Қытайдың АҚШ, Британ бастаған Батыс елдерімен қайшылығы тек сауда-экономика, әскери, саяси және ғылым-технология салаларында ғана болып жатқан жоқ. Қазір, тараптар жойқын ақпараттық соғыс жүргізіп жатыр деуге болады. Бұдан бір ай бұрын Қытай мен Британ бір-бірінің ақпарат құралдарын лицензиясын жойған еді. Іс онымен ғана шектелген жоқ, енді екі елдің ақпарат құралдары бір-бірін мәліметтерді бұрмалаушы, жалған айып тағушы ретінде айыптап күн сайын ондаған, жүздеген материалдарды ақпарат кеңістігіне жіберіп отыр.

Әрине, біз көбінде BBC, CNN секілді әлемде мыңдаған филиалдары бар ірі ақпарат құралдарының соққыларының жойқын болатынын елестете аламыз. Бірақ, Қытай да өз мүмкіндігінің бұрынғыдан әлде қайда әлеуметті екенін көрсете алуда. Қытайдың мемлекет тарабынан қаржыландыратын CGTN арнасы «Бес көз» елдерінде лицензиясынан айырылғаннан кейін, Қытай да BBC қатарлы бірнеше шетелдік ақпарат құралдарының өз елінде хабар таратуын шектеді. Осыдан кейін Қытайдан BBC-ді айыптаған ақпараттар қарша борады.

Анығында, BBC арнасы Қытайда кең ауқымды хабар тарата алмайды. Ол тек ашық экономикалық аймақтарда немесе шетелдіктер көбірек болатын қонақүйлерде ғана қосылады. Ал, миллиардтан астам Қытай жұртшылығы BBC хабарын көре алмайды. Тіпті, әлемде мұндай ақпарат құралының бар екенін білетін қытайлықтар да аз болуы мүмкін.

Бейжің билігі ресми мәлімдемелерінде де, ақпарат құралдарында да Батыс ақпарат құралдары Шыңжаң мәселесіне тек сыңар жақты көзқарас ұстанып жатыр деп айыптауда. Британдық ақпарат құралы әлемге таратқан Шыңжаңдағы лагерлерде зорлыққа ұшыраған ұйғыр әйелдері туралы хабарды Қытай тарабы қолдан жасалған жалған ақпарат деп көрсетуде. Ұйғыр әйелдерінің зорлыққа ұшырауына қатысты BBC-ге арнайы сұхбат беркен ұйғыр әйелді «актриса» деп те атады.

Қытай дипломаттары ақпараттық соғысқа белсенділік танытуда

Қытайтанушы мамандардың айтуынша, соңғы уақыттарда қытайлық дипломаттар әлеуметтік желілерде ақпарат соғысына белсенділік таныта түскен. Оның жарқын мысалы ретінде Қытай СІМ өкілі Жау Лижяннің бір кездері коронавирустың шығу тегіне байланысты «Твиттерге» жазған постын айтуға болады. Оның «Коронавирус АҚШ-тағы лабораторияда жасалған» деген мағынадағы жазбасы әлемде жарты миллиардтан астам оқылып жинады. Бір ғана «Твиттер» желісінен 54 тілге аударылып, 40 мың рет бөлісілген. Ал, Қытай ішіндегі танымал әлеуметтік желі Weibo-да 300 миллионнан астам қолданушы оқыған.

Қытай дипломаттарының ақпараттық соғысқа белсенділігі бір ғана Жау Лижяннан байқалмайды. Былтыр Қазақстанда коронавирус пневмониясы қауырт тараған кезде Қытайдың еліміздегі елшісі «Қазақстанда жаңа вирус тарап жатыр» деген мәлімет таратқаны белгілі. Бұл сол кезде коронавирус індетінің таралуына деген Қытайдың жауапкершілігін әлсірету мақсатында айтылды деп есептелген. Соның өзінде де бұл Қытай дипломаттарының ақпараттық соғыстағы белсенділігін көрсетті.

Қытайдың «жалдамалы жазғыштар армиясы»

Қытай билігі миллиондаған «жалдамалы жазғыштарды» әлеуметтік желіде отырып қоғам пікірін өздеріне ыңғайлы бағытқа бұруға пайдаланатынын, оларға «қаламақы» да төленетінін бұған дейін де білеміз. Алайда, соңғы жылдары бұл «жалдамалы жазғыштар» шетелдерде де Қытай коммунистік билігін жақтап, Қытай беделін қорғауға жұмыс істей бастағанын көптеген шетелдік ақпарат құралдары анықтады. Оларды Батыс елдері «Пернетақта армиясы» (клавиатура армиясы) деп те атайды.

Айта кету керек, мұндай «жалдамалы жазғыштар» қазақ тілді әлеуметтік желілерде бар болуы мүмкін. Соңғы кездері кейбір көзқарақты желі қолданушылар олар туралы да айтып жүргенін көреміз.

Осының бәрі ақпарат соғысының біз ойлағаннан әлде қайда сұрапыл күйде екенін байқатады. Және оған қоғам мүшелерінің сақ қарап, сергек тұруын талап еткендей.

“The Qazaq Times”