Алматы қаласындағы ірі жанармай бекеттерінде бензин мен дизель отынының бағасы қымбаттады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Мысалы «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай бекетінде АИ-92 маркалы бензиннің литрі тамыз айынан бері 3 теңгеге қымбаттап, 144 теңгеге жеткен. АИ-95 маркалы жанармай құны да 3 теңгеге қымбаттап 158 теңге болған. Ал дизель отынының бағасы тамыз айының басынан бері 4 теңгеге қымбаттап, 144 теңгені құраған.
Royal Petrol жанармай бекеттеріндегі баға мынадай: АИ-92 маркасының литрі - 145 теңге (тамыз айында 143 теңге болған), дизель отынының литрі - 145 теңге (1 теңгеге қымбаттаған), АИ-95 маркасы — 159 теңге.
Sinоoil-да АИ-92 2 теңгеге қымбаттап, 145 теңгеге жетті. Ал дизель отыны мен АИ-95 маркалы бензиннің бағасы 1 теңгеге қымбаттап, сәйкесінше, 144 және 159 теңгені құрады.
Helios жанармай құю бекеттерінде АИ-92 - 145 теңгеден, дизель отыны - 146 теңгеден, АИ-95 — 159 теңгеден сатылып жатыр.
Ең жоғарғы баға «Газпромнефть — Қазақстан» жанармай құю бекеттерінде белгіленген. Мұнда АИ-92 бағасы 147 теңге (2 теңгеге қымбаттаған). Дизель отынының бағасы 147 теңге, АИ-95 маркалы бензиннің литрі — 168 теңге.
Айта кетейік, осы жылдың бірінші жарты жылдығында Қазақстандағы мұнайды қайта өңдеуші зауыттар 7,4 млн тонна мұнай өңдеген. Бұл 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,4%-ға артық. Павлодар мұнай-химия зауыты мұнайды 13,1%-ға артық өңдеген (2648,7 тонна). Ал Шымкент МӨЗ-і керісінше, өңдеу жұмысын 19,8%-ға азайтқан (1 895,5 мың тонна). Атырау мұнай өңдеу зауытынікі 19,6%-ға артық (2 508,3 мың тонна).
Қазақстан мұнайға бай елдердің қатарына болғанмен, ішкі нарықтағы шикізат өнімдерінің сұранысын әлі қанағаттандыра алмай келеді. Әлі күнге ресейлік бензин мен жағармайға тәуелді болып отырмыз. Осы уақытқа дейін сыртқы нарыққа тәуелді болмаудың қандайда бір стратегиялық жоспары жасалған күннің өзінде, оны жүзеге асыра алмай келеміз.