ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Үкімет отырысында валюта бағамының бірден құбылып кетуіне еш негіз жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты.
"Біз елдігі, сауда серіктестеріндегі жағдай қалыпты екенін байқап отырмыз. Тіпті айырбастау бағамдары да тұрақты. Сондықтан алаңдаудың еш қажеті жоқ. Мен осы нарықта пайда табуға тырысып жатқан азаматтар мен кәсіпкелер үшін тағы қайталап айтқым келеді: біз бұған дейін де валюта курсы өзгерген кезде бірден айырбастау пунктеріне барып, ортада пайда тауып қалуға тырысудың еш мәні жоқ екенін бірнеше мәрте мәлімдегенбіз. Тіпті ұтылып қалуыңыз да мүмкін. Себебі айырбас бағамы, макроэкономикалық жағдай жақсы. Тіпті ол нығаюы (теңге - ред.) мүмкін. Сондықтан валюта сатып алған кейбір адамдар ұтылып қалады", - деді Ақышев.
Оның сөзінше, сыртқы жағдайлар да теңгенің нығаюына оң әсер етіп жатыр. Сондай-ақ ол ұлттық валюта бағамының құны инфляция көрсеткішіне де ықпал ететінін мәлімдеді. Себебі қаржы реттеушінің сөзіне сенсек, осы жылдың 8 айындағы жағдай қалыпты екен.
"Баға 8 айда 3,9 пайызға өсті. Бұл өткен жылға қарағанда төмен. Ол кезде баға өсімі 5,4 пайыз болған еді. Біз соңғы айлардағы мәліметті көріп отырмыз, қыркүйек айындағы көрсеткіш әзірге жоқ. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да құны төмендей бастаған", - деді ол.