Қазақстанда 2015-2017 жылдар аралығында 8 мыңға жуық қылмыс анықталған. Шамамен 3 мың адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп мәлімдеді жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюро жетекшісі Талғат Татубаев.
Оның сөзінше, жемқорлардан 60 млрд теңгеден аса шығын келген. Ал оның жартысы, яғни 30 млрд теңгесі мемлекетке қайтарылды.
"Бұл қаражатты 19 мектеп, 100 балабақша немесе 18 аурухана салуға кететін шығынмен салыстыруға болады. Сотқа 6 мыңнан аса қылмыстық іс жолданды. Әр жағдай адам өмірімен байланысты болғандықтан әрбір қылмыстық іске тергеу мұқият жүргізіліп жатыр", - деді Татубаев Астанада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда.
Оның сөзінше, соңғы жылдары ақпараттық жүйелер арқылы қылмыстарды анықтау айтарлықтай көбейген. Осы арқылы 20-дан аса адамның қылмысы анықталған. Бұдан бөлек Татубаев шетелдік әріптестермен ынтымақтасу арқылы өздерінің мүмкіндіктері артқанын айтады.
"Бұрынғы Премьер-Министр Серік Ахметовтың ісі бойынша Біріккен Араб әмірлігінде 360 миллион теңге қаражат тәркіленді. Осы елдің құзыретті органдарымен бірлесіп, қаражатты республикалық бюджетке қайтаруға мүмкіндік болды", - деп мысал келтірді ол конференция кезінде.
Айта кетейік, дәл осы жемқорлық фактілері көп болғаны үшін де бәсекеге қабілетті елдер қатарында Қазақстанның рейтингі төмендеген еді.