Әр минут, әр сағат, әр күн сайын елімізде, әлемде халықты елең еткізер маңызды жаңалықтар болады. Ал оның бірі көзге ілінсе, енді бірі назардан тыс қалып жатады. Ендеше The Qazaq Times оқырмандары үшін 25-30 қыркүйек аралығында болған ең маңызды экономика жаңалықтарына шолу жасайды.
Қазақстанда коммуналдық қызмет ақысы қымбаттайтын болды
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин 2018 жылдан бастап коммуналдық қызмет тарифтері жоспарлы түрде қымбаттайтынын мәлімдеді.
"Жаңа жылдан бастап біз ұзақ мерзімді жоспар бойынша тарифтерді көтере бастаймыз. Бірақ көп емес, бағаны көтеру 10 пайыздан аспайды", - деді ол энергетиканы бақылау және инвестиция жөніндегі конференцияда. Айта кетейік, қыркүйек айының басында Президент Нұрсұлтан Назарбаев инвесторларды тарту мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашығына қатысты заңды жетілдіру керектігі туралы үкіметке тапсырма беріп: "Біз жылу мен су тарифтерін көтермесек, инвесторлар келмейді. Өйткені әрбір келген инвестор "Мен станция салайын, бірақ электр энергиясын қаншаға сата аламын?" деп сұрайды. Одан қорқудың (тарифтерді қымбаттату - ред.) қажеті жоқ", - деген еді.
Қазақстан бидай экспортын азайтты
2017 жылдың қаңтар-шілде айында Қазақстан 353,2 млн долларға 2,2 млн тонна бидай экспорттаған. Бұл көрсеткіш 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тонна бойынша 13,1%-ға, ақшалай түрде 12,9%-ға төмендеген. Бидай мен меслиндердің ең көп мөлшері Өзбекстанға (102,4 млн долларға 870,7 мың тонна), Тәжікстанға (86 млн долларға 529,8 мың тонна) жеткізілген. Ал Қытайға 37,6 млн долларға 207,3 мың тонна, Ауғанстанға 23,6 млн долларға 145,6 мың тонна, Қырғызстанға 22,2 млн теңгеге 126,1 мың тонна өнім сатылған.
Шымкент әкімдігі ЖЭС қарызын жабу үшін мемлекеттік акцияларын сатты
Шымкент әкімдігі "3-Энергоорталық" АҚ-ға мемлекеттік акцияларының 18 пайызын сатты. Шымкент әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, қала әкімдігі қарыз көп болғандықтан осындай қадамға барған. Өйткені халыққа жылу жеткізетін және жылу төлемін жинаумен айналысатын "Қуат жылу орталық-33" атты коммуналдық кәсіпорны Жылу электр станциясы-3-ке 1,5 млрд теңге қарыз болған.
"Мәселе мемлекеттік акцияларды сату бойынша шешілді. Акциялардың 18%-ы "З-Энергоорталық" АҚ бақылау пакетіне ие инвесторға 1,8 млрд теңгеге сатылды (инвестор үлесі - 76%). Бұдан бұрын ЖЭС акцияларындағы мемлекеттік меншік 24%-ды құраған", - деді Бейсенбек Жанбосынов.
Данияр Ақышев шетел валютасын сатып алғандар ұтылатынын айтты
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында валюта бағамының бірден құбылып кетуіне еш негіз жоқ екенін айтып, шетел валютасын сатып алып жатқандар ұтылып қалатсһынын айтты.
"Біз елдігі, сауда серіктестеріндегі жағдай қалыпты екенін байқап отырмыз. Тіпті айырбастау бағамдары да тұрақты. Сондықтан алаңдаудың еш қажеті жоқ. Мен осы нарықта пайда табуға тырысып жатқан азаматтар мен кәсіпкелер үшін тағы қайталап айтқым келеді: біз бұған дейін де валюта курсы өзгерген кезде бірден айырбастау пунктеріне барып, ортада пайда тауып қалуға тырысудың еш мәні жоқ екенін бірнеше мәрте мәлімдегенбіз. Тіпті ұтылып қалуыңыз да мүмкін. Себебі айырбас бағамы, макроэкономикалық жағдай жақсы. Тіпті ол нығаюы (теңге - ред.) мүмкін. Сондықтан валюта сатып алған кейбір адамдар ұтылып қалады", - деді Ақышев.
Депутат Азат Перуашев: Қоғам офшордан қанша жаржы қайтарылғаны туралы білу керек
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев қоғам қаражатты заңдастыру кезінде қанша қаржы офшордан қайтарылғанын және оның қанша сомасы жиналғанын білуі керек деп есептейді. Ол осыған қатысты мәліметтерді жариялауды талап етті.
Осылайша "Ақ жол" фракциясының көшбасшысы ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев пен ҚР Бас Прокуроры Жақып Асановқа осындай депутаттық сауал жолдады.
"Қоғам заңдастыруға қатысты нақты ақпаратты білуі тиіс деп есептейміз. Осыған байланысты бізге офшорлы аймақтан Қазақстан экономикасына қанша ақша қайтарылғаны туралы және құқық қорғау органдарының әрекеті нәтижесінде жиналған қаражат жөнінде ақпарат берулеріңізді сұраймыз. Бұдан бөлек, Қазақстаннан қаражат алып шығуға қанша рет әрекет жасалған?", - деді депутат.
Қазақстан бәсекеге қабілетті елдер рейтингінде төмендеп кетті
Қазақстан Дүние жүзілік экономикалық форумның (ДЭФ) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі туралы рейтингінде 57-ші орынға ие болып,төрт сатыға төмен түсті. Тізімде 137 елдің аты көрсетілген. Бұл туралы ұйымның баяндамасында айтылды. Қазақстанның түрлі көрсеткіштер бойынша орташа балы 4,35 (2016 жылы 4,41 балмен 53 орында болған) болды. Қазақстанмен қатарлас тұрған елдер Филиппин (56-орын) мен Руанда елі (58-орында). Әзербайжан рейтинг бойынша 35-ші орында, Ал Ресейдің көрсеткіші үш сатыға төмендеп, 38-ші орында тұр.
Қырғызстан Қазақстан көмірін сатыпп алғысы келмейді
Биыл Қырғызстан билігі Қазақстан көмірінен соңғы 450 мың тоннаны сатып алып, келесі жылдан бастап импортты толық тоқтатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы аталған елдің ұлттық энергетика холдингінің басшысы Айбек Қалиев үкімет отырысында мәлімдеді.
Қырғызстан Қазақстан көмірін сатып алғысы келмейді
Қырғызстан министрлер кабинетінің басшысы Сапар Искаков жиналыс кезінде "Мемлекет неліктен Қазақстаннан әлі де көмір сатып алып отырғанын және Бішкек жылу электр станциясы жергілікті көмірді қашан пайдалана бастайтынын" сұраған. Бұған Ұлттық энергетика холдингінің басшысы жыл сайын қазақстандық көмірді сатып алу қысқарып келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, биыл импортталған көмір көлемі екі есеге, 400 мың тоннаға дейін азайған (былтырғы көрсеткіш 700 мың тонна болған).