Қазақстан Дүние жүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі туралы рейтингінде 57-ші орынға ие болып,төрт сатыға төмен түсті. Тізімде 137 елдің аты көрсетілген. Бұл туралы ұйымның баяндамасында айтылды.
Қазақстанның түрлі көрсеткіштер бойынша орташа балы 4,35 (2016 жылы 4,41 балмен 53 орында болған) болды. Қазақстанмен қатарлас тұрған елдер Филиппин (56-орын) мен Руанда елі (58-орында). Әзербайжан рейтинг бойынша 35-ші орында, Ал Ресейдің көрсеткіші үш сатыға төмендеп, 38-ші орында тұр.
Бірінші орында Швейцария. Алдыңғы бестікке АҚШ, Сингапур, Нидерланды, Германия кірген.
Рейтинг құрастырушылардың сөзінше, Қазақстанда бизнесті жүргізудегі негізгі проблемалар қаржыландыру, сыбайлас жемқорлық, жұмысшы күшінің болмауы, инфляция, салықтық нормалар, тиімсіз мемлекеттік бюрократия салдарынан туындайды екен.
Айта кетейік, Қазақстанның аталған рейтингтегі нәтижесі 2015-2016 жылдары жақсы болған. Ол кезде Қазақстан 140 елдің ішінде 42 орында болған.