Шымкент әкімдігі "3-Энергоорталық" АҚ-ға мемлекеттік акцияларының 18 пайызын сатты.
Шымкент әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновтың айтуынша, қала әкімдігі қарыз көп болғандықтан осындай қадамға барған. Өйткені халыққа жылу жеткізетін және жылу төлемін жинаумен айналысатын "Қуат жылу орталық-33" атты коммуналдық кәсіпорны Жылу электр станциясы-3-ке 1,5 млрд теңге қарыз болған.
"Мәселе мемлекеттік акцияларды сату бойынша шешілді. Акциялардың 18%-ы "З-Энергоорталық" АҚ бақылау пакетіне ие инвесторға 1,8 млрд теңгеге сатылды (инвестор үлесі - 76%). Бұдан бұрын ЖЭС акцияларындағы мемлекеттік меншік 24%-ды құраған", - деді Бейсенбек Жанбосынов.
Оның сөзінше, қарыз сомасы тек биылғы жылы ғана өсіп отырған жоқ. Өткен жылғы жылу маусымы кезінде ЖЭС-3 алдындағы қарыз 987 млн теңге болған.
"Жылу энергиясы өндіріліп жатыр, алайда апат салдарынан тұтынушыны қажетті жылумен қамтамасыз ету мүмкін болмайды. Бұл қарыздың көбеюіне себеп. Қыркүйектің 25-інде таңертең төлем жасалды, енді кешке қаржы "ҚазТрансГаз" АҚ есепшотына түседі деп сенеміз. 1 қазаннан бастап біз ЖЭС-ті ашуды жоспарлап отырмыз", - деді әкім орынбасары.
ЖЭС-3 Шымкенттегі ең ірі жылу жеткізуші станция. Осы жылдың 1 сәуірінде "ҚазТрансГаз-Аймақ" АҚ алдындағы қарызын өтей алмағандықтан кәсіпорындағы газ өшірілген болатын.
"Қарыз мәселесі жылумен қамтамасыз ететін және оны өндіретін кәсіпорындар арасындағы, яғни ЖЭС-3 пен біздің жылу желілердің арасындағы тарифтер реттелмегендіктен туындаған болатын. Енді тарифтер реттелді, шығын болмайды. Келесі маусымда мұндай жағдай болмайды. Халық үшін тарифтер сол күйінде қалады", - деген еді қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсынов.