондықтан 1912-2017 жж арасындағы Шыңжаң өлкесінің төрағасы, партком басшысы, губернатор және оның артында тұрған саяси элита мен команда өте маңызды саналады, оны жіті қадағалап отыру керек. Партия ішіндегі саяси жікшілдердің астыртын күресін бақылап, сараптап отыру – біздің ситуацияны дер кезінде түсініп, тамырын ұстауымызға жәрдем береді. Қытай стратектерінің қолдан жалған ситуация жасап реакциямызды байқап отыруынан да сақтану керек.
Елдес ОРДА