Әр минут, әр сағат, әр күн сайын елімізде, әлемде халықты елең еткізер маңызды жаңалықтар болады. Ал оның бірі көзге ілінсе, енді бірі назардан тыс қалып жатады. Ендеше The Qazaq Times оқырмандары үшін 4-9 қыркүйек аралығында болған ең маңызды экономика жаңалықтарына шолу жасайды.
Осы аптада Қазақстанда бензин мен дизель отынының бағасы тамыз айынан бастап біртіндеп қымбаттағаны туралы мәлім болды. Мысалы Алматы қаласында АИ-92 маркасының литрі - 145-147 теңге (тамыз айында 143 теңге болған), дизель отынының литрі - 145-147 теңге (1 теңгеге қымбаттаған), АИ-95 маркасы —158-159 теңге аралығында сатылып жатыр.
Қонақжай елдердің тізімі: Қазақстан қай орында?
Passport Index порталы әлемдегі қонақжай елдердің тізімін жариялады. Рейтинг нәтижесі бойынша, Қазақстан 74 орында. Ал ең қонақжай елдердің алғашқы ондығын Комор аралдары одағы, Кот-д'Ивуар, Гвинея-Бисау, Мадагаскар, Мальдив, Мавритания, Микронезия Федеративті Штаты, Мозамбик, Самоа бастап тұр. Одан кейінгі орындарға Сейшел, Шығыс Тимор, Тоголез Республикасы, Тувалу және Уганда жайғасқан.
Кеңес кезіндегі елдердің ішінде Армения 29 орында болса, Украина - 49, Грузия – 51, Қырғызстан 60 орынды иеленіп, Қазақстаннан бұрын тұр. Ресей - 83, Өзбекстан – 96, Әзербайжан – 97 орында.
Қазақстанда жеке криптовалюта қашан пайда болады?
ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті криптавалютаны іске қосудың базисі қалай дайындалып жатқаны туралы айтты. Комитеттің мәліметінше, криптовалютаға өту елдің салық жүйесін оңтайландыруға қатысты шаралар қабылданғаннан кейін жүзеге асады. Сондай-ақ, комиттеттің ақпаратынша, ең алдымен қосымша құн салығын әкімшілендіру аясында блокчейн технологиясын енгізу аяқталу керек. Ал бұл жүйе ҚҚС-ны қайтаруды автоматтандырады және жемқорлық пен алаяқтық істердің алдын алады.
Энергетика министрлігі бензиннің не үшін қымбаттағанын түсіндірді
ҚР Энергетика министрлігі бензин бағасының неліктен қымбаттағанын түсіндірді. Ведомствоның сөзінше, бағаның қымбаттауы Ресей жанармайының импортталуымен байланысты. "Қазір Ресей бензинінің үлесі көбейді, баға біраз қымбаттайды. Қазір бағаның құбылу маусымы, себебі зауыт жұмыстары тоқтаған соң сұраныс артады. Біз қазан айының соңына дейін баланс реттеледі деп ойлаймыз. Баға нарық жағдайына байланысты болады", - деген еді министрлік өкілі Қуаныш Құдайбергенов.
Айта кетейік, Үкімет теңге құбылса, бензин қымбаттаса, экономика әлсіресе Ресей нарығымен байланыстыруды әдетке айналдырған. Мүмкін шынымен де солай шығар. Алайда "зауыттар жөндеу жұмыстары үшін жабылатын болса, өндіріс неге артық орындалмаған?" деген сұрақ туындайды. Оның үстіне бензин бағасы қымбаттап, оның қайта түсуі осы уақытқа дейін бола қойған жоқ.
Ресей Қазақстан қантынан бас тартқысы келеді
Ресейдің ауыл шаруашылық министрлігі Қазақстан мен Беларусь қантының импортын шектеуді ұсынды. Министрлік мұндай ұсынысты отандық өндіріске қолдау білдіру үшін жасап отыр. Федерацияның ауыл шарушылық министрі Александр Ткачевтің сөзінше, аталған екі ел қантты баж салығынсыз импорттап отыр және бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы нарық жағдайын қиындатады әрі ресейлік өндірушілер үшін тиімсіз екен.
Ошақбаев: Қазақстан теңге курсын еркін айналымға жібермеу керек
Теңге курсын еркін айналымға жіберу саясаты Қазақстанға тиімсіз. Сондықтан Ұлттық банк курсты белгілеу жүйесін қарастыру керек. "Талап" қолданбалы зерттеу орталығы" қоғамдық қорының директоры Рақым Ошақбаев осылай мәлімдедіЭкономистің түсіндіруінше, орталық елдегі инфляцияның өсуіне әсер етіп отырған негізгі факторларға зерттеу жүргізген. Нәтиже бойынша, Үкімет пен Ұлттық банктің бағаның көтерілуіне қарсы шаралары тек 50%-ға тиімді болып отыр.
"Қазақстандағы инфляцияның жоғарылауының басты факторы - теңгенің құбылуы. Біздің ойымызша, бұл факторды реттеу қолға алынбаса, инфляцияны тұрақтандыру билікке қиын болады. Ал басқалары - сатыушлармен, спекулянттармен күресу және қорларды тұрақтандыру еш тиімді болмайды. Сондықтан біздің орталық теңге курсын белгілеу жүйесіне қайта оралу керек деп есептейді", - деді ол.