Қытай үкіметінің қуғын-сүргініне ұшырап, Құрама Штатта саяси баспана алған танымал қытайлық құқық қорғаушы Ян Жиянли, 20 наурыз күні Женевада өткен БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 37-ші отырысында коммунистік Қытай билігін «адам құқықтарын аяқ асты етуде» деп айыптады. Бұл туралы тайуандық (Тайвань) Eposh Times хабарлады.
Ян Жиянли кезекті үкіметтік емес ұйымдардың атынан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңеске бақылаушы ретінде сөз сөйлеуге шақырылған. Хабарға қарағанда, БҰҰ отырысынан бұрын да Қытайдың ресми өкілдері оның жиналысқа қатысуына кедергі жасауға тырысқан. Ян Жиянлидің айтуынша, бұл әрекеттер оның адам құқығын қорғау күресін жалғастыра беруге итермелеген. БҰҰ отырысында сөз алған Ян Жиянлиге Қытайдың ресми өкілдері жағынан үш рет қарсылық білдіріліп, оның сөзін терістеуге тырысқан.
Аталған жиналыста сөз алған Ян Жиянли: «Төраға мырза, мен Қытай азаматы Ян Жиянли. Мұнда БҰҰ бақылаушысы ретінде сөйлемекпін. Алдымен кеңеске қатысушыларға қоятын бір сұрағым бар: Қытай коммунистік режимі бұл жерде Қытайға өкілдік ете ала ма?», – деген сұрауын ортаға салды. Осы кезде Қытайдың ресми өкілдері оның сөзін бөліп: «Төраға мырза, Қытай тарабы бұл өкілдің толымдылығына күмәнмен қарайды», – деп, Ян Жиянлидың өз пікірін білдіруіне қарсы екенін жеткізді. Алайда, кеңес төрағасы Ян Жиянлидың өкілдігін растап, оның сөз сөйлеуге құқылы екенін жеткізді.
Екі күннен кейін Ян ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Бұл коммунистік Қытай режимімен алғаш рет бетпе-бет келуім емес. 2013 жылдан бері БҰҰ Адам құқықтары кеңесінде бұл мүмкіндікті алу үшін құлшынып келдім. Міне, осы жолы БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесте 90 секунд сөз сөйлеу мүмкіндігіне ие болдым. Мұндай кеңестерде ҚКП-ның делегациясы менің сұрағыма жауап қайтармады. Олар бұл сұраққа жауап беруі керек», – деген.
Ол аталған кеңесте үш рет кедергі жасалған 90 секундтық сөзінде, 1949 жылы коммунистік Қытай режимі билік құрғаннан бері жүргізген саяси қадамдары миллиондаған адамның құқығын ауыр дәрежеде таптағанын айтып үлгерген. Айталық, «Жер реформасы», «Оңшылдыққа қарсы күрес», «Мәдениет революциясы», «4 маусым қозғалысы», «Фа Лунгоң қозғалысын жаныштау» сынды саяси қадамдардың сериялары, жақындағы коммунистік идеологияны нығайту саясаты, құқық қорғаушыларға қысым көрсету, діни құлшылық орындарын қирату қатарлы әрекеттер миллиард тұрғынның құқығын таптап, неше жүз мыңдаған адамды құрбан еткенін сынға алды.