АҚШ Қытайдың Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид деп таныды. Мемлекеттік департаменті сейсенбі күні таратқан мәлімдемесінде, Қытай үкіметі Шыңжаңда ұйғырлар мен өзге де мұсылман этникалық азшылықтарға қамау лагерлері мен мәжбүрлі ұрпақ сүйдірмеуді қамтыған кең ауқымды репрессия жүргізіп, геноцид мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деп айыптаған.
Бейжің билігінің Шыңжаңдағы әрекеттерін геноцид деп тану – Трамп үкіметінің биліктен кетер алдында Қытайға қарсы соңғы шарасы. Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған қысымдар мен Бейжіңнің адам құқықтарын ауыр дәрежеде бұзу әрекеттері көптеген елдерде талқыланып келді. Алайда, Қытай коммунистік билігін қалай айыпқа тарту туралы талас-тартыс ұзаққа созылды. The New York Times басылымы Шыңжаңдағы геноцидтің мойындалуы осы ұзақ уақыттық талас-тартыспен, наразылықтардың ең үлкен нәтижесі деп бағалады.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео аталған мәлімдемені жариялаған кезде: "Мен Шыңжаңдағы ұлттарға геноцид әлі де жалғасып жатыр деп санаймын. Біз ҚКП-ның ұйғырларды жоюға жүйелі әрекет етіп отырғанын куә болып отырмыз", – деп қостады. Сондай-ақ мәлімдемеде ҚКП мүшелері әлсіз эктникалық топтар мен діни азшылықты мәжбүрлеп ассимиляциялауға және түпкілікті жоюға қатысқаны туралы айтылды.
Сарапшылардың болжауынша, Трамп үкіметінің бұл шешімі алдағы Байден үкіметін Қытайға қарсы санкция салуға мәжбүр етеді. Байден демократия мен адам құқықтарын қолдаушы ретінде Қытайдың бұл әрекеттерін жауапсыз қалдырмау міндетін алады деп болжайды. Соған қоса, АҚШ-тың Шыңжаңдағы геноцидті мойындауы Еуропа елдеріне әсер ететінін, алдағы уақытта Шыңжаңдағы аз санды ұлттарға жасалған геноцидті танитын елдер қатары тіпті де көбейе түсуі мүмкін.