Есенберлин туралы Дүкенбай Досжанның естелігі

Жазушылар одағының фойесінде «Алмас қылышты» жазып беріп отырып айтқан сөзі. Айтпақшы, ол кісі ешқашан кісіге кітап сыйламайтын, біздер кітапты өзіміз сатып алып, қол қойдырып қана алатынбыз.

– Ілеке, осы кітапта төрелердің, хандардың әйелдері кілең көңілшек, ыңғай берген кісіге келісе салады. Шындығында, солай болған ба, тарихи фактіге сүйеніп жаздыңыз ба?

– Ой, шырағым-ай, шығарманың негізгі сүйегі ғана тарихқа табан тіреген. Өңгесі өзімнің қиялым емес пе. Әлгі әйел, қыздарды қызықмас етіп сурттеуімнің мәнісі – оқырман қауымды қызықтыру үшін әдейі сөйттім. Әйтпесе, Ханзадалар, бекзадалар әйеліне қарауыл болмай итімді бітіріп жүр дейсің бе?

Шынтуайтына үңілсек, Есенберлин – нағыз трагедиялық фигура. Жастай жетімдік. Жерге қарап жүру. Алғашқы өлеңдер жинағының быт-шыт болып сыналуы. Соғыс отына түсіп жарақат алуы. Халық жауының қызына үйлендің деп жазушылар арасында мүйіздеу. «Филармонияның ақшасын жеп қойдың» деп төрт жылға соттап жіберу. «Жазушы» баспасының директоры бола салып, үстелге шегеленіп отырып, түн ішінде ұйықтамай, қонаққа бармай, өзін-өзі пендешілік көп қызықтан тежеп роман жазуы... Осының бәрі көзі тірісінде бағаланбай, өлгенде барып жұртты елең еткізгені, «е» дегізгені – жылай отырып айтар тарих. Осы тағдырдың шет жағасын «Жас алаш» газетінде басылған «Есенберлиннің көз жасы» деп аталған тарауда біраз тәптіштеген едім. Жалпы, жазушылардың қалам сілтесі, сөз саптасы, дүниені көруі, сезінуі әрқалай болғанымен, тағдыр жазуы көбіне ұқсас болып келеді. Сол ұқсастықты осы жүрген біраз қаламгер ағайыннан түстеп таныр едім.

Қали Сәрсенбайдың «Шал мен шындық» кітабынан

(Автордың жазушымен болған «Уақыт ұзақ жол. Біз соның бір үзігіміз» атты сұхбатынан үзінді)

"The Qazaq Times"