АҚШ Орталық барлау басқармасының (бұдан былай ОББ немесе CIA) жетекшісі Майк Помпео (Mike Pompeo) BBC-дің сұхбатын қабылдағанда: «Ресейдің Батыс елдеріне деген сұғанақтығы басты назарда ұсталатыны анық, алайда одан тыс тағы бір елдің интервенциясы да ең басты назарда болады, ол – Қытай», – деген пікірін айтты. Бұл туралы BBC-дің ресми сайты жазды.
Майк Помпео сөзіне дәйек келтіре отырып, Қытайдың АҚШ-тан коммерциялық құпияларды ұрлауға жиі тырысып келе жатқанын, сондай-ақ, жергілікті мектеп және ауруханалар жүйесіне де енуге әрекеттенетінін алға тартты. Оның айтуынша, Қытай тек АҚШ-қа ғана емес, Еуропаға, соның ішінде Ұлыбританияға да бағытталған осындай әрекеттерге барған. Оның пікірінше, Қытайдың Батыс елдеріне бағыттаған интервенциясы Ресейден кем емес.
ОББ жетекшісі Ресей мен Қытайдың экономикалық жағдайларын салыстыра отырып, Қытайдың өзі қалаған жоспарларын орындау үшін Ресейден көрі қабілетті екенін жеткізген. Ол АҚШ және өзге Батыс елдерінің бұл Қытай тақырыбына баса назар аударуы керек екенін ескертеді. CIA басшысы сөзінде: «Қытайдың бүкіл әлемге тиімсіз әсерінің алдын алу үшін Құрама Штат алдын ала шаралар қабылдауы керек», – деді. Майк Помпео Қытайдың Құрама Штаттағы тыңшылық әрекеттері туралы бір сөзбен жауап беріп: «Мен бұдан қатты алаңдаймын!» деген.
Естеріңізде болса, осыдан бұрын CIA-дің бұрынғы агенті Қытайға құпия ақпараттарды берген деген айыппен тұтқындалған еді. Барлау агенттерінің бірқатары бұрынғы ОББ-ның қызметкері Ли Жынчың Қытайға маңызды ақпараттарды ашып беріп, Қытайдағы АҚШ тыңшыларының толықтай жойылуына себепші болған деп айыптайды.
Орталық барлау басқармасының анықтауынша, Бейжің билігі АҚШ-та жүйелі түрде тыңшылық әрекетін алып баруда. Тіпті кейбір қытайлық тыңшылар АҚШ үкімет қызметкерлері арасынан Қытайға қызмет көрсететін адамдарды іздеп тауып, байланыс орнатуға арнайы жіберілген. Қазір АҚШ үкіметі бұл іске баса назар аударып отыр.
Қазіргі кезде Құрама Штаттағы қоғамдық пікірлердің дені Ресейге ауып тұр. Айталық, олар Ресей АҚШ-қа кибершабуыл арқылы Америка қоғамын ыдыратуға тырысады деп қарайды. Алайда, Помпео мырза сұхбатында Қытай АҚШ-қа Ресейден де көбірек әсер етіп отырғанын айтқан. Әрі бұл Орталық барлау басқармасын да таң қалдырған нәрсе.
Қытайдың АҚШ-қа қаратқан шабуылы дәстүрлі тыңшылықтан тыс, кәсіпорындардың пайда табуы үшін зияткерлік өнімдерді, айталық жаңа ғылым-техника тапқырлықтарын да ұрлап келе жатқаны мәлім. Тіпті бейресми мәліметтерге қарағанда, АҚШ-та соңғы ғылым-техника жаңалығымен өндірілген өнім 8 сағат мөлшерінде Қытайда жасалып шығады деген де сөз бар. Оған қоса Қытай үкіметі өз еліне келген шетелдік кәсіп орындарының жұмыстарына астыртын бақылау жүргізу арқылы, олардың да құқықтарын бұзуы мүмкін делінеді.
Помпео Қытай үкіметі әлемге ықпал ететін шпиондық жүйені іске қосты және олардың өнімділігін арттыру үшін арнайы жаттығудан өткен «супер ақылды» адамдарды істетіп отыр деп қарайды. АҚШ барлау өкілдері Қытай тыңшыларының интернеттегі тыңшылық қабілетіне назар аударады. Қытай мен Ресейдің шпиондық әрекеттерін салыстыру тым қиын. Екі елде де бұл операциялар тым жоғары деңгейде жүргізіледі. CIA Ресей мен Қытайдың желідегі шпиондық соғысқа қолданатын технологиялары әлемдік деңгейде екенін тұрақтандырады.