Қытай, рейтинг бойынша, 2016 жылғы күннен алынатын электр қуатын  өндіруші елдердің көшін бастап тұр. Бұл туралы reuters.com хабарлайды.

Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Ұлттық энергетика басқармасының мәлімдеуінше,   2016 жылы жергілікті электр қуатын өндіретін  станциялар 66,2 терраватт/сағат көлемінде электроқуат (күш) өндірген. Бұл Қытайдағы алдыңғы жылдардағы көрсеткішке қарағанда әлдеқайда көп. Жалпы қуаты бір жыл көлемінде 33,5-тен 77,42 гигаватқа дейін өскен.

Күн энергетикасы дегеніміз – күн энергиясын әр түрлі амалдар арқылы пайдалану. Күн қуаты – шешуші экологиялық факторлардың бірі. Атап айтқанда жарық жерде өмір сүретіндердің барлығын дерлік фотосинтез  арқылы энергиямен және құнарлы заттармен қамтамасыз етеді. Тірі ағзалар үшін сәуле толқынының ұзындығы, оның қарқындылығы және сәулелендірудің ұзақтығы қажет.

Күн энергиясын пайдаланудың өзіндік артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Соларға тоқталайық.

Артықшылықтары:

1) Күн энергиясы бәріне бірдей қолжетімді;

2) ол сарқылмайды;

3) қоршаған ортаға қауіпсіз;

Кемшіліктері:

1) ауа райы мен тәуліктің уақытына тәуелді;

2) Күн энергиясын алу үшін қолданылатын құрылғылардың қымбаттылығы;

3) оны шағылдыратын бетті периодты түрде тазалап отыру қажет;

4) электр станциясының жанында атмосфера ысып кетеді;

5) энергияны аккумуляциялау қажет.

Соған қарамастан Күн энергетикасына деген сұраныстар жыл сайын артып келеді. Әр елдің ғалымдары осы қосымша энергия түріне ерекше мән беріп, оны дамыту жолдарын қарастырумен айналысуда. Осыған орай Күн энергиясын электр энергиясына айналдыратын құрылғыларды пайдалану деңгейі жылдан-жылға өсіп келеді.

Қазір Қытайда біртіндеп кәдуілгі отыннан біржола алып тастау үшін арнайы жобалар жасалып жатқан көрінеді. Жоба бойынша, 2030 жылға қарай баламалы энергия көздері 20 пайызды құрайтын болады.  Қазіргі уақыттға көрсеткіш – 11 пайыз. Бұл жасалынып жатқан жұмыстар бір жағынан технологиялардың одан әрі дамуына ықпал етеді. Енді бір жағынан қаражат көздері үнемделеді.

Дегенмен, Қытай күннен алынатын электр қуатын пайдалану жағынан  жан басына шаққанда алғашқы ондыққа да кірмейді екен. Бұл дегеніңіз, өндіруден көш бастап тұрғанымен, оны өздері күнделікті қолданыста пайдаланбайды деген сөз. Ол жағынан Германия көш бастап тұр (491 ватт/адам), екінші орында Италия (308 ватт/адам) және үшінші орында Бельгия (287 ватт/адам).

«The Qazaq Times»