Қала әкімінің баспасөз қызметі Алматы мәслихатына Nur Otan партиясынан сайланған депутаттардың тізімі бекітілгенін хабарлады. Нәтижесінде 37 орынның 29-ы (былтыр 35 мандат алған – QT) билік партиясына бұйырған.
29 депутаттың тізімі Аумақтық сайлау комиссиясына жіберілген. Оның 19-ы алдыңғы шақырылымда болмаған, 10-ы қайта депутат атанған.
Nur Otan партиясы Алматы мәслихатына ұсынған кандидаттардың арасында белгілі шахматшы-гроссмейстер Жансая Әбділмәлік, оқу орындарының басшыларынан Арман Жүдебаев, Гүлжан Бекенова мен Райхан Бөлекбаева, Forbes журналының Қазақстан, Өзбекстан және Грузиядағы франшизасының иесі Арманжан Байтасов, сайлау күнгі митингте азаматтық белсенділерге күш көрсеткен танымал Олимпиада чемпионы, Бокстан олимпиадаға даярлау орталығының директоры Ермахан Ибраимов пен сол күні билікті жақтап алаңға келген «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, шеру-митингтерде үнемі контр-сипкер болып жүретін, Нұр Отанның қалалық филалы басшысының орынбасары Станислав Канкуров, билікшіл кәсіпкер Қайрат Құдайберген т.б. бизнес өкілдері, дәрігерлер бар.
Партияның қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жаңа фракцияның алдында «Алматы-2050» стратегиясы негізінде әзірленген сайлауалды бағдарлама мен сайлаушылардың аманаттарының орындалуын жүйелі түрде қадағалау міндеті тұр. Ұсынылған тізімде әйелдердің үлесі 31%, жастардың үлесі – 24% екен. Депутаттардың орташа жасы – 43 жас көрінеді.
10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихаттар сайлауында арнайы жасақ алаңға наразылық білдіруге келген Демпартия бастамашыл тобы мен Oyan, Qazaqstan азаматтық қозғалысын он сағатқа дейін қоршауда ұстаған. Бұл халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйымдар мен ЕҚЫҰ тарапынан өткір сынға ұшырады. Сайлау күнгі аязда сағаттап тұруға мәжбүр болған азаматтық қоғам белсенділеріне қарсы әртүрлі арандату әрекеттері орын алды. Ермахан Ибраимов белсендінің біріне жұлқып, қолындағы плакатын жыртып тастаған. Сонымен қоса, белсенділердің сөзін терістеп, билік саясатын үгіттеп баққандар қатарында жүзі таныс, бірақ аты-жөнін айтқысы келмейтін «әдеттегі айтқыштар» мен Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Тахир Балықбаев, Тұран университетінің басшысы Рахман Алшанов, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай т.б. болды. Одан өзге елге танымал ақын-жазушылар Есенғали Раушанов, Маралтай Райымбек, Бақыт Беделханов та төбе көрсетті, дегенмен ешқандай пікір білдірген жоқ.
Сайлауды жіті бақылаған «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымы сәрсенбі ресми нұсқадан айырмашылығы едәуір көп балама есебін жариялады. ОСК Алматы қаласы республика бойынша ең аз көрсеткішпен сайлаушылардың небәрі 30,3%-ы сайлауға қатысты десе, ұйым бұл көрсеткіш 15,3% болды дейді. Сондай-ақ, ОСК / «Тәуелсіз бақылаушылар» ұйымының дерегін салыстырсақ, сайлауға барған алматылықтардың 55,54 / 45,8%-ы Nur Otan, 15,21 / 20,8%-ы «Ақ жол», 13,49 / 10%-ы ҚХП, 9,9 / 9,5%-ы Ауыл, 5,86 / 13,9%-ы Adal партияларына дауыс берген.